13 Қаңтар, 2010

ІЛЕСПЕ АУДАРМА ІЛГЕРІЛЕР КЕЗ КЕЛДІ

3445 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қазақ тілінің мемлекеттік мәр­тебесіне сай қол­данылуын діттеп, әркім өз түсінігіне, па­йымына, тіпті қалауына қарай ой айтып жүр­ген тіл жанашырларын Мем­ле­кеттік хатшы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевтың жер­гілікті атқарушы органдар басшылары мен Қа­зақстан халқы Ас­самблеясының өкілдері қатыс­қан кеңесте сөйлеген сөзі елең еткізді. Сол күні барлық теле­ар­налардың жаңалықтар бағ­­дар­ламалары жарыса берген жи­на­лыстың мұраты биік, ол – Қа­зақ­стандағы бейбітшілік пен келісімді сақтау. Осы биік мұрат аясында туған тіліміздің қолданылу аясын бірте-бірте кеңейтуді көздеу. Бұған аталған жиында жария етілген “Бүгінде мемлекеттік тілде мектеп оқушы­ла­рының 61 пайызы білім алып жатқаны, 25 мың­нан астам ұлты қазақ емес оқушы қазақ мек­тептеріне барып жүрсе, 20 мың бала қазақ балабақ­ша­ла­рына баратыны...” туралы мәлімет мысал бола алады. Бұлар мем­лекеттік тіл аясының кеңею про­цесінің айқын көрсеткіші ретінде атап көрсетілді. Әрине, “Тіл туралы” Заң қабылдан­ғаннан бергі жиырма жыл үшін бұл сонша­лық­ты мақтан етерліктей көрсеткіш бол­мағанымен, көңілде “Қазақ­стан­ның ... мемлекеттік тілді да­мытуға бағытталған дәйекті ой­ластырылған саясаты” арқасында қазақ тілін насихаттау, үйрету бағытындағы жұмыс осы қар­қынмен жүргізіле беретін болса, болашақта бұл көрсеткіштер ұлғая түседі деген үміт ұялайды. Ол үшін билік те, атқарушы органдар да, жалпы жұртшылық та бұл көрсеткіштерді ұлғайтудың бар амалын қолдануы керек. Орайы келгенде, мемлекеттік тіл аясын кеңейте түсу үшін тағы бір тиімді амалға осы уақытқа дейін жеткі­лік­ті дәрежеде көңіл бөлін­бей келе жат­­қанына назар аудар­ғы­мыз ке­леді. Ол туралы Ел­ба­сымыздың осы­дан он жыл бұрын Халық­ара­лық Қазақ тілі қоғамы өзіне “Ана тілінің айбары” алтын белгісін тапсыру рәсімі кезінде: “...ана тілі­міз­дің қолданылу ау­қымын кеңейту амалдарының бірі – бүкіл респуб­лика көлемінде үл­кен мәжілістерді ілеспе аудар­ма­мен қамтамасыз ете отырып, қа­зақ тілінде жүр­гізуге көшу” деп айтқан болатын. Көп ке­шік­пей біз осы газетке жария­лан­ған “Ілеспе аударма. Іл­г­ері­ле­ме­уі­нің себебі неде?” (“Егемен Қа­зақ­стан” 22.05.2002 ж.) деген ма­қала жаз­ған­быз. Одан бері де аз уақыт өткен жоқ. Бірақ әлі де бұл са­ла­ның дамуын ілгеріледі деу қиын. Міне, енді бұл мәселе Мем­ле­кеттік хатшы тарапынан көтеріліп отыр. Қандай да бір бағдарламалық құжаттан әркім өз саласына, өз кәсібіне қатысты жағын із­дейтіні рас. Біз де Мемлекеттік хатшы ор­та­лық органдарға қадай тапсырған тап­сыр­ма­лар­дан өзіміз тікелей атқаратын және қазақ тілінің қол­данылу аясын кеңейтеді, оның “мем­ле­кет­тік” мәртебесіне лайық қолда­нылуына кө­мек­теседі деп тал­май насихаттап жүрген ілеспе аудармаға қатысты: “Орталық және жергілікті ат­қа­ру­шы ор­ган­дар­дың басшылары ке­ңестер мен жиналыстар өт­кі­зілетін орындарда ілеспе аударма құ­рал­да­ры­ның болуын қамтама­сыз етсін. “Мәдениет және ақпарат ми­нис­трлігі мә­дени-көпшілік іс-ша­ра­ларды даярлауда және өткіз­генде тиісті ілеспе аударманың бо­лу­ын қамтамасыз етсін” деген жол­­д­арды оқып, ма­ман ретінде өз пікірімізді білдірмекпіз (“Егемен Қазақстан” №345-347, 23.10.2009 ж.). Бұл – әрине, құптарлық, қа­зақ үшін қуа­нар­лық тапсырма. Өйт­­кені, ілеспе аударма бар болса, қа­зақ тілді шешен кез келген жи­ын­да ана тілінде ой толғап, сөз сөйлей алады. Кәсіби ілеспе ау­дар­машы ретінде Пар­ламент ұйым­­дас­ты­ру­шысы болған ірі ха­лықаралық жиындарда: Еуро­па­дағы Қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының 17-сес­сия­сында, Әлем­дік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съез­дерінде, НАТО парламентаралық ассам­блея­сында, тағы басқа көп­теген форум, конференцияларда “ха­лық­ара­лық” деп мойындалған тіл­дер­мен бірге қазақ тілінің де ес­тілуіне ілеспе аударма жасалу а­р­қа­сында қол жеткізілгенін атап көрсет­пек­ші­міз. Ал бүгінгі айтайын дегеніміз, мәселенің басқа жағы. Тапсыр­ма­да кеңестер мен жи­на­лыстар өт­кізі­летін орындарда ілеспе ау­дар­ма құ­ралдарының, ілеспе ау­дар­ма­ның болуын қам­та­масыз етуге назар аударылған. Яғни, бұл жер­де ілеспе аударма жасаудың техни­калық жа­ғы ғана сөз болып отыр. Ал ілеспе аудар­маны жүзеге асыратын негізгі тұлға – ілеспе ау­дармашыларды дайындау мә­селесі туралы ештеңе айтыл­май­ды. Сірә, елімізде ондай маман­дық иелерінің тапшылығы еске­ріл­месе керек. Немесе ілеспе ау­дар­­­машылық міндетті әр мем­ле­кет­тік мекеменің іс қағаздарын орыс­шадан қазақшаға аударып отырған мамандар жүзеге асырады деп болжануы мүмкін. Осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан маман ретінде бір тілден екінші тілге аударма жасай алатын кез келген адам­ның ілеспе аудармашы бола алмайтынын еске салғымыз ке­ле­ді. Себебі, ілеспе аударма – ау­дар­­ма атаулының ішіндегі ең күр­делісі. Оны игеру үшін адамның бойында өзін басқалардан кәсіби тұрғыда ерекшелендіретін реак­ция­­сы­ның жылдамдығы, тез сөйлеуі, дыбыстарды анық айтуы, тілінің мүкісі болмауы, пси­хо­ло­гия­лық және физиологиялық тұр­ғы­дан тө­зімділігі, ой-өрісінің кең болуы, екі тілде таза сөй­леуі, сөз­дік қорының мол болуы, дик­ция­сының жақсы болуы, ауда­ратын тілдің кез кел­ген құрылымдағы сөй­лемдерін жеңіл қа­был­да­уы сияқ­ты қасиеттер болуы керек. Оған қоса ілес­пе аудармада ай­тыл­ған сөзді өзінше па­йымдау тұрғысынан бөлекше жауапкер­ші­лік жүк­телетіндіктен, аудармашы­дан лингвистика мен аударма тео­риясы саласында жеткілікті білімдарлықпен қатар, мәдениет­танушы­лық, стилистік дарын да талап етіледі. Бірақ бір өкініштісі, бізде іл­ес­пе аудармашы мамандығы еш жерде оқытылмайды. “Мем­ле­кет­тік тілді жеделдетіп оқытудың рес­пуб­­ли­ка­лық орталығы ашылды. Бүкіл ел бойынша қазақ тілін үй­ре­тетін 64 орталық жұмыс іс­тей­­ді” делінген Мемлекеттік ха­т­шы баян­да­ма­сында. Елбасының он жыл бұрын айтылған тапсыр­ма­сы­нан кейін солардың тек еке­уін­­де ғана – Қарағанды облыс­тық тіл­дерді оқыту орта­лы­ғында және Пав­лодар облыстық тілдерді да­мыту басқар­масында арнайы құ­рал­­дар орна­ты­лып, ілеспе аударма жасауды үйрету курс­тары өткі­зіл­ді. Бұл ретте ілеспе аударма жа­сау­дың теория жүзінде емес, іс жүзінде үйренетін мамандық еке­ніне назар аударуымыз қажет. Ең бастысы, ілеспе аударма жасауды үйрететін адам өзі ілеспе аудар­машы болуы керек. Қарағандыда, Павлодарда дәріс оқыған кезімізде осы маман­дық­ты игеруге ұмтыл­ған талапкерлердің “тео­рия­ны оқып алуға болады, бізге практи­касын үйрететін адам керек” дегені де біздің осы ойымызды қуат­тай түседі. Ілеспе аударма жа­сау барысында кездесетін кез­дейсоқ жайларды еңсеруде ілеспе аудармашының кітаби мысал­дар­ға емес, жеке тәжірибесіне сүйенуі пай­дасын көбірек тигізеді. Біздің тәжірибеміз бойынша ілеспе аударма жасаудың өзіндік ерекшеліктерін қамтитын: аудар­ма­шыға “ы-ы”, “м-м” деп да­уыстап “ой­ла­нуға” болмайды; ең нашар деген аударма ау­дарманың болмағанынан жақсы; ау­дар­ма­шы­ның өзін-өзі түзетуіне жол берілмейді; бас­талған ой міндетті түрде аяқталуы керек; ау­дар­­машы өзі толық түсінген және басқа тілде жақ­сылап жеткізе алатын хабарламаны ғана ау­дарады; сөз сөйлеуші не айтса да, аудармада оның бұдан бұрын айтылған оймен логикалық байланыс­ты­лы­ғы көрініс табуы керек; ұзақтығы жағын­ан аударма мен түпнұсқа дәлме-дәл келуі керек; сөз сөй­леуші не айтса да, аудармашы грамматикалық және лексикалық тұрғыдан дұрыс (нормативті түр­де) сөйлеуі керек деген жазыл­маған “заңдар” бар. Бұларды ілеспе аудармашылар үшін бағыт-бағдар беруші көмек­ші құрал ретінде қабыл­дауға болады және олар ілеспе аударма­шы­­лар­дың құзыреттілігіне қо­йы­латын талаптардың негізін құ­райды. Аудармашының өзі ауда­ра­тын мә­тінді қалай қабылдайтыны, аудар­ма жасау ст­ра­тегиясын қалай құратыны, түпнұсқа не­гізінде жаңа мәтінді қалай түзететіні – осының бәрі оның аудармашылық құзыретін, тілдік те, тілден тыс та, рецептивті де, репродуктивті де құзыретін көрсетеді. Бұл құзырет­тердің бар­лы­ғы бір-бірімен тығыз байланыса келіп, тұтастай ал­ғанда аудармашылық құзыретті құ­райды, яғни бұл оның бойында аударма жасалатын екі тілді де жетік білуі, жазбаша да, ауызша да ау­дарма жасай алуы, шешендік қабілеті және әде­би дарыны ұштасып жатуы тиіс дегенді біл­діреді. Бұлардың әрқайсысының өзі бір ада­мның басына аз қасиет емес екенін ойласақ, ілеспе аудар­машыға қойылар талап деңгейінің қаншалықты биік екендігі түсінікті болады. Ілеспе аудармашының шебер­лігі, кездейсоқ жағдайлардан шыға білу қабілеті жылдар бойғы тәжірибемен келетін қасиеттер. Өз ісіне адал бе­рілген, аудармашы ретінде талантты маман ғана сапалы аударма жасай алатынын КСРО-дағы алғашқы ілеспе аудар­машылардың бірі Р.Миньяр-Белоручев: “Ең үздік ілеспе аударма – шынайы шабыттың нәтижесінде ғана жа­са­лады. Ал шабыт жүйке талшықтары үзіліп ке­тердей шыңылдап, тосын терминдер мен сөз орам­дарынан есің танардай күй кешкеніңе қа­ра­мастан, ақыл мен тілді бірлесе жұмыс істетіп, ау­дара бастаған кезіңде келеді” деп сипат­тайды. Қай елде болмасын ілеспе аудар­маның кә­сіптік және академиялық өлшемдерін жасауда өз тілінен басқа тілге және ке­рісінше аударма жа­сайтын ілеспе аудармашылардың тә­жіри­бе­сіне сүйенген. Себебі, бір тілдегі сөй­лем­нің құ­ры­лымдық ерек­ше­ліктері оны екінші тілге қолдануға мүмкіндік бермейді. Осы себеп­терге байланысты қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасау үшін басқа шет тілдерінен ілеспе аударма жасау амалдарын көшіріп қолдануға келмейді. Сондықтан өзі ілеспе аударма жасап жүр­меген адамдардың шетелдік материалдар не­гізінде “қазақша-орысша ілеспе аударма осы­лай жасалады” деп жазылған мақалалары та­лап­танушыларға пайдасын тигізуі неғайбыл. Ше­телдік зерттеушілер түзген теорияға және қа­­зақ аудармашыларының тәжірибесіне сүйене отырып қана қазақ-орыс тілі арасындағы коммуника­ция­ның өзіндік ережелерін түзуге болады деген ойдамыз. Бүгінде Қазақстан өзінің бей­біт­сүйгіш бас­тамаларымен халық­аралық аренадағы беделді мем­­лекетке айналды. Ірі форматты саяси жи­ын­­дарда қазақ еліне, оның басшысына, өкіл­деріне деген құрмет ерекше. Қазақ же­рін­де өте­тін ауқымды іс-шара­ларда лауазымды қо­нақ­тар­дың өз сөздерін қазақ тілінде бастауы, кейде тіпті қазақ тілінде баяндама жасау мы­сал­­дары көбейе түсуде. Осы ретте бізде ілеспе аудар­ма­шыларды даярлау ісінің қолға алын­бауы елі­міз­дің әлемдік кеңістікке инте­гра­ция­ла­нуына, қазақ тілінің халықаралық жи­ын­дар тіліне ай­налуына белгілі бір дәрежеде тежеу са­ла­ды. Ілес­пе аудармашылардың аздығы, қазақ ті­лінен ті­келей шетел тілдеріне аударатын ау­дар­­ма­шы­лардың жеткіліксіздігі қазақ тілді сая­с­ат­кер­лердің ана тілімізде еркін сөйлеп, сұхбат жүр­гізуіне қолбай­лау болып жүргені де шын­дық. Мемлекеттік хатшы сөзінде жылдан жылға мемлекеттік тіл саясатын қаржыландырудың ұл­ғай­тылып отырғанын да айтып өтті. Осы күн­дері үшжылдық бюджет жобасы Мәжілісте ма­­құлданып, Сенатқа келіп түсті. Жо­баның таныстырылымында Эко­номика және бюд­жет­тік жоспарлау министрі Б.Сұлтанов бұл саланы қаржыландыру көлемі бұдан кейін де азай­май­ты­нын, жыл сайын 5 миллиард теңге көлемінде ақша бөлінетінін жария етті. Осы орайда елімізде қазақ тілін дамыту жөніндегі мем­ле­кет­тік саясатты жүргізетін орган ана тіліміздің тек қазақ тілді ортаның тілі емес, саясат тіліне, үлкен жиындар тіліне айналуының тиімді амалы – ілеспе аударманы дамытуға назар ау­дарады деп сенгіміз келеді. Камал ӘЛПЕЙІСОВА, ілеспе аудармашы, Пар­­­ламент Сенаты Редак­ция­лық-баспа бөлімі мең­ге­ру­­­шісінің рынбасары.