30 Желтоқсан, 2016

Универсиада еріктілері анықталды

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматыда Универсиадаға қызмет ететін еріктілерді іріктеу байқауы аяқталды. Мұнда 14 мыңнан аса өтінім қаралды. Еріктілер жинаудың бірінші кезеңі 27 қыркүйекте басталды. Өтінімдер барлығы жазбаша сауалнама түрінде және онлайн арқылы қабылданды. Осы күнге дейін барлығы 14 165 өтінім қабылданып, көпшілігі алматылықтардан келіп түсті. Универсиада-2017 еріктісі атан­ғысы келетіндердің дені – ре­сейліктер. Олардан барлығы 3594 адам хабарласқан. Сондай-ақ, Италия, Канада, АҚШ, Қытай, Ливан, Ұлыбритания, Гонконг, Украина, Молдавия, Өзбекстан секілді алыс және таяу шет елден де келіп түсті. Универсиадаға еріктілер тарту мақсатында 15 жоғары оқу ор­нымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойыл­ды. Алматы қаласының 27 оқу мекемесінде еріктілер бағдар­ламасының таныстырылымдары өткізілді. Осының нәти­жесінде аталған іс-шараларға қатыс­қан­дардың 96 пайызы Универ­сиа­да-2017 еріктісі атануға ниет білдірді. Қазіргі таңда еріктілерді үй­лес­тірумен айналысатын, тренингтер, дәрістер мен спорт нысандарында квестерден өткен 150 адам таңдап алынды. Қазірдің өзінде еріктілердің бір бөлігі 2017 жылы Алматы қаласында өтетін XXVIIІ Дүниежүзілік қысқы Уни­версиадаға дайындалу және өт­кізуге арналған іс-шараларға, қатысуда. Еріктілермен жұмыс жүргізудің келесі кезеңінде ке­лісімдерге қол қойылып, оларға қажетті киім-кешек берілмек. Жұмыс кезінде еріктілер та­мақпен, тегін жолақымен және ұялы байланыспен қамтамасыз етіледі. Универсиада кезінде еріктілер 30-дан аса қызмет бағытында жұмыс жасайтын болады. Олардың көпшілігі спорт жарыстарындағы жұмыстарға тартылып, сондай-ақ, кіріп-шығуды бақылау қызметі, көлік, баспасөз қызметі, медицина, Атлеттер ауылы, көрермендермен жұмыс жүргізу, мәдени іс-шаралар, қонақтарды жайғастыру, аккредиттеу, қауіпсіздік, бас ақпараттық орталық секілді жұмыс телімдерінде қызмет етпекші. Жастар Универсиада-2017 ая­сындағы еріктілер бағдар­ламасына түрлі себептерге байланысты үлкен қызығушылық танытып отыр. Өйткені, осын­дай ауқымды оқиғаға атса­лысудың арқасында олар шет тілі дағдыларын жақсартып, халық­аралық жобада баға жетпес тәжірибе жинауға, жаңа адамдармен танысып, өзін тату команданың мүшесі ретінде сезінуге, аса әсерлі өтетін спорт сайыстарын өз көзімен тама­шалауға қол жеткізбек. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ