Қарағанды қаласындағы №92 гимназияда Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Алаш» қозғалысының ұлы көсемі – Әлихан» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатын көздеген көрмеде шәкірттер назарына мектеп кітапханасының байырғы қорымен қатар, бірталай жаңа туындылар да ұсынылды. Ал дөңгелек үстел отырысында Әлихан Бөкейханұлының ғұлама ғалым, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, публицист ретіндегі сан қыры сараланып, оның қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени, рухани тарихында алатын орны ұстаздар мен оқушылардың қызу пікірталасына өзек болды.
Мектебімізде оқушыларды білім әлеміне тартуда кітапхананың атқаратын рөлі зор. Аталған шаралар солардың бірі ғана. Осы орайда гимназиямыздың кітапханашылары Ж.Құсайын мен Ү.Мақатованың және тарих пәнінің мұғалімі Д.Үтжановтың еңбегі зор. Кітапханада әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар жиі өтеді. Оқушыларға керекті әдебиетті тауып беру, бағыт-бағдар көрсету, әдебиеттің тізімін құрастыру сияқты көзге көрінбейтін, маңызы зор жұмыстар тұрақты атқарылады. Кітапхана мектебіміздің гүлденуіне мол үлес қосып, оқушыларға да, ұстаздарға да үлкен көмегін тигізіп отыр.
Айжан СҰЛТАНОВА,
Динара ҚАНАФИНА,
№92 гимназияның 9-сынып оқушылары
ҚАРАҒАНДЫ