30 Желтоқсан, 2016

Әлеуметтік саладағы басты оқиға

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«ҚазТрансОйл» АҚ-та компания мен жұмысшылар ұжымы арасында 2017-2019 жылдарға арналған Ұжымдық келісімшартқа қол қою рәсімі өтті. Әлеуметтік қорғау сала­сындағы басты құжатқа «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Димаш Досанов және жұмысшылар өкілдері, яғни компания филиалдары мен орталық ап­параттың бастауыш кәсіподақ ұйымдары және жергілікті кәсіподақ ұйымдары кәсіподақ комитеттерінің төрағалары қол қойды.  Ұжымдық келісімшарт компаниядағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейді және жұмысшыларды әлеуметтік қолдау, әлеуметтік серіктестік аясында мүдделер тепе-тең­дігін ұстау, «ҚазТрансОйл» АҚ қызметі тиімділігін артты­ру, компанияның өндіріс­тік-экономикалық қорытын­ды­ларына жауапкершілікті арттыру мақсатында қабыл­данды. Ұжымдық келісімшарт «ҚазТрансОйл» АҚ жұмыс­шыларын әлеуметтік қолдауды Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасымен белгіленген де­ңгейден төмендетпеуге, сол секілді жұмыскерлерді ын­таландыруға, кәсіби кадрларды тартуға және қалдыруға бағыт­талған қосымша әлеу­меттік қолдауға кепілдік береді. – Бұл құжат компанияның жұмысшыларға және олардың отбасыларына әлеуметтік қам­­­қорлық көрсетуге дайын екендігін растайды. «ҚазТрансОйл» АҚ ұжымы сегіз мыңнан астам адамды құ­райды, компанияның магис­трал­­ды мұнай құбырларының қауіпсіз және сенімді жұмысы соларға тәуелді. Ұжымдық келі­сім­шартта жұмысшылар пайдасына әлеуметтік жеңіл­діктер бекітілген. Бұлар мұнай тасымалы магистралдарының іркіліссіз жұмыс істеуіне қисын­ды және ақталған салымдар, – деп атап өтті «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Димаш Досанов. Қол қою рәсімінде атап өтілгендей, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобындағы экономикалық жағдайларға байланысты кейбір түзетулерді ескермегенде, жұмысшылар үшін барлық әлеуметтік төлем­дер көлемі сақталған. Қол қою кезінде қатысушылар Ұжымдық келісімшарттың әлеуметтік маңызы және құқық­тық сипатын растады және оны белгі­ленген мерзімде орындауға міндеттенді. «Егемен-ақпарат»