Өмірден озған адамдардың ішінде жан-дүниеңе ерекше жақын, бітім-болмысы бөлек, істеген істері ерек кісілер болады. Осыдан 40 күн бұрын жақындарын қимастықтан еңірете жылатып, естілерді есеңгіретіп өмірден озған Мешітбай Мұқанұлы ағамыз сондай жан еді.
Ол 1946 жылы 25 мамырда бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданындағы Ұлы Жыланшық өзенінің жағасындағы «Ақ мешіт» деген елді мекенде жарық дүниенің есігін ашқан. Ата-анасы Мұқан Сарыұлы мен Айшагүл Байбосынқызы мінезге бай, елге сыйлы, ағайындарымен алаламай араласқан мейірімді жандар болатын. Олардың мейірімділігін, ағайын-туысқа жанашырлықпен қарағандарын жергілікті халық әлі күнге дейін ауыздарының суы құрып, жыр қылып айтып жүр. Шоқша сақалды, шымыр денелі Мұқан ақсақал белдескеннің жауырынын жер иіскеткен мықты палуан болған. Ол жайында қазақтың көрнекті жазушысы, тарихшы Қ.Салғараұлы ағамыздың бір еңбегінде жазылғаны да есте. Елдің бірлігін, ағайынның амандығын тілеген олар оттарының алды, суларының тұнығы Серікбай атты ұл мен Бейбіт атты қызын «Құдайдың алдында да, адамның алдында да сұраусыз» деп «өмірден ұрпақсыз өтеміз бе?!» деп сары уайымға салынып жүрген екі ағайынының бауырына салып беріпті. Осылай жақын туыстарына жақсылық жасап, көңілдерінің керегесін кеңге жайған Мұқан ақсақал мен Айшагүл әжеміздің ниеттеріне орай Жаратқан Иеміз оларға Мешітбай атты ұл мен Күлмай атты қыз беріпті.
Мешітбай ағамыз 1953 жылы Аралбай ауылындағы Қызыләскер орта мектебінің табалдырығын аттап, оны 1963 жылы бітіріп шығады. Еңбекке араласып, кеңшарда қолына трактордың, машинаның тізгінін ұстайды. Сөйтіп жүргенде, құрылысшы мамандығына аңсары ауады. Целиноград қаласындағы құрылыс шеберлерін даярлайтын мектепті тәмамдап, мастер болып қызмет атқарады. 1972 жылы Целиноградтағы құрылысшылар даярлайтын (ЦИСИ) институтқа оқуға түседі. Институтта оқып жүріп, Қуаныш жеңгемізбен тағдырларын тоғыстырады, өмірге 5 қыз бен Алмас атты ұл келеді. Барлығына жоғары білім алуларына жағдай жасайды.
Аталмыш институтты 1976 жылы аяқтап, инженер-құрылысшы мамандығын алып шығады. Арқалық қаласына келіп, коммуналдық кәсіпорын комбинатына, кейінірек «Құрылыстық жөндеу» басқармасына басшылық жасайды. 1985-1987 жылдары Амантоғай ауданында жылжымалы механикаландырылған колоннаның бастығы, 1987-2004 жылдары облыстың «Вторресурсы» мекемесінде директор болып, елге еңбегін сіңірді. Мешітбай Мұқанұлы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сайлауында сенімді өкілі болып, Елбасымыздан алғыс хат алды.
Ол 2005 жылы Астана қаласына қоныс аударып, «Кереге» пәтерлер иелері кооперативінің төрағасы болып сайланды. 11 жыл осы ПИК-ті басқарғанда, тұрғындарға эксплуатациялық қызмет көрсетудің 1 шаршы метрге шаққанда 25 теңге тұратын тарифін өзгертусіз қалдырады. Астана қаласының тұрғыны ретінде бұл тарифтің басқа ПИК-терде 4-5 есеге өскенінен хабарымыз бар.
Мешітбай Мұқанұлының қазасына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Оның қоғамдық белсенділігі де жұрттың есінде. Соңғы демі біткенше «Үркер» шағын ауданының «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының жетекшісі, Астана қаласының Есіл ауданы ардагерлер ансамблінің мүшесі болды.
Кенеттен келген кесел кеудесін қысып, ажалмен арпалысып жатқанда Ішкі істер министрлігінде жұмыс істейтін жалғыз ұлы Алмасқа офицерлік подполковник шені беріліп, алғыс хат табысталыпты. Ұлының осы жетістігін көзімен көрген әке бас бармағын жоғары көтеріпті. Ауыр науқастан тілі байланып жатқан Мешітбай Мұқанұлының бұл қимылын біреулер ұлына «жарайсың» деген белгі деп ұқса, біреулер «мен түтеткен түтінді түзу шығарға» жорыпты. «Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой, шіркін, қашанда» деп өлең жолдарында айтылатындай, оның көзі тірісінде түтінінің түзу шығатынына көзі жетіп, көзін жұмды. Ұл-қыздарынан өрбіген 17 немересі мен 1 шөбересін аялап отырған Мешітбай Мұқанұлы өмірге құштар жан еді.
Асқарбек БЕКТЕМІСОВ,
жерлес інісі әрі әріптесі