Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында әлеуметтік салада жұмыстарды жандандыруға басты назар аударылып келеді. Оның ішінде, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларының қызметін жетілдіру мен сапасын жақсарту бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады.
Осы тұрғыда Қызылорда облысының Арал қаласындағы аудандық орталық ауруханасына қатысты осы бір шешімін күткен мәселені көлденең тартсам деп едім.
Аталған медициналық емдеу орталығы – 80 мыңнан астам жергілікті халыққа стационарлық медициналық көмек көрсететін жалғыз аурухана. Ал аудандық аурухана 1989 жылы типтік жобамен салынған болатын. Қазіргі әбден тозығы жетіп тұр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ-тың 2016 жылдың 18 қазанында алынған №297 қорытындысына сәйкес, нысанның апаттық жағдайда екені нақтыланып, қолданыстағы құрылысты қайта жаңғыртуға немесе одан әрі пайдалануға мүмкіндік болмауы себепті нысан бұзылуға жатады деп танылған.
Алайда, басқа ғимараттың болмауына байланысты бүгінде аурухананы жауып, оның жұмысын тоқтату мүмкін болмай отыр.
Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан жаңа аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысы алынған. Құрылыстың жалпы сметалық құны 4,5 млрд теңгені құрайды. Бюджеттік өтінім Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жолданған. Ел болашағы, өскелең ұрпағымыздың саламатты да дені сау ұрпақ болуын ойласақ, бүгіннен бастап осындай әлеуметтік маңызы бар объектілер салу мәселелерін шешуге кірісу қажет.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, еліміздің Үкіметі «Арал өңiрiндегi экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Заңға сәйкес, Қызылорда облысындағы Арал ауданы аумағының экологиялық апат аймағына жататындығын ескере келе, Арал қаласында жаңадан аудандық орталық аурухана құрылысының алдағы жылы басталуына қажетті қаражатты қарастыру арқылы оң ықпал етеді деп үміттенемін.
Бекмырза ЕЛАМАНОВ,
Сенат депутаты