Соғымбасы деген ет пен әңгімені соғып, өткен-кеткенді айтып, шер тарқатуға таптырмайтын орын ғой. Қайбір күні бір досымыздың үйінде қонақта болып, дастарқан басындағы әңгіме әдеттегідей елдің қазіргі жағдайына қарай ойысқанда бұл орта әжептеуір пікірлер алаңына айналды. Әрине, әркім көрген-білгенін айтады. Еліміздің әрбір сәтті қадамына қуанып, тілеуін тілеп, қайтсем соған өз үлесімді қосамын деп жүргендер көп. Дегенмен, «Барлық тауарды шетелден сатып аламыз, ешқандай өнім өндірмейміз, тіпті азық-түлікке дейін көрші елдерден тасымалданады», деген де әңгімелердің айтылғаны жасырын емес.
Осы әңгіме мені қатты ойға қалдырды. Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асқан уақытта шынында өз қолымыз өз аузымызға әлі күнге жетпегені ме? Әлде істің көзін таба алмайтын, дайынға тап болып, соны ғана қанағат тұтатын кержалқау болғанымыз ба? Ел мерейін тасытып, үмітін оятқан, бойына күш-қуат, сенім берген жетістіктеріміздің бәрі қайда қалды сонда? Міне, осы сұрақтар көпке дейін маза бермеді.
Қайбір күні жұмыстан келсем, келіншегім де сырттан оралып, супермаркет берген азық-түлігінің чегіне үңіліп қарап отыр екен. Басыма бір ой сап ете қалды. Чекті алдым да, бірнеше пакетке салынған тауарларды үстел үстіне қойып, ерінбей, бәрінің сыртқы қағазындағы «адрестеріне» көз жүгіртіп шықтым. Шынында біз бәрін шетелден сатып аламыз ба? Әлде бұл көрмей-білмей айтып жүргендердің әңгімесі ме? Сондағы сатып алынған тауарлардың тізімі мынау еді:
«Цесна» ұны – Астана,
Құмшекер – Тараз,
Ақ нан және «Бородинское» қара наны – Тараз,
«Жетісу» күлшесі – «Рахат» фирмасы,
«Крекер» күлшесі – Алматы, «А-продукт» фирмасы,
Қарақұмық – Павлодар,
Ақтаған сұлы күлшесі (овсянное печенье) – «Нива Алматы» фирмасы,
«Захрома» майы – Қарағанды, «Евразиан фудс» фирмасы,
«Solena» майлық қағазы – Алматы,
Күріш – Алматы, «Астық» фирмасы,
«Шедевр» күнбағыс майы – Алматы,
Бұршақ – Алматы, «Астық» фирмасы,
Қоюлатылған сүт – Алматы, «Масло дел» ЖШС,
«Сұлтан» спагеттиі – Петропавл,
«Старт» жүгері қауызы – Украина,
Косметикалық мақта таяқшалары – Ресей,
Жүгері таяқшалары – Қапшағай,
«Лесной бальзам» тіс пастасы – Ресей,
«Гарниер» бояуы – Ресей,
«Абсолют» сабыны – Ресей,
Кір сабын – Екатеринбург,
Тауық еті – Ресей,
«3 желания» кетчубы – Қарағанды, «Евразиан Фудс» фирмасы,
«Фейри» ыдыс-аяқ жуатын сұйықтығы – Мәскеу,
«Жас қанат» жұмыртқасы – Тараз,
«Президент» қаймағы – Алматы облысы,
Ірімшік – Жамбыл облысы, Меркі ауданы,
«Цинказ» томаты – Алматы,
Шұжық (Колбаса «Докторская») – Тараз, «Заурбеков» ЖК,
Тұз – Қызылорда облысы,
«Yuva» ашытқысы – Алматы,
Ұнтақ жармасы (манная крупа) – Алматы, «Достық» фирмасы,
Сұлы қауызы (овсянное хлопья) – Ресей, «Царь» фирмасы,
Ас содасы – Башқұртстан,
Әрине, келіншегім өзімізге қажетті тауарларды ғана алған. Әйтпесе отандық тауарлардың тізімі бұдан да ұзақ болуы мүмкін еді. Дегенмен, осының өзі біздің елде түк істелінбеді, азық-түліктің көбін сырттан сатып аламыз деген әңгімені жоққа шығаратыны анық. Рас, жеңіл өнеркәсіп саласында мүлдем мәселе жоқ деп айтуға болмайды. Бәлкім, кейбір тұстарда мүмкіндікті пайдалана алмаған да болармыз. Бірақ, «Түк жоқ, түк істелінбеді» деп өзеурей бергенше неге барымыздың өзімен мақтана білмейміз? Ірі сауда орындарына барсаңыз, отандық тауарлардың өз бұрышы бар. Ет дейсіз бе, құмшекер, қант дейсіз бе, сусынның түр-түрі, шұжық, ұн, май, әр отбасының күнделікті азық етуі үшін керекті дүниенің бәрі бар. Кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүйім жұрттың алдында отандық костюм-шалбар мен аяқ киім киіп жүргенін мақтанышпен айтты. Міне, бұдан отандық кәсіпкерлер қанатын кеңге жайып, барлық саланы қамтып, өз тауарларымыздың қатары көбейіп келе жатқанын байқауға болады.
Ендеше «Көрмес, түйені де көрмес» дегеннің керін келтіріп, «түк жоқ, түк жоқ» дей бергенше, неге отандық тауарлардың саудасын қыздырмаймыз? Жамандау оңай, жарнама жасау қиын болғаны ма? «Отандық тауарды пайдаланғаным – елімнің дамуына қосқан үлесім» деген түсінік бізде қашан пайда болады? Әрине, сын да айтылуы керек, бірақ, кемшілікті көрсете отырып, жетістіктің бәрін сызып тастауға болмайды ғой. «Жоқ» деген адам жоғалады, «бар» деген оңалады» деген, ендеше барымыздың өзін ұқсатып, барымыздың өзін бағалай білейік, ағайын.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы