Биылғы жыл мәдениет пен өнер саласы үшін айтарлықтай жемісті жыл болғаны рас. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі лайықты тартулармен қарсы алынды. Елбасы идеясымен түсірілген Қазақстан кино өнері тарихындағы ең ірі ұлттық жоба – он сериялы «Қазақ елі» тарихи көркем фильмінің түсірілімі аяқталды. Шоқтығы биік туындылардың тағы бірі «Құнанбай» тарихи көркем филь-
мі Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды. Мұнымен қоса, осы жылы ұлттық киноның қатарына сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған тарихшы Е.Бекмахановтың тағдыры арқылы Кенесары ханның өмірі мен бейнесін экранда жаңғыртқан «Аманат» көркем фильмі келіп қосылды. Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» киноэпопеясының Астанадағы 1 наурызда өткен алғашқы көрсетілімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалап, соғыс туралы төл туынды Қазақстан кинематографиясындағы айтулы жетістік ретінде бағаланғаны мәлім. Отандық фильм 30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өткен «Еуразиялық көпір» Халықаралық кинофестивалінде бас бәйгені қанжығасына байлады. Қан майданнан жалғыз ұлының аман-есен оралуын күткен ақ самайлы ана бейнесін сомдаған Әмина Өмірзақова апамыздың әзіз бейнесінен кейін бұған ат ізін салған және ана жүрегінің мейірімін осыншалық сүйіспеншілікпен шынайы сомдаған әртіс жоқ десек, «Анаға апарар жол» фильміндегі Алтынай Нөгербек рөлі талайдан бергі сол аңсарды ақтаған әрі қазақ ұлттық кино өнеріндегі аналар бейнесі галереясын толықтырған бірден-бір образ болды. Оның таланты «Тұлпар» ұлттық жүлдесінің «Үздік әйел рөлі» аталымымен бағаланды. Ал фильмнің операторы Хасан Қыдырәлиев «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесін иеленді.
Сондай-ақ, биылғы қыркүйекте Ақтөбе қаласында Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған XIV Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі өтті. Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Петропавл қалаларынан келген 9 театр отандық және әлемдік классикадан қойылымдар ұсынды. «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесімен У.Шекспирдің «Гамлет» спектакліндегі Гамлет рөлі үшін Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының актері Кенжебек Башаров, «Тақырыптық ізденіс үшін» аталымымен Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» спектаклі үшін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры, «Пластикалық шешім үшін» аталымы бойынша Ә. Бағдаттың «На Земле (Рух)» спектаклі үшін Республикалық неміс драма театры, «Режиссерлік ізденіс үшін» аталыммен Қ.Толыбайұлының «Дауылпаз баба - Қожаберген» спектаклі үшін Қазақтың С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық музыкалық драма театрының режиссері Батырбек Шамбетов, Ш. Айтматовтың «Мәңгүрт» спектаклі үшін Қазақтың Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрының режиссері Гүлназ Қасымбаева, Н.Гогольдің «Үйлену» спектаклі үшін Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Дина Жұмабаева, «Үздік спектакль» жүлдесімен Ж.Пило және О.Шультездің «Моцарт» спектаклі үшін Астана қаласының Жастар театры мен А.Чеховтың «Шие» спектаклін әзірлеген Қазақтың мемлекеттік академиялық Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры марапатталды. Министрлік Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп 24-27 қазанда Талдықорған қаласында елдік мереке аясында Орталық Азия елдерінің VІ халықаралық «Қазақстан – Еуразия жүрегі» театр фестивалін өткізді.
Фестиваль Орталық Азия елдері мен Қазақстанның сахна өнері саласындағы әріптестік ынтымақтастығын нығайтуды, театр өнерін дамыту және өнер ұжымдарының шығармашылығын арттыруды, сондай-ақ, жұртшылық назарын жаңа, заманауи үлгідегі театрға барынша аударуды көздеген болатын. Фестиваль аясында Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтары Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры сахнасында Астана қаласының Жастар театры, Т.Миннуллин атындағы Нижнекамск мемлекеттік татар драма театры, Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, М.Вахидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театры, Бәйтен Омаров атындағы Алматы «Жас сахна» театры және Қазақтың мемлекеттік академиялық Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры ұжымдарының орындауында У.Шекспир, А.Чехов, Ш.Айтматов, Т.Слободзянек және Б.Римова сияқты отандық, шетелдік және қазіргі заманғы авторлардың қойылымдарымен таныса алды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, профессор Асанәлі Әшімов төрағалық еткен фестивальдің қазылар алқасы құрамында прозашы, аудармашы, драматург, Тәжікстанның Көркемөнер академиясының академигі Абдугаффор Абдужабборов (Тәжікстан), театр сыншысы, Д.Сиразиев атындағы театр сыйлығының лауреаты, халықаралық, бүкілресейлік театр фестивальдері қазылар алқасының мүшесі Нияз Игламов (Татарстан, Ресей Федерациясы), театр сыншысы, драматург, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғыз Республикасы Театр қайраткерлері одағының төрағасы Жаныш Құлманбетов (Қырғызстан), Әзербайжан мемлекеттік жас көрермендер театрының бас режиссері, Әзербайжан мемлекеттік мәдениет және өнер университеті «Драма театры режиссурасы» кафедрасының меңгерушісі, доцент, Әзербайжанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Бахрам Османов (Әзербайжан) бар еді. Өнер додасының қорытындысы бойынша «Ш.Айтматов прозасының классикалық бағытын сақтағаны үшін» жүлдесімен Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз елінен келген театр ұжымы Ш.Айтматовтың «Саманчынын жолу» спектаклі үшін марапатталды. «Ш.Айматовтың әдеби мұрасын жаңа театр бағытында таныстырудағы ізденісі үшін» аталымы Т.Миннуллин атындағы Нижнекамск мемлекеттік татар драма театрының ұжымының «Анам кыры» спектакліне берілді.
«Тарихи естелікті жаңғыртқаны үшін» жүлдесі Бәйтен Омаров атындағы Алматы «Жас сахна» театры сахналаған Т.Слободзянектің «Одноклассники. Уроки жизни» спектакліне бұйырды. «Театр өнеріне қосқан зор үлесі үшін» марапатына Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова лайық деп табылды. «Актерлік дуэт үшін» – Б.Собирдің өлеңдері бойынша қойылған «Ночь вдалеке от Родины» спектакліндегі рөлдері үшін М.Вахидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театрының актерлері Абдумумин Шарифи мен Мохпайкар Ёроваға (Тәжікстан) тапсырылды.
Бірінші орын У.Шекспирдің «Асауға тұсау» спектаклі үшін Астана қаласының Жастар театры ұжымының қанжығасына байланса, ал бас бәйгеге А.Чеховтың «Шие» пьесасын сахналаған Қазақтың мемлекеттік академиялық Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының өнері әбден лайық деп табылды.
19 сәуір мен 2 мамыр аралығында Түркия мемлекетінің Конья қаласында өткен Түркі халықтарының VIII «Тысяча вдохов и один голос» театр фестиваліне Қазақтың мемлекеттік академиялық Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасымен қатысып, «Ең үздік қойылым» жүлдесіне ие болды. Ал 18-21 мамырда Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ІІ Халықаралық «Дидар» театр өнерінің эксперименталдық фестиваль-лабораториясында Е.Аманшаевтың «Ол» психологиялық драмасымен қатысып, «Ең үздік қойылым» марапатын иеленді. 13-19 маусымда Қазан қаласында Түркі халықтарының халықаралық ІV «Науруз» театрлық білім беру форум-фестивалі өтті. Форумға Қазақстаннан бірқатар театр мамандары қатысып қайтты. 17-21 мамырда Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында өткен халықаралық V «Нигохи нав» театр фестиваліне М.Әуезов драма театры У.Шекспирдің «Лир Патша» қойылымымен қатысты. 20-26 маусымда Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Астана күніне орай өткен «Сахнадан сәлем» 4-ші халықаралық театр фестиваліне еліміздің және шет елдердің театрлары қатысып, үздік қойылымдарын тарту етті.
21-27 қарашада Ресейдің Рязан облыстық драма театрында өткен халықаралық театрлар фестиваліне орыстың мемлекеттік академиялық М.Лермонтов атындағы драма театры У.Шекспирдің «Ромео мен Жулетта» спектаклімен қатысып, «Ең үздік спектакль» жүлдесін жеңіп алды. «Ең үздік әйел бейнесі үшін», «Ең үздік қосалқы рөлдер үшін» – театрдың танымал әртістері Виктория Павленкоға, Ирина Лебсакқа, Татьяна Банченкоға, сондай-ақ, «Ең үздік актерлік ансамбль үшін» жүлдесі Роман Жуков, Максим Лукоянов, Дмитрий Багрянцев, Илья Шилкин мен Рауф Хабибуллинге тапсырылды. ...Биыл жер-жерде «Ұлттық музейге сый тарту» акциялары өтті. Елордадағы облыстардың мәдениет күндері аясында барлық өңірлердің дерлік бейнелеу және қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды. Мұнда сонымен қатар шетелдік жекелеген танымал тұлғалар мен музейлердің көрмелерін өткізу тұрақты дәстүрге айналған.
Өтіп кетіп бара жатқан жылдың жетістіктеріне мән берсек, Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Астанада Қазақ Ұлттық хореография академиясы ашылды. Әйгілі «Қазақконцерт» ұжымы қайта құрылып, елордаға қоныс аударды. Сондай-ақ, оның жанынан «Астана-мюзикл» музыкалық театры құрылды. Жас ұжымның төл туындысы – «Достар серті» қойылымы өте сәтті өтті. Эстрадалық, дәстүрлі әншілердің халықаралық, республикалық байқаулардағы олжалары отандық өнердің ортақ жетістігі болып табылады. Қысқасы, «Ұлттың артықшылығы оның мәдениеті мен өнеріне қарап бағаланады» десек, өнердің өтер жылға ешқандай өкпесі жоқ екен. Биылғы жыл тек маңызды оқиғаларымен ғана есте қалыпты, рухани көкжиектің шұғылалы жарығы молырақ төгіліпті.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»