Жаңа тарихи кезең жағдайына байланысты ауқымды президенттік реформалар жүзеге асырылып жатқан кезде, еліміздегі саяси партияларға сайлаушылар сенімінің жаңа мандатын алу қажет болды. Әрі дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру мақсатында қоғамдық шоғырлану қажеттілігі туындады. Осыған байланысты кезектен тыс парламенттік сайлауды тағайындау және өткізу туралы шешім қабылданды.
Парламенттік сайлау науқанының басталуына Қазақстан Республикасы Президентінің «Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» 2016 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығы негіз болды. Ал Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы өзінің 2016 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын тағайындады. Сайлаудың экономикалық дағдарысқа байланысты мәселелерді шұғыл қоғамдық талқылау және шешу институты болуы тиістігінен туындаған кезектен тыс парламенттік сайлауды тағайындау қоғамда түсіністік пен қолдау тапты. Осылайша, саяси партиялардың тізімдері бойынша Мәжіліске және мәслихаттарға сайлау тағайындалып, ол 2016 жылғы 20 наурызда өткізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан кандидаттар 2016 жылғы 21 наурызда сайланды.
Бұл сайлауды әкімшіліктендірумен барлық 13 399 сайлау комиссиясы, оның ішінде 9 840 учаскелік комиссия Орталық сайлау комиссиясының басшылығымен елдің сайлау органдарының бүкіл жүйесі жүзеге асырды. 1995 жылдан бері қарай алғанда, алтыншы сайлау науқаны болған парламенттік сайлау – Қазақстанның демократиялық мемлекет бейнесінде дамуының тағы бір айғағы болып табылады. Осы сайлау бойынша Қазақстан азаматтары сайланған өкілдері арқылы мемлекетті басқаруға белсене қатысты.
Таратып айтар болсақ, қаңтарда және ақпанда өткен саяси партиялардың съездерінде олардың тиісті сайлауалды бағдарламалары қабылданып, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімдері бекітілді. Бұл науқан барысында елдің 6 саяси партиясы – «Нұр Отан», «Ақ жол», ЖСДП, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы, «Ауыл» және «Бірлік» 234 кандидат көрсетілген тізімдерді ұсынып, Орталық сайлау комиссиясына енгізді. Жұмылдыру факторын күшейту мақсатында сайлау үдерісіне барлық қатысушыларға ОСК желісі бойынша ақпараттық, оқыту, жұмылдыру бейнероликтері, бейнероликтердің интернет-нұсқалары, жаднамалар, әдістемелер, жинақтар және басқа да баспа өнімдері әзірленіп, ол жұмыс барысында қолданылды, өңірлерден түскен барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді.
Ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз ету үшін ОСК жанында баспасөз орталығы тұрақты түрде жұмыс істеді. Сонымен қатар, сайлау науқаны барысында Ортсайлауком жұмысының жаңа ұйымдастыру нысандарының бірі – барлық мүдделі бұқаралық ақпарат құралдары үшін сайлау үдерісінің әр сатысында брифингтер өткізу енгізілді. Материал ұсынудың бұл нысаны жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттырды. Осылайша, бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы дерлік электораттық науқанның кезекті сатысының ерекшеліктері жөнінде егжей-тегжейлі хабарланып отырды. Брифингті жүргізген Ортсайлауком мүшесі брифинг тақырыбы бойынша журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді. Сөйтіп, жұртшылық сайлау үдерісі туралы дәйекті түрде хабардар етілді.
Биылғы жылғы 16 наурызда ОСК «Хабар» телеарнасында парламенттік сайлауға қатысқан барлық 6 саяси партияның пікірталасын ұйымдастырды. Оған әр саяси партиядан бір өкілден қатысты. Пікірталас жалпыға бірдей әдеп нормаларын сақтай отырып, жоғары ұйымдастырушылық және саяси деңгейде өткізілді. Пікірталас сайлаушылар ортасында үлкен қызығушылыққа ие болғанын атап өткен жөн. Ал сайлау барысын жария ету мониторингін Ортсайлауком республикалық және өңірлік 222 газетке, 15 журналға, 47 республикалық және өңірлік телеарнаға, 12 радиоарнаға, сондай-ақ, 162 танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурстарға қатысты жүргізді. Осы жылдың 25 ақпаны мен 26 сәуірі аралығында бұқаралық ақпарат құралдары аталған сайлау науқанына арналған 30 мыңнан аса материал жариялады. «Сайлау күнделігі» бағдарламасының шығуын күн сайын және апта сайын ұйымдастырған, өздерінің сайлау туралы айдарлары аясында мамандардың қызықты түсініктемелерін, сұхбаттарды, мақалаларды жария еткен және басып шығарған «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерін, «Хабар», «Қазақстан» телеарналарын және Қазақ радиосын атап өтуге болады.
Сайлау күні 7 миллион 561 мың 150 адам дауыс берді. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 77,12 пайызын құрады. Азаматтардың жаппай келуі 80 пайызға жуық болғаны қазақстандықтардың осы сайлауда белсенді дауыс бере отырып, өзінің саяси болашағына жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Осылайша, еліміздің азаматтары өздерінің дауыс берулері арқылы таңдау жасап, қолдау көрсетті.
Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тек саяси партиялардан ғана емес, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясынан да ұсынылғандықтан, 2016 жылғы 29 ақпанда Ассамблея Кеңесі ұсынған Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Орталық сайлау комиссия-
сына тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынды. Өзінің 2 наурыздағы отырысында Ортсайлауком Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына 9 кандидатты тіркеді, олар үшін республикалық бюджет қаражатынан бөлінетін тиісті шығыстар мөлшерін айқындады. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталған соң, 6 наурыздан Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіті басталып, ол 19 наурызда аяқталды.
Сайлау күні – 20 наурызда 6 саяси партиядан 7 пайыздық кедергіні еңсерген «Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы Мәжілісте 98 депутаттық орынға ие болды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы 21 наурызда өз өкілдеріне дауыс бере отырып, олардың Мәжілісте 9 депутаттық орынды иеленуіне мүмкіндік берді. Сайлаудың демократиялылығының елеулі аспектісі Қазақстанның конституциялық-заңнамалық нормалар арқылы аз этностардың саяси құқықтарын бекітуі және нығайтуы болды. Алты саяси партияның үшеуінің Парламентке өтуі көп партиялы Парламенттің түрлі көзқарасты, түрлі идеологияны білдіретінін және түрлі әлеуметтік топтан өкілдік ететінін айғақтайды. Бұл Парламентті неғұрлым кәсіби етеді. Сайлаудың нәтижесінде, Мәжіліске белсенді заң шығарушылық қызметпен айналысып отырған 107 депутат сайланды.
Отандық, шетелдік және халықаралық байқаушылардың сайлаудың барлық кезеңі бойында сайлау рәсімдерінің іске асырылуын, сайлау күні дауыс беру барысын байқауы сайлау үдерісінің беделін арттырып, оған ашықтық, транспаренттілік, әділдік мүмкіндіктерін береді, бір-бірімен белсенді электораттық тәжірибелер алмасуына жәрдемдеседі. Осыған байланысты елдің барлық сайлау учаскелерінде 40 мыңнан астам отандық байқаушы мониторингті қамтамасыз етті.
Әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжатының 8-параграфын басшылыққа алып, Қазақстан өзінің сайлауларын халықаралық байқаушыларды көптеп шақыру арқылы жариялы, ашық және транспарентті түрде өткізіп келеді. Сондықтан Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 817 байқаушыны аккредиттеді. Біздің СІМ сол кезеңде 30 елден шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық сайлауды байқау құқығы берілген 150 өкілін де аккредиттеді. Сөйтіп, парламенттік сайлаудың барысын барлығы 967 халықаралық байқаушы байқады. Байқаушылардың осындай қомақты саны халықаралық қоғамдастықтың республиканың кезектен тыс парламенттік сайлауын қолдайтынының тағы бір көрінісі болды.
Халықаралық ұйымдардың байқаушылар миссиялары, оның ішінде ЕҚЫҰ мен ТМД парламенттік сайлауға жалпы баға берді және сайлау үдерісінің қырлары мен дауыс беру барысын да жеке бағалады. Жалпы, сайлауға берілген бағалар оң болды, ескертулер де бар екенін жасыра алмаймыз. Олар ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының қорытынды есебінде келтірілді, өз кезегінде Ортсайлауком осы халықаралық ұйымның басшылығына жеткізілген қарсы дәлелдермен түсініктеме де әзірледі.
Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді мемлекеттік органдар – мәслихаттарға өткізілген 2016 жылғы сайлау аяқталып келе жатқан жылдың елеулі саяси оқиғасы болды. Біз сол электораттық іс-шараны осылай деп бағалаймыз. Өйткені, оған іс жүзінде барша ел қатысты. Сондықтан да, бұл сайлау сайлаудың жалпыға бірдейлігінің халықаралық мойындалған қағидатын, оның баламалылығын сақтауымен бірге, дауыс беру құпиясын, сайлаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ете отырып өткізілді деп айта аламыз.
Марат СӘРСЕМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі