Облыс әкімі Шахан кентінде орын алған төтенше оқиға жөнінде жедел штаб отырысын өткізіп, Шахтинск қаласы әкімінің (Шахан кенті осы қалаға бағынышты) және тиісті қызмет түрлері өкілдерінің есептерін тыңдады.
Отырыс барысында құтқарушылардың апат орнына дабыл қағылғаннан кейін төрт минут ішінде жеткені айтылды. Облыс басшысы құтқарушылардың жәдел әрі жинақы жұмыс істегенін атап өтті.
Қазіргі таңда жылу қазандығы жарылған үйде Қазақстан қайта құру және даму көпсалалы институты (ҚазҚДКИ) зерттеу жүргізіп жатыр. Мекеме басшысы Жұмағұл Нугужиновтің айтуынша, бұл жұмыстар екі күннің ішінде аяқталуы тиіс.
Жарылыс болған үйді әрі қарай пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылдау және оның қираған бөлігін бұзу ҚазҚДКИ сарапшыларының сарапшыларының қорытындысынан кейін ғана белгілі болады.
Ал техногендік сипаттағы төтенше оқиға салдарынан келген зардаптың мөлшерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қаза болғандарды жерлеу рәсіміне кететін шығындарды Қарағанды облыстық әкімдігі өз мойнына алды. Сондай-ақ, жергілікті билік әрбір қайтыс болғандар үшін 1 млн теңге, ал зардап шеккендердің әрқайсына 500 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, басына іс түскен тұрғындарға көмек ұйымдастыру үшін Шахан кентінде гуманиатрлық көмекті қабылдайтын арнайы бекет ашылды. Мұнда Қызыл жарты ай қоғамынан азық-түлік жеткізілді, сондай-ақ кәсіпкерлер мен тұрғындардан заттай көмек түрлері түсе бастады. Жақын арада зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету мақсатында қоғамдық қор құрылмақшы.
Бұдан бөлек, өңір басшысы облыстағы автономдық жылу жүйесі және жеке қазандықтары бар басқа да көпқабатты үйлердің барлығына зерттеу жүргізу туралы тапсырма берді.
Қайрат Әбілдинов,
«Егемен Қазақстан»