Мэтью Симмондс жиырма жылдан астам уақыт бойы тастан және мәрмәрдан тарихи ескерткіштердің кішкентай үлгісін жасаумен айналысады, деп жазады CNN.
Ағылшын мүсіншісі мен арт-тарихшысы маңызды тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстарынан ерекше шабыт алып, осы саланы таңдаған. Ол 1984 жылы өнер тарихы бойынша академиялық білім алып, орта ғасырдың архитектурасына маманданған. 1991 жылы тас кесу өнерін меңгеріп, сол жылы Ұлыбританияның бірнеше тарихи ескерткіштерін реставрациялау жұмыстарына қатысқан. 1996 жылы Италияға көшіп барып, мәрмәрді кесу өнерін меңгереді. Ол Қытай, АҚШ, Италияда өткен көптеген халықаралық конкурстарда жеңіске жеткен.
"Мен белгілі бір ғимаратты салуды мақсат тұтпаймын. Көбінесе тарихи кезеңді таста өрнектегім келеді. Ғимаратқа қарап, солардың тілінде сөйлеп, өзімнің көргендерімді, ұққандарымды бейнелеуге тырысамын", дейді ол.
CNN-ге берген сұхбатында мүсінші тасқа деген көзқарасы ерекше екенін айтады. "Адамзат өз тарихында о бастан өмір сүру салты мен кезеңдерді таста бейнелеген. Яғни, бұл тарихты болашаққа жеткізу үшін таптырмас құрал. Әлемдегі мәдениеттің бір түрі. Оны табиғат өзі жасаған. Біз тастар арқылы тарихты бейнелей аламыз", дейді Симмондс.
Журналистің мүсіндерді жасауға қанша уақыт кетеді деген сұрағына ол жұмыс тастың өлшеміне байланысты екенін айтады. "Мысалы, кішкентай тастар 2 апта, архитектуралық туынды күрделі болса немесе тас үлкен болса, бірнеше ай уақытым кетуі мүмкін", дейді мүсінші. Сонымен қатар ол алдымен сол кезең мәдениетін зерттейтінін де тілге тиек етіпті. Яғни, тарихи кезеңді жан-жақты қарастырып, сол ескерткіш туралы оқып, ізденуі үшін кейде бір жыл уақыты кетеді екен.