Біз тезектің қызуымен қазан қайнатып өскен елдің баласымыз. Және тіршілік етудің осы далалық формасымен қазір де мақтануымыз керек. Өйткені, қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей күнкөріс көзін басқа ешбір ұлттың тарихынан таппайсыз. Күні бүгінге дейін қазақ даласында экологиялық мәселенің болмауы халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі ерекшелікпен қатар, табиғатпен де етене жақындығын әйгілейді.
Демек, біз қазір әспеттеп жазып жүрген «жасыл экономика», «тұмса табиғат» жайы таңсық тақырып емес екен. Қоршаған ортаны қорғауды табиғаттың өзінен үйренген ұлтқа экологиялық мәселе жат еді. Қазіргі күнгі туындап отырған проблемалар болса, ол бертінгі заманның «жетістіктері» болып саналуы керек. Жалпы, әлемде экологиялық апат алдында тұрған елдердің тізімінен Қазақстанды қазір де таппайсыз. Демек, еліміздің қоршаған ортаны қорғау жағдайына қатысты ұстанымы айқын деген сөз.
Ал, әлемде экология мәселесі өткір тұр. Әсіресе, соңғы он бес жыл аралығында экономикасы дамыған елдер үшін қоршаған орта жағдайына алаңдаушылық алдыңғы орынға шықты. Рас, алып өндіріс ошақтарына арқа сүйеген мемлекеттердің өзара бәсекесінде экология жағдайының екінші орынға сырғуы заңдылыққа айналғандай еді. Ол кезең енді келмеске кетті. Бірақ, жай кеткен жоқ, ауыр зардабын қалдырып кетті. Өкініштісі, жанталаса дамудың да өзіндік мәселе тудыратыны осы қоршаған ортаның ластануы жағдайында көрініс тауып отыр. Нәтижесінде экологияны сауықтыруға бағытталған шығын алпауыт елдердің экономикасына әжептәуір салмақ түсіре бастады. Мұның арғы жағында жалпы адамзатқа залалын тигізетін ғаламшарлық қауіптің де ауылы алыс емес...
Бұған дейін АҚШ, Еуропа елдерінің басынан өткен экология мәселесімен ендігі жерде бізге көршілес елдер де бетпе-бет келе бастады. Мысалға, Шығыстағы Қытайда бұл жағдай сын көтермейді. Елдің ішкі өлкесіндегі өндірісті қалаларда тыныстайтын таза ауа табу проблемасы туындап, тұрғындар арнайы тыныс алу аппараттарын тұтына бастаған. Демек, иек астындағы елдердің басындағы жағдайдың әсері түбінде Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Әрине, біздің елдегі экология тақырыбын сөз еткенде қара аспанды төндіруге болмайды. Басқа-басқа, дәл Қытайдағыдай қауіп жоқтың қасы. Бұл бір жағынан алғанда, елдегі қоршаған ортаны ластайтын өндіріс ошақтарының аз болуына да байланысты. Екіншіден, Қазақстандағы қоршаған ортаның ластануына өндірістік себептерден бұрын техногендік сипатты жатқызуға болар. Олардың қатарына әскери-қорғаныс мақсатында жүргізілген сынақтар мен жоспарлы түрде жүзеге асырылған факторларды қоссақ жеткілікті. Бұл енді басқа әңгіме.
Алдағы жазда Астана төрінде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі ұлт болмысын сипаттайтын тақырыпты қамтып отыр. Қазақстан ұсынған «Болашақтың энергиясы» атауының ауқымына адамзаттың игілігіне қызмет қылатын заманауи жетістіктер толықтай сай келеді. Ал адамзаттың игілігі үшін тер төгу дегеніміз – тұрмыс пен тіршілікке қолайлы жағдай туғызу. Астана көрмесінде алдағы болашақта адам тұтынатын энергия көздерінің қауіпсіз әрі арзан, тиімді әрі қоршаған ортаны ластамайтын түрлері ұсынылып, жаппай қолданысқа енгізілуі жолға қойылса, әу бастағы қазақтардың табиғатпен біте қайнасып өмір сүру салтының жаңғыруы емей не?
Сөз басында тезек туралы айттық. Кәдімгі малдың қиы. Өркениетті қоғам үшін аздаған менсінбеушілік туғызса да, осы мал қалдығының сирек кездесетін табиғи отын екенін бәрібір мойындаймыз. Біріншіден, сиыр тезегінің қызуы өте жоғары болады екен. Әрине, қазіргі қолданыстағы тас көмір, көгілдір отынмен салыстыруға келмес, бірақ тезектің шоғына қойылған шәугім мен электр шәйнектегі судың қайнауы шамалас деңгейде. Демек, табиғи өнімді тұтынып алатын энергия мен энергетика қуатын шығындап өндіретін жылудың күші тең түседі деген сөз. Мұның адамға пайдасы, алғашқысының арзан әрі зиянсыз екендігі ғана. Бірақ, қазіргі қоғам, әсіресе урбанизацияланған орта үшін тезек терудің уақыты өтті. Мал басын өсіріп, таза ет пен сүт өндіру ісі кенжелеп отырған жағдайда тезек шаптау үшін сиыр ұста деу күлкілі болар еді. Ендеше, әлі де толықтай газдандырылып үлгермеген Қазақстан үшін қыс бойына көмір мен мазут отынын тұтыну үрдісі жалғаса бермек. Осы көмір жағудың қымбатқа түсетіні өз алдына, экологиялық тұрғыдан зияны жоғары екенін ескере бермейміз. Көмір қалдығының қоршаған ортаны ластауы мен отын қызуынан бөлінетін газдың зиянды әсерін еуропалықтардың өзі соңғы 5 жылда анық мойындап, қазір кейбір мемлекеттер отының бұл түрін пайдалануға мүлдем тиым салған екен. Рас, кәрі құрлық төріндегі көгілдір отынның қол жетімділігімен анықталатын бұл жетістік, қазақ ауылы үшін түске кірмейтін жағдай болуы да мүмкін. Дәлірегі, дәл қазір бізге электр энергиясы мен жанармай пештерінен бөлек үйді жылытуға баламалы отын көзі жоқ сияқты көрінеді. Жоқ, ізденіп көрсек біздің елімізде де биоотын өндірісі дамып келеді екен. Соның бір мысалын пеллет өндіретін шағын кәсіпорындардың жұмысынан байқаймыз.
Пеллет дегеніміз не өзі? Бұл – кәдімгі ағаш немесе құрамында ағаштекті жанғыш заттар қосылған қалдықтардан жасалатын өнім ғана. Біздің пеллет өндірісіне деген қызығушылығымызды да осы қалдықтарды толықтай кәдеге жарату арттыра түсті. Және бұл өндірістің еліміздің төрт тарабынан да табылатыны қуантады. Мысалға, Солтүстік Қазақстан облысында таза ағаш қалдықтарын өңдеп, пеллет дайындау жолға қойылса, Алматы облысында майбұршақтың сабағы мен күріштің қауызын да биоотын үшін пайдаға жарату қолға алыныпты. Шығыс Қазақстанның орманды аудандарында осы өндіріске қызығушылық бар.
Бүгінге дейін дайындалған пеллет түрлері дизель отынымен салыстырғанда арзан әрі қызуы жоғары отын түріне айналған. Демек, кәдімгі қазандықтарда маздап жанатын өндіріс қалдықтары таяу уақытта баламалы отын көзі ретінде жаппай қолданысқа енгізіле бастауы тиіс. Өкініштісі, пеллет түйірлерін дайындап шығаратын технология тым қымбат тұрады екен. Әу баста Швеция, Аустрия, Дания сияқты елдерде бастау алған пеллет өндірісі келе-келе бүкіл Еуропаны қамтып, тиімді бизнес көзіне айналған. Былай қарағанға, пеллет дайындау оп-оңай әдіс сияқты. Бұл ағаш, үгінді, жаңқа және үгітілген қоқымдардың кептірілген қалдықтарын тығыздау әдісімен әзірленетін қатты отынның бір түрі ғана. Бірақ оны жасап шығару технологиясының қолжетімді болмауы, бұл отын түрінің қай кезде де сұранысқа ие болатындығын білдіретіндей.
Пеллет өндірісінің өнімдері бірнеше түрге бөлінеді. Ағаш түйіршіктері, циллиндр тәрізді отын, брикеттер сияқты өнімдердің құрамы негізінен табиғи таза қалдықтардың сығымдалуынан тұрады. Яғни, жану кезінде ешқандай зиянды заттар бөлінбейді. Және тығыздалған ағаштың қызуы арта түседі дейді. Мысал үшін, кәдімгі тас көмірдің 1 килосынан алынатын жылу қуаты 4500-5300 килокалорияны құрайтын болса, дәл сондай салмақтағы пеллеттен алынатын қызуда 4800 килокалория шамасында. Бұл жердегі тұтынушының ұтатын тұсы, пеллет бағасының арзан болуы мен зиянды қалдықтардың мүлдем болмауы. Қараңыз: пеллеттен шығатын күл массасы 1 пайызға жетпейтін болса, көмірден шығатын күл 8-15 пайызға дейін.
Қалай десек те, елімізде енді ғана қанат жая бастаған баламалы отын түрлерінің экологиялық талаптар тұрғысынан да сұранысқа ие өнімге айналып отырғаны қуантады. Ал Үкімет тарапынан биоотын өнімдерін шығарушыларға ерекше жанашырлық қажет екендігін айту артық шығар. Тезектің шоғына қайнаған қазақтың қара қазанын пелеттің қызуы да оттан түсірмейтіні анық.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»