2017 жылдың алғашқы фильмін түсіру жұмысы қолға алынды. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Қытай кинематографистерімен бірлесіп «Композитор» (жұмыс атауы) атты фильм түсірмек. Аталған фильмнің түсіру жұмыстары бойынша кездесу өткізу үшін ҚХР-дың танымал режиссері Шеризат Якуб бастаған Shineworks кинокомпаниясының түсіру тобы Алматыға арнайы келді.
Бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы талқылаулар 2015 жылы Қытайдың Фучжоу қаласында өткен «Жібек жолы» кинофестивалінде басталған болатын. Ал 2016 жылы «Қазақфильм» кино- студиясы және Қытайдың Shineworks кинокомпаниясы арасында «Композитор» атты фильмді бірлесіп шығару және қаржыландыру, сонымен қатар, ортақтаса отырып прокатқа шығару жөнінде келісімге қол қойылды.
Бұл фильм әлемдік өнерге елеулі үлес қосқан Қытайдың танымал композиторы Си Синхайдың өмірі мен өнер жолына арналмақ. Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1943) композитор Қазақстанда тұрып, қазақтың талантты композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болған. Картина екі ел арасындағы ынтымақтастық пен композиторлардың достығы туралы сыр шертеді.
– Бүгінгі күнге дейін біраз жұмыс атқарылды. Қазақстан жағынан серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Қытайда Си Синхай туралы, оның әр жылдары өмірі туралы баяндайтын фильмдер көп, бірақ композитордың Қазақстанға келіп, аз уақыт болса да осында өмір сүріп, Алматыда жұмыс істегені туралы көпшілік біле бермейді. Композиторды Қазақстанда жылы қарсы алып, оның шығармашылығына қолдау көрсеткені туралы айтып беру – біз үшін өте маңызды, – дейді фильмнің режиссері Шеризат Якуб «Қазақфильм» өкілдерімен кездесу барысында.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков: – «Қазақфильм» үшін бұл – Қытай киногерлерімен жасалғалы отырған алғашқы жоба. Сондықтан да, біздің тараптан бұл жобаға білікті мамандар тартылып отыр. Екі ел арасындағы өнер байланысын арттыра түсу мақсатында қолға алынған фильмді абыроймен атқарып шығамыз деген ойдамын, – деді.
Ортақ кинотуынды болса да, шекарасы жоқ өнер туралы терең ойға тиянақталған түсірілімнің негізгі бөлігі Қазақстанда өтпек.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ