05 Қаңтар, 2017

Жаһандық қауіпсіздік жолындағы жаңа миссия

387 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
01Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде жұмысын бастады Еліміз өз Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығын барлық салаларда толайым табыстарымен қарсы алған соң, биылғы жылдың басында тағы бір маңызды оқиға болды. 3 қаңтарда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құқығында Кеңестің 2017 жылғы бірінші отырысына қатысты. Отырыс барысында Қауіпсіздік Кеңесінің 2017 жылғы қаңтар айына жұмыс бағдарламасы бекітілді. Отан­дық делегацияға Қазақстан Респуб­ликасының Уақытша сенімді өкілі Барлыбай Садықов жетекшілік етті. Сол күні Қауіпсіздік Кеңесінің мүше­­лері – АҚШ, Боливия, Жапония, Ита­­лия, Қазақстан, Қытай, Мысыр, Ресей, Сенегал, Украина, Уругвай, Ұлы­­­британия, Франция, Швеция және Эфио­пия елдері делегациялары басшы­лары­ның дәстүрлі кездесуі болып өтті. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Б.Садықов осы органның жұмысындағы превен­тивті дипломатия және сенім шара­ларын нығайту, ядролық қаруды таратпау, дау-жанжалды реттеу және халықаралық терроризмге қарсы әрекет ету сияқты Қазақстан үшін басым­дық­қа ие мәселелерді атап өтті. Осы тұрғы­да ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын БҰҰ қабырғасында жарияланған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастамасының табысты іске асырылғандығын және осы үнқа­тысу форумының Азия құрлығын­да қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосып келе жатқандығын атап айтты. Отандық дипломат Қазақстан бас­шысының «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесінің өзектілігін атап көрсете отырып, 2045 жылы БҰҰ құрылуының 100 жылдығына ядролық қарусыз, соғыссыз және дау-жанжалсыз әлем құруға бірлесіп күш-жігер жұмсаудың маңыздылығына назар аударды. Кеше Сириядағы (елдегі химиялық қару­мен байланысты ахуал) және Ирак­тағы (гуманитарлық аспект) жағдай бойынша Кеңестің жабық консуль­тациясы болды. Айдың негізгі іс-шараларының бірі осы жылдың 10 қаңтарына жоспарлан­ған БҰҰ ҚК-нің «Дау-жанжалдардың алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы жоғары деңгейлі ашық пікірталастары болмақ, олардың барысында Кеңес мүшелері өздері­нің осы саладағы басымдықтары мен БҰҰ жаңа басшылығына қолдау­ларын білдіреді деп күтілуде. Пікірталас­тарға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің сыртқы сая­сат ведомстволарының бірқатар бас­шылары, соның ішінде Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірах­манов қатысады. 17 қаңтарда тұрақты өкілдер дең­гейінде Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі бойын­ша тоқсан сайынғы дәстүрлі ашық пікір­талас­тар өтеді. Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес, жылдың алғашқы айында бри­фингтер мен жабық консультациялар бары­сында Йемен, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Респуб­ликасы (ОАР), Судан (соның ішінде Дарфур және Абьей провинция­ларын­дағы) және Оңтүстік Судан, Батыс Африка және Сахель, Мали, Чад, Сомали, Кипр, Колумбия елдері мен өңірлеріндегі ахуал, сондай-ақ, Иран ядролық бағдар­ламасы бойын­ша 2231 қарарын орындау мәселелері талқыланады. Қазақстан төрағалығымен Сомали мен Эритрея жөніндегі және террористік топтармен күрес жөніндегі БҰҰ ҚК комитеттерінің отырыстары өтеді. 2017 жылғы қаңтар айында Кипрдегі және ОАР-дағы ахуал, сондай-ақ, ҚК мүшелерінің арасында пәтуаластыққа қол жеткізілген жағдайда Сирия Араб Республикасындағы химиялық қарумен байланысты ахуал бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің жоспарлы қарарлары қабыл­данады деп күтілуде. Қауіпсіздік Кеңесі – Біріккен Ұлт­тар Ұйымының жарғысы бойынша, халықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіз­діктің басты жауапкершілігі жүктелген және тұрақты жұмыс жасайтын орган саналады. Ал еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз. Өйткені, еліміз бейбітшілікті, қауіп­сіздік пен орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақ­ты істерімен дәлелдеп келеді, дәлел­дей бермек. Өткенге шамалы шолу жасайтын бол­сақ, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің тұрақты емес мүшесі болуға ниеті жөнінде 2010 жылы жария еткен болатын. Үш жылдан кейін Астана өз үміткерлігін сүйемелдеу мақсатында ресми науқанды бастады. Науқан Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына негізделді, соған сәйкес халықаралық ұйымдарға бел­сенді қатысуы елдің ұлттық мүд­делерін қорғау­дың және барынша таны­малдығын қам­та­масыз етудің маңызды құралы болды. Сондай-ақ, Кеңеске мүшелік өңірлік және жаһандық сырт­қы саясатының қозғаушы күші болып табылады. Осы науқан аясында халықара­лық ынтымақтастықтың төрт басым сала­лары – азық-түлік, су, энергетика және ядролық қауіпсіздікті қоса алғанда, Қауіпсіздік Кеңесімен байланысты трансұлттық қауіп­сіз­дік мәселесіне де ерекше көңіл бөлі­неді. Қазақстан мүшелігі барысында өз­інің жеке тәжі­рибесіне қарай отырып, осы са­ла­ларды басты назарда ұстайды. Сонымен бірге, Кеңеске мүшелік мәр­тебесі біздің елімізге басты сыртқы сая­си және эко­­но­­микалық серіктес ретін­де өз маңыз­­дылығын арттыруға, халық­аралық келіс­­сөздерде позициясын ны­ғайтуға мүм­­кіндік береді. Жаңа байла­ныс­тарды реттеуге және дәстүрлі бай­ланыс­тарды жаңа деңгейге шығаруға жол ашады. Өткен жылдың 28 маусымы Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалады. Себебі, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде оған қатысқандар арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі – Тайланд корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын. Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болу бастамасы алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Ел­басының тапсырмасына орай, Қазақ­стан­ның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келіп, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, өз алдына БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жыл­дар­дағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойды. Осыған байланысты Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіп­сіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болу­ға, бейбітшілікті орнықтыруға және халық­тар арасындағы ынтымақтастықты іл­гері­летуге сенімді әріптес болуға ұм­тыла­ды. БҰ­Ұ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­­ты емес мүшесі болуға талпынудың негі­зінде де дәл осы мақсат жатыр», деп атап өткен еді сонда. Қазақстандық дип­ломатия алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты әрі қызу жұмыс­тарға кірісті. Беделді Ұйымның құры­лымына мүше болу үшін кемінде 193 мемлекеттің 129-ының сенімін алу керек болатын. Ал мұндай мүшеліктен Қазақстан не ұтады дегенге келсек, бұл – ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Қазақ­стан Парламенті Сенатының Төраға­сы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тәуелс­іздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қоғамдастық мойындап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуел­сіз­дік тұғырындағы тұңғыш шешімі – Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі 4-ші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы Жарлығы болды. Сондай-ақ, еліміз 2009 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Осы бастамалардың өзі Қазақстан­ның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастама­лар­ды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақ­стандық бастамалар елімізді көш­басшыға айналдырды. БҰҰ-ға мүше мем­лекеттердің Қазақстан канди­датурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық. Қазақстан енді осынау көшбасшылық ұстанымын әрі қарай белсенді түрде ілгерілететін болады. Кеңеске мүшелікті Қазақстанның өңірлік қана емес, ғалам­дық қауіпсіздікке қосқан үлесінің бағалануы деп қараған жөн. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»