Жергілікті билік тағдырдың жазуымен тауқымет тартып қалған мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамту мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді.
Өңірде шамамен 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар болса, олардың 3 мыңға жуығы балалар. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері бойынша, есепті кезеңде 620 мүгедек жан жалпы сомасы 514,5 млн теңге болатын қозғалыс құрылғылары, сурдотехника, тифлотехника, санаторийлік-курорттық сауықтыру, протезді-ортопедиялық қызметтер, гигиеналық құралдар, ымдау тілі мамандарымен және жеке көмекшімен қамтамасыз етілген. 2100-ден астам адам үйде күтім түрінде әлеуметтік көмек алады. Төрт үкіметтік емес ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 273 мүгедек балаға осындай қызметтер көрсетеді. Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша Ұлт жоспарын жүзеге асыруға сәйкес 125 нысан әлеуметтік бейімдеуден өтті. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен өңірде мүгедектерді оңалтуға бағытталған басқа да жобалар жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы саладағы бақылауды күшейтіп, мүгедектерді жұмысқа қабылдау квотасын бұзған мекемелердің басшыларына қатаң шара қолдануды ұсынды. Облыс әкімі, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға қала бойынша қозғалыс үлкен қиындық туғызып отырғанын және бұл мәселені шешуде инватакси санын арттыру қажеттігін атап өтті. Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған әлеуметтік іс-шараларға тәрбиелеу мақсатында жастарды белсенді тарту қажеттігіне тоқталды. Мемлекет басшысының саясаты тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына негізделгеніне, мемлекет арнайы бағдарламаларды жүзеге асырып, мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету үшін қыруар қаржы бөліп отырғанына назар аударды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ