Баяғыда теңіздің жағасында балықшылар отбасында дүниеге келген бір қыз балығы жоқ қашықтағы қойлы ауылға тұрмысқа шыққан кезде бал татыған балық сорпасын менсінбеуші едім, қи татыған қой сорпасына тап болдым-ау деген екен. Сол айтқандай, дәмі тіл үйіретін балық пен оның сорпасынан ешкім бас тарта қоймайтын шығар. Яғни, қазіргі күні балық пен балық етіне деген сұраныс арта түсуде. Осы орайда батысқазақстандық кәсіпкерлер Әлібек Сартаев және Еркін Әлбетияров пен Меңдіжан Сәрсенов тұтынушыларға арналған айрықша жобаны іске асырды. Бұл – тірі балық сататын дүкен кешені.
Оның тағы бір ерекшелігі, балықты өсіріп, ұстауға арналған ірі бассейн құрылысының қоса аяқталуы. Сөйтіп, жаңа кешеннен тұрғындар шортан, сазан, мөңке секілді дәмі тіл үйіретін балықтарды шоршыған тірі күйінде сатып ала алады. Сондай-ақ, тірі шаянның етіне тәбетіңіз тартса, бұған да жол ашық. Кешенде алабұға, табан, көксерке және торта делінетін балық түрлерін мұздатылған күйінде тұтынушыларға ұсыну белгіленген.
Аталған кәсіпкерлер тобы қолға алған келелі істің келешегі бұдан да жарқын. Яғни мұның өзі тірі балық сататын өзге де дүкендер желісі деген сөз. Мұның сыртында тұтынушылардың сұранысына орай жеткізілетін балықтар мен балықтан жасалған тағам түрлері де бар. Ең бастысы, олар таяуда өздері өсірген балық өнімдерін таяу және алыс шет елдерге экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні кез келген азық-түлік өнімдері түрлерінің қолжетімді бағамен сатылуының алар орны ерекше. Осы орайда кәсіп иелерінің мәселенің осы жағына көбірек көңіл қойып отырғаны тек құптауға және қолдауға лайықты деуге болады.
Бүгінгі күні кәсіпкерлер үштігі сауда орталығын техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыруға қомақты қаражат жұмсаған екен. Осы арқылы кешен ғимаратының пайдалы аумағы одан әрі кеңейіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туыпты. Сөйтіп қазіргі кезде тірі және мұздатылған балықтар сататын сауда орталығында отыз адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал алдағы уақытта бұл санды екі жүзге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суретте: тірі балықтар осылай саудаланады.