Биыл 10 маусым және 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі 2017 жылғы Қазақстандағы негізгі оқиғаға айналады. Осыған орай, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханада «Астана EXPO-2017 – «БОЛАШАҚТЫҢ ҚУАТЫ» тақырыбында мазмұнды кітап көрмесі ашылды.
Көрменің ашылу салтанатына жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбеков, белгілі ақын Бахытжан Тобаяқов, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының орынбасары Әлия Қожабекова және «ЭКСПО-2017» көрмесі билет операторының ресми өкілі Виталий Лю қатысты.
Көрменің мақсаты – Қазақстан Тәуелсіздігінің аса бай тарихын ашып сипаттау, сол шежіредегі халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін жарқын беттерге айналдыруға үндеу, елорда қонақтары мен кітапхана оқырмандарын ЭКСПО тарихымен таныстыру; «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жобалары мен Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу туралы әңгімелеу.
Көрме келесідей төрт бөлімнен тұрады: «ЭКСПО тарихы», «Астана ЭКСПО-2017», «Қазақстан», «Болашақтың қуаты». Сөрелерге 400-ден аса кітап қойылған, Олардың арасында «Лондоннан Астанаға дейін халықаралық көрме тарихы» атты Бүкіләлемдік көрмелер тарихы туралы үш томдық кітап бар. Бірінші том 1851-1933 жылдарды, екіншісі – 1935-1968 жж., үшіншісі – 1970-2017 жылдар аралығын қамтыған.
Көрменің музыкалық бөлімінде кітапхана маманы Бекзат Смағұловтың орындауында екі ән шырқалды. Біріншісі – халық әні «Балқадиша». Ескеретін жайт, 1925 жылы Париж қаласында өткен ЭКСПО көрмесінде осы әнді Әміре Қашаубаев орындаған екен. Екінші орындалғаны – «Менің елім», бұл әннің сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев, музыкасын Бекболат Тілеухан жазған.
Кітап экспозициясының ашылуы оқырмандар мен шетелдік қонақтардың Қазақстан, ЭКСПО туралы білімдерін тереңдетуге, қазақстандықтардың елімізде өткізіліп жатқан оқиғаларға белсенді қатысуына, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге және өз еліне деген мақтаныш сезімдерін оятуға септеседі.
ЭКСПО қонақтарын қазақтың жазба тарихымен және Кітаптармен таныстыру мақсатында 2014 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Кітап мұражайы ашылды. 2016 жылы Кітапханада «Қазақстан Республикасының 2017 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күнтізбесі» шығарылды. Күнтізбеде ерекше орын ЭКСПО-2017 көрмесіне берілген. Бұл еңбекте сан алуан материалдар, сонымен қатар Бүкіләлемдік көрмелер тарихы, ЭКСПО-ның негізгі хронологиясы, ЭКСПО-ның шығу тарихы және «Астана. ЭКСПО-2017 «Болашақтың қуаты» бойынша ақпараттар берілген. Бүгінде кітапханада Сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығын құру жұмыстары жүргізілуде, жаңа орталық ЭКСПО қонақтарын қазақтың және әлемнің басқа да халықтарының тарихи-мәдени салт-дәстүрлері туралы құнды ақпараттардан тұратын тарихи-ғылыми маңызы ерекше кітап ескерткіштерімен таныс етеді.