«Ассалаумағалейкүмнен» соң міндетті түрде «Не жаңалық?» дейтініміз бар. Үйреншікті сұраққа – үйреншікті жауап: «Жаңалық жоқ... Аман-есен...». Ең қызығы, осынау қысқа ғана сұрақ-жауаптағы «жаңалық жоқтан» кейін адамдар арасында бір біріне көсіліп жаңалық айту басталады екен. Социологтар солай дейді, әрине, онда да егер сұхбаттасушылардың оған уақыты жетіп жатса, айтылып қана қоймайды, қызу талқыланатын көрінеді.
Кезінде бір телеарнаға үңіліп, бір-екі газетке шұқшиып, бір радиоға құлақ түріп үйренген буынның тасқындаған жаңалықтар нөпірін бойына сіңіре алмай «басы айналып» қалған жайы бар. Енді ше, 100-ден астам телеарна, 100-ге жетеқабыл газет-журнал, веб-сайттардың санынан, тіптен жаңыласың... бәрі қосылып алып күн-түн демей «атқылап» таратқан ақпаратының қайсы- бірін қармап үлгерерсің? Өскемендегі зоопаркте бір қыздың бетіне түйе түкіріп жіберген... саваннада суретке түсірмек болған журналист қызды көліктің терезесінен атылып бас сұққан арыстан жеп қойған... Алепподағы атыс пен Америкадағы құлаған жекеменшік ұшақтың жай-жапсары туралы бір мезетте құлағдар боласың! Смартфон сурет те түсіреді, бейнеролик те жасай береді. Халықтың бәрі жаңалық қуып кетті, әйтеуір, елді дүрліктіруге, жұртты таңғалдыруға әуес! Бұған қосымша, қазір кез келген азамат бір мезетте «Ютубтың» жұлдызы болып шыға келеді. Журналистер жайына қалғандай!.. Аузы дуалы, әлемдік мәртебесі бар ақын ағамыз Олжас Сүлейменов «Шатастырмаңыздар, әлеуметтік желі – журналистика емес!» деп бір, қабағы түйіліп айтқанда барып, «үһ» деп бір күрсіндік те қойдық. Қазір осы жолдар жазылу үстінде, ал төрткүл дүниенің төрінде қандай оқиғалар болып жатыр?! Ақпараттың алпауыты, жаңалық атаулының жаршысы – БиБиСи секілді қуатты ақпарат машиналарына Жер шарының төрт бұрышынан оқиғаның ізін ала 15 минут немесе әрі кеткенде жарты сағат бұрын болғанын тіркеп, қолма-қол тарата қою түк емес! Ал тікелей хабар таратудан алдына жан салмайды! ...90-шы жылдардың басы. Телеарнада сұхбат жүріп жатты. Студияда – екеу, театр директоры Тұңғышбай әл-Тарази және тілші Баян Есентаева. Әңгіменің орта тұсында мынандай сауал қойылды. «Тұңғышбай Қадырұлы, сіздің бойыңызда «қазақбайский» қылықтарыңыз көп дейді, бұған не дейсіз?!» «І-ім... Иә, ондай, қылық бар! «Қазақбайский» қылықтар менің жаныма сондай жақын. Керек десеңіз, ол мен үшін – мәртебе! Бірақ, сіздер айтып жүргендей, «қазақбайский» қылық пен «мырқымбайский» қылықты жүдә шатастыруға келмейді. «Мырқымбайский» – менің жауым!» Халық әртісі Тұңғышбай әл-Таразидың ол жауабы неге екені... талайлардың жанына майдай жағып, жаңалық көріп, көпке дейін ауызекі әңгімеде қызына айтылып та жүрді. Бүгінгі ақпарат әлемінде «аяушылық білдіру» деген ұғым атымен жоғалды... Ақпарат ағыны адамдардың беделіне, мансабына, халқының сүйіктісі екендігіне де қарамайды. Бүгінгі ақпарат болған оқиғаны талдап жатпайды, болған оқиғаны таратып қана тынады. Ақпарат әлемі – аламан жарыс, кім бірінші?! Өткен айдың басында бүкіл әлеуметтік желі, БАҚ, сапырылысқан сайт арқылы елімізге есімдері аса танымал әрі беделді осы екі азаматқа қатысты ақпаратты аяусыз төгіп-шашты. Әп-сәтте елдің аузындағы «ең маңызды» жаңалыққа айналды. Шүкір, әйтеуір «дуылдап», дауыл соққандай болып барып басылды. Иә... ақпарат әлеміндегі мұндай дауыл өз екпінімен басылмайынша, ешкім тоқтата алмайды. Болашақта да солай! Бүгінгі буырқанған ақпараттың ағыс арнасы мүлдем басқаша! Әйтеуір, тілге тиек етер, елдің құлағын елең еткізер жаңалық табылса, жерде қалмайды. Қас пен көздің арасында ақпараттың ұлы көшіне ілеседі де кетеді. Бұл – масс-медиадағы сөз бостандығының басты талабы! Әйтсе де, тек қана жаңалықтың соңынан екі өкпесін қолына алып қуып үйренген, бізді де – кеңестік журналистиканың шекпенінен шыққан буынды, соған бейімделген Батыстың да, Американың да журналистерінің бұдан да қажығандығы байқалып қалды. Әлем журналистері арасындағы әзілдеп айтылып жүрген «no news is good news – жаңалықтың жоқтығының өзі жақсы жаңалық» деген тіркестің дүниеге келуіне осынау құбылыс себепші-ау?! Ақпаратқа да ішінен өзіңе керектісін ғана қиып алар күн туды! Яғни, бұл – ақпаратқа, жалпы жаңалыққа «диета ұстауға» тура келеді деген сөз емес пе өзі... No news – good news!
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ