06 Қаңтар, 2017

Қызғалдақ саудасы қызбай тұр

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

galym-aga-2

Күнде әйеліме гүл сыйлап жатқан жоқпын, Жаңа жылдың құрметіне оған есте қаларлықтай тосынсый жасайыншы деген оймен екі күн бойы Астананың гүл сататын дүңгір­шектерін адақтап шықтым. Іздегенім – кәдімгі қырмызы қызыл қызғалдақ. Шынын айтсақ, жалындаған жастық шағыңызда көбіңіз қыздарға көздің жауын алатын, иісі мұрын жаратын қызғалдақ сыйлаған шығарсыз-ау. Қыздарға ерте көктемде енді ғана бүр жарған бәйшешек, ал мамыражай мамыр айында  қызғалдақ сыйлаушы едік ғой. Сай-саланы, қыр-белесті, тау-тасты кезіп, тамыры терең бойлаған қызғалдақты өз қолымызбен асықпай-саспай үзген, тамаша көңіл-күй мен сезімге бөленген күндерді қалайша ұмытарсың? Гүл сататын оншақты дүңгір­шек­ке бас сұққаныммен, іздегенімді таба алмадым. Тіпті, кейбір гүл сатушы­лар: «Есіңіз дұрыс па, осындай қы­раулы, қытымыр қыс айында қыз­ғалдақ іздегеніңіз қай сасқаныңыз?» дегендей бажырая қарады. Гүл дүңгіршектерін күнде аралап жүрген кім бар дейсіз?!. Сөйтсем, гүл бизнесінің де көбіміз біле бермейтін қыр-сыры бар екен. Қызғалдақтар 8 Наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне екі-үш күн қалғанда ғана жаппай сау­да сөрелеріне шығарылатын болып шықты. Басқа уақытта бірлі-жарым болмаса, көп дүңгіршектерден  қызғалдақ табуыңыз екіталай. Тек алдын ала тапсырыс берсеңіз ғана қол жеткізуіңіз мүмкін. Онда да бағасын қалтаңыз көтерсе жақсы. Гүл сатушылардың айтуына қарағанда, арнайы тапсырыстың құны қымбат. Оның үстіне қызғалдақтар басқа гүлдер секілді бірнеше күн жайқалып тұрмауы мүмкін, тез солып қалатын көрінеді. Сондықтан да гүл бизнесімен айналысатындар нартәуекелге бара бермейтін болып шықты. Барлық кіріс-шығысын, тиын-тебенін есептейтін кәсіпкердің пайда ойлайтыны анық. Өйткені, айшылық алыс жерден десте-десте гүлдерді жеткізетін кәсіпкерлер бірінші кезекте шығынға батпауды ойлайтыны сөзсіз. Қызғалдаққа интернет-дүкен арқылы да тапсырыс беруіңізге болады. Бірақ, шынында да бағасы удай. Бір дестесі 14 000 теңгеден 50 000 теңгеге дейін. Дизайны мен безендірілуіне және дестедегі қызғалдақтың данасына байланысты баға бұдан да жоғары болуы мүмкін. Байлығы асып-тасып жатқандар болмаса, орташа табысы бар адамдардың мұндай тапсырыс беруі екіталай. Сіз білесіз бе, Қазақстанға гүлдер қай елдерден тасымалданады? Гүл сатушылардан сыр суыртпақтап жүріп білгеніміз – Қазақстанның қалаларында сатылып жатқан гүлдердің 75 пайызы сырт елдерден тасымалданатын болып шықты. Голландия, Германия, Австрия, Таиланд, Иран, Эквадор... Ең жақыны – Өзбекстан. Қытайдан келіп жатқан гүл де көп. Өйткені, бұл елде гүл өсірумен айналысатын 25 мыңнан астам ірі шаруашылық бар екен. Бұл шағын шаруашылықтарын қоспағанда. «Сонда сырттан тасымалдағанша, қазақстандық кәсіпкерлер гүл өсірумен неге өздері айналыспайды?» деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. – Айналысуға болады, – деді гүл сатушылардың бірі. Ізет сақтай отырып, сыпайы түрде жөнін сұрап едім, айтқысы келмеді. – Қажеті жоқ, біз бар болғаны сатушымыз. Дайын гүлдерді жеткізіп береді, біз тұтынушыларға ұсынамыз. – Басқа мемлекеттерден тасымалдамай, өзімізде өндірсе, гүлдің де бағасы удай болмас еді ғой... – Жоқ. Гүлді өсіргеннен гөрі сырттан тасымалдаған пайдалы. Өйткені, оның өзіндік құны төмен. Жылыжай салып, қымбат бағаға көшет, тұқым сатып алғаннан гөрі, дайын өнімді сырттан тасымалдаған әлдеқайда тиімді. Әңгімелерінен ұққаным, гүл – қымбат бизнес. Жастар тіпті бұл бизнестен аулақ жүретін көрінеді. Өйт­кені, тәуекелге баруына тура келеді. Сонымен, қырмызы қызыл қыз­ғалдақ іздеймін деп гүл бизнесінің бұ­ған дейін біле қоймаған кейбір қыр-сырына қанықтым. Бір көз жеткені –  қазіргі қызғалдақтардың тауар ретінде түрі жақсы, көз тартады, бірақ дала қызғалдағындай көңіл хошын көтеретіндей тамаша иісі жоқ-ау, жоқ...

Ғалым Омархан,

«Егемен Қазақстан»