Маңдай тер, табан ақы арқылы бала-шаға нәпақасын ілдәлдалап айырып жүрген еңбек адамдарына жалақы төлемеу, болмаса кешіктіріп беру фактілері облыста азаяр емес. Бүгінге дейін 200-ге жуық жеке тұлғадан өтініш түсіп, жұмыс берушілерге 35 миллион теңге айыппұл салынса да, мәселе түпкілікті шешімін таппай отыр.
Еңбек инспекторларының мәліметтері бойынша 11 кәсіпорынның ғана берешегі 70 миллион теңгені құрайды. Заңды ақшаларын даулап жүргендердің саны төрт жүзден асып жығылады. Тізімге енген жұмысшы-қызметкерлердің басым бөлігі – ауылдықтар. Мәселен, «Би Электро», «Ақжар Целина», «Қайранкөл Астық», «Транс Авто» сықылды серіктестіктер еңбекақы жөнінен қарызға белшеден батқан. Жыл басынан бері жарты мыңдай мекемеге тексеріс жүргізіліп, бір жарым мың еңбек заңнамасының бұзылу оқиғалары тіркелген. 316 лауазымды және заңды тұлғаға 48 миллион теңге айыппұл салынып, түрлі жазаларға тартылған.
Еңбек қауіпсіздігі сақталуының да оңып тұрғаны шамалы. 69 жазатайым фактісі орын алып, 7 адам қаза тапқан.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы