01 Ақпан, 2017

Соттар электронды жүйеге көшеді

139 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздегі соттар қызметінің былтырғы жұмысы мен  судьялардың VII съезінің қорытындысына арналған брифинг болып өтті. Оған Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева мен Жоғарғы Сот судьясы Елена Максюта қатысты. Брифингте А.Рахметулин 2016 жылы Қазақстан сот жүйесін дамытудың жаңа кезеңі басталғанын, Ұлт Жоспарын практикалық тұрғыдан іске асыру қамтамасыз етілгенін, судьялардың VII съезі өтіп, онда сот жүйесін дамыту басымдықтары айқындалғанын атап өтті. Ол былтыр сот жүйесінің атқарған жұмысының негізгі қорытындысына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, судьялардың VII съезінде Мемлекет басшысы үш сатылы сот төрелігі жағдайындағы соттар жұмысын жоғары бағалады. Қазір жаңа процестік ережелер мен құқықтық институттар, судьяларды іріктеу мен олардың қызметте өсуіне арналған жаңа жүйес алғашқы тексерістен өтіп, өз өміршеңдігін дәлелдеді. Сот сатыларының қысқаруы бірінші және апелляциялық сот сатыларының рөлін күшейтті. Судья лауазымына үміткерлер үшін жұмыс өтілі бойынша талап қатаңдатылды, жаңадан тағайындалған судьялар үшін сынақ мерзімі енгізілді. Полиграф арқылы зерттеу енгізілді. Судьяларды іріктеу кезеңі барынша жариялы түрде өтеді. Бұл жұмысқа Қоғамдық кеңестер кеңінен тартылған. Оқу процесі мен сот практикасын барынша байланыстыруға мүмкіндік беретін, судьялардың біліктілігін жоғары деңгейге жеткізуді қамтамасыз ететін, ғылыми-зерттеу жұмысын жетілдіретін Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрылды. Сот жюриі өз қызметін жаңа тәртіп бойынша жүзеге асыруда. Ендігі кезекте судьялар өз біліктілігін әрбір бес жыл сайын дәлелдеп отырады. Өткен жылы 1200-ден астам судья алғаш рет кәсіби бағалаудан өтті. Осы орайда ол барлық соттар аудио-бейнетіркеу жүйесімен 100 пайызға жабдықталғанын, судьялардың VII съезінде Судьялардың жаңа әдеп кодексі қабылданғанын, ол судьялардың кәсіби және соттан тыс қызметін реттейтінін айтты. –Жоғарғы Сот Қазақстан халқы ассамблеясымен Медиация институтын дамыту жөнінде меморандумға қол қойды. Осындай меморандумдарға облыс әкімдіктерімен де қол қойылды. Өңірлерде медиация бөлмелері ашылды. Жоғарыда айтылған шаралар сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сот жүйесінің ашықтығын арттыру мен соттардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған, – деді Абай Рахметулин. Жалпы оның айтуынша, өткен жылы соттар жұмысының сапасына қанағаттанушылық деңгейі 74 пайызға жетті. Мұны 16 мыңнан астам адам қатысқан электрондық сауалнаманың нәтижесі дәлелдейді. Шамамен осындай нәтижені Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының зерттеуі де көрсетті. Дүниежүзілік экономикалық форум мен Бүкіләлемдік банктің халықаралық рейтингтерінің сот индекстері бойынша Қазақстанның орны да жақсарды. Қылмыстық істер бойынша қорытындыны айта келе, А.Рахметулин сот төрелігін жүзеге асырудағы айыптау жағы басымдырақ деген қалыптасып кеткен пікірді жоққа шығаратын кейбір көрсеткіштерге назар аударды. –Мәселен, – деді ол – ақтау үкімін шығару 19,2 пайызға артты, 18 854 адамға қатысты 16 529 қылмыстық іс тоқтатылды. Олар жазаға тартылған жоқ. жылы барлығы соттарға 51 234 қылмыстық іс келіп түсті. Брифингте Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева соттардың үш сатылы жағдайындағы жұмысы туралы атап өтті. «Былтыр аудандық соттар 840 мың азаматтық істі қарады. Осы ретте қысқартылған іс жүргізуде қаралған істердің саны шамамен екі есеге артты. 90 пайыздан астам азаматтық іс бір немесе екі отырыста қаралды. Азаматтық істердің соттағы мерзімі екі есеге қысқарды. Прокурордың қатысуымен қаралған істердің саны төрт есеге қысқарды. Дауларды шешудің баламалы түрлерін қолдану арқылы аяқталған істердің саны 68 пайызға, медиацияны қолдана отырып шамамен 3 есеге артты», – деді ол. Сонымен қатар, А.Қыдырбаева елімізде бір жыл қызмет еткен инвестициялық даулар бойынша бөлек сот ісін жүргізудің қорытындысына тоқталды. «2016 жылы барлығы Жоғарғы Сотқа және Астана қалалық сотына бірінші сатыдағы сот тәртібі ретінде инвестициялық даулар бойынша 95, соның ішінде Жоғарғы Сотқа – 22 талап арыз келіп түсті. Шешімін шығара отырып 31 іс қаралды, оның ішінде 10-ы инвестордың, екеуі ірі инвестордың пайдасына шешілді», – деді Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрайымы . Брифингті жалғастыра отырып, Жоғарғы Сот судьясы Елена Максюта соттардағы негізгі электрондық қызметтер туралы айтты. Ол қазір Сот кабинеті» қызметінің арқасында 80 пайыздан астам арыз электрондық түрде түскендігін атап өтті. Мәселен, былтыр аталған сервис арқылы электрондық түрде 756 435 құжат, соның ішінде 644 137 талап арыз келіп түсті. Сонымен қатар, ол «Талдау» форумы, «Төрелік» жүйесі, «Сотқа шақыру», «Сот құжаттарымен танысу» және басқа да қызметтер туралы ойларымен бөлісті. –Биыл сот органдарының Ахуалдық орталығы іске қосылады. Судьяның, прокурор мен қорғаушының автоматтандырылған жұмыс орындары бар сот отырысының электронды залының моделі әзірленуде, – деді ол. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»