Ақпанның алғашқы күнінде елімізде «Б» корпусы санатына жататын мемлекеттік қызметшiлердiң кешендi тестiлеуi басталды. Ең алдымен, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесі мамандарын қамтитын шараға орталық және жергілікті деңгейдегі басқарушы органдардың өкілдері де қатыстырылады деп жоспарланған.
Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың айтуынша, республика көлемінде жүргізілетін бұл сынақ Мемлекет басшысы жариялаған бiрiншi институттық реформаның қисынды жалғасы болып табылады.
«Мұндай реформаны жүзеге асыру мақсатында өткен жылы жаңа құқықтық жағдай жасалып, мемлекеттiк қызмет туралы заң жаңарумен қатар, меритократия қағидаттары негiзiнде қызметте өсу жағдайлары қарастырылған болатын. Ал осы жолғы тест мемлекеттiк қызметшiлердiң адамгершілік әлеуетi мен кәсіби дәреже-деңгейiн айқындауға бағытталған. Сондықтан да, бұл жолғы аттестаттаудың бұрынғылардан айырмашылығы – заңнамалық бiлiмiне қатысты жүргiзiлмейтiндiгiнде. Себебi, бұрынғы жүйеде маманның кәсiби бiлiктiлiгiнiң теориялық деңгейi ғана анықталған болса, қазiр қызметшінің құзыреттiлігі шеңберінде ситуациялық жағдайдан шығу ептілігі де анықталады», – дедi А.Шайымова.
Агенттік сайтына ілінген кестеге сай кешенді тест үш деңгейде жүргізіледі деп жоспарланған. Оның алғашқысы, орталық аппарат қызметкерлері болса, кейінгісі, облыстық басшылық қызметкерлері және соңғысы, аудандық деңгейде өтіп, онда аудандық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау дағдысы тексеріледі. Мамандарға қолайлы болуы үшiн онлайн-режімде тестiлеу жүйесi де қарастырылған. Осы арқылы қызметшiлерге елдi мекеннен ешқайда шықпай, аттестаттау кезеңдерінен өту мүмкiндiгi берiледi.
Ал мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің біліктілігін анықтауды енгізу мен оны жүзеге асыру жобасының жетекшісі Эдуард Захарченконың түсіндіруінше, мұндай кешенді тестілеу шарасы әрбір маманның кәсіби біліктілігінен бөлек, адами сипаттағы сапалық құрамын анықтауға барынша негізделген.
«Тест құрамында кездесетін мынадай мысалдарды атап өтуге болады. Мәселен, маманға өзі көрсететін қызмет сапасын көтеруге бағытталған түрлі жауаптар ұсынылады. Немесе сұрақтың барлық жауабын дұрыс етіп беру тәсілі бар. Бұл жерде тест тапсырушы маманның жасаған таңдауына қарап, оның шынайы бейнесін анықтайтын мүмкіндіктер қарастырылған», – деді Э.Захарченко.
Айта кетейік, «Б» корпусы санатында еңбек ететін мемлекеттік қызметшілерді кешенді тестілеуден өткізу жобасы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 15-қадамын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылуда.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»