03 Ақпан, 2017

Экономикалық өсудің жаңа моделі

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты халыққа Жол­дауы еліміздегі үшінші жаңғыр­туды жүзеге асыруға бағытталған. Осыған орай Елбасы Қазақстанның қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық дамудың жаңа моделін құрудың қажеттілігі туралы мәселе көтеріп отыр.  Президент негізгі басымдықтарды көрсетті, оның ойынша аталған басымдықтар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге мүмкіндік беруі тиіс. Мұнда қамтылатын негізгі бағыттар экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адам капиталы сапасын жақсарту, институттық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске басымдық беру болып табылады. Бірінші кезекте цифрлы технологияларды қолдану арқылы құрылатын индустрияны, басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті, кен металлургиясын және мұнай мен газ кешендерін дамыту қолға алынбақ. Елбасы ерекше назарды бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру қажеттілігіне, сонымен қатар, министрліктер мен ве­домстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеруге аударады. Елдің оңтайлы әлеуметтік-эко­но­микалық дамуы бірінші кезекте жоғары дәрежелі кадрларды дайын­даудың сапасымен анықталады. Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев негізгі міндеттердің бірі қазіргі заманғы экономикалық жағдайға бейімделе алатын білім беру жүйесінің әрі қарай жаңғыртылуы деп есептейді. Сондықтан, Мемлекет басшысы білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл арада бүгінгі өзекті мәселелердің бірі болып табылатын үш тілде білім беруге өтудің маңыздылығы атап көрсетілді. Мемлекет басшысы: «2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз», деп нақты айтты. Тұтастай алғанда, Елбасы білім беру жүйесінің мәселелерін анықтап беріп отыр. Ол – мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе, ауыл мен қалада оның әртүрлі болуы. Білікті педагогтардың жетіспеу мәселесі. Осынау аспектілерді ескере келгенде, Президенттің тапсырмасына сәйкес, ағылшын тілін кезең-кезеңмен қолданысқа енгізуіміз өмір талабына айналуы тиіс. Президент жоғары білім беру жүйесінің сапасына ерекше назар аударды. Бұл жайт жаңа формациядағы мамандарды дайындау ісі оқытушы құрамның кәсіби біліктілігіне және олардың қызметтерін ұйымдастыру деңгейіне тікелей тәуелді дегенді білдіреді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талаптың күшейтілуі қажеттілігін атап көрсетті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу үдерістері, бітірушілердің біліктілігі мен дағдылары еңбек нарығында кез келген өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік беруде және олардың жоғары деңгейлі кәсіби маман мен бәсекеге қабілетті болуына бағытталған. Университетімізде әлемдік стандартқа сай келетін жаңа оқу бағдарламалары да жасалды. Жолдауда Президент ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударып, қауіпсіздік ахуалын қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшемі ретінде қарастырады. Діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргізу, соның ішінде ғаламтор мен әлеуметтік желілер де назарға алынды. Ал ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық көп жағдайда көрсетілген стратегиялық жоспарларға кедергі жасайды. Сондықтан да оның себептері мен алғышарттарын анықтау бойын­ша жұмыстардың күшейтіліп жүргізілуі мәселесі күн тәртібіне қойылды. Елбасы өзінің халыққа Жол­дау­ында елдің тек жетістігін ғана емес, сонымен қатар, жүйелік мәселелерді дер кезінде орнықты шешу жайына да кеңінен тоқталды. Сондықтан, Үкімет алдында тұрған міндеттерді тиімді жүзеге асыру өте маңызды шара болып табылады.

Гүлнар НАСИМОВА,

саяси ғылымдар докторы АЛМАТЫ