Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Үнзила Шапақ «Конституциялық реформа: Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыру» деген тақырыппен дәріс өткізді.
Дәрісті тыңдауға ұлттық университеттің профессор-оқытушылар құрамы, халықаралық қатынастар мамандығында білім алып жатқан студенттер жиналды. Ғалым оларға Мемлекет басшысының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін, конституциялық реформалардың жүзеге асырылу ретін түсіндірді.
– Жалпы, Елбасының өкімімен 11 қаңтар күні Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Жұмыс тобы құрылған болатын. Осы жұмыс тобына келіп түскен ұсыныстардың нәтижесінде бүкілхалықтық талқылауға Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы ұсынылды. Қазіргі таңда осы жобалар бойынша оның мазмұны мен мәнін кеңінен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, – деді ол.
Үнзила Шапақтың айтуынша, Конституцияға енгізілуге ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жобасын екі топқа бөліп қарастырған жөн. Біріншісі – Қазақстандағы меншік құқының кепілдігін қамтамасыз ету. Яғни, жекеменшікті Конституция негізінде қорғау тетіктерін одан әрі нығайту, күшейту қарастырылып отыр. Екіншісі – Қазақстандағы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді билік тармақтарының қайта бөлу мәселесі. Сол арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсу жолдары қарастырылуда.
– Қарапайым тілмен айтар болсақ, Конституция – қоғамды басқарудың ең басты заңдық құралы болып табылады. Сонымен қатар, Конституция – қоғамдық келісімшарт, қоғамды басқару үшін, оны қандай да бір ережеге бағындыру үшін Конституция сол қоғамға сай болуы тиіс. Күнделікті өзгеріп жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлар оған өзгеріс енгізуді талап етуде, – деп атап өтті ғалым.
Үнзила Шапаққызы баяндағандай, ол өзгеріс, біріншіден – Парламенттің жауапкершілігін күшейту. Екіншіден – Үкіметтің құзыреті мен жауапкершілігін арттыру. Бұл әлеуметтік-экономикалық дамудың және қоғамның өсіп-өркендеуі нәтижесінде бағындырылған бір белес деп қабылдаған абзал.
– Кеше ғана Президент Қазақстан халқына Жолдауын арнады, халықаралық бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру жолында тиісті тапсырмалар берілді. Осы жаңғырудың бірден-бір кепілі – Конституцияның дұрыс әрі тиімді жұмыс істеуі. Жалпы, президенттік институт әлемде мойындалған институттардың бірі. Тиісті реформалардан кейін де Президент еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы, Президент адам және оның құқықтарының конституциялық кепілі болады. Елбасымыз бұл функцияны толығымен атқарып келеді, – деп ойын түйіндеді Ү.Шапақ.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»