06 Ақпан, 2017

«Төңкерілген» пирамида және прагматикалық түсінік

775 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл адамдары мен қала адам­дары­ның өмір сүру ерекшеліктері қандай? Қала адамының басым бөлігі – белгілі бір қызметпен айналысып, ай са­йын­ғы берілетін жалақысын күтіп, от­басы табысын бір қолға – от ұстау­шы­сына жиып, соны ретіне қарай жұм­­сау­ға әдеттенеді. Олар жұмыс­тан айыры­­лып қалса, осы құрылым бұзы­латы­­нын, отбасы­ның табысы азаятынын білген соң арман­шыл­дықты төзімге айырбастап, бұйырған несібесін теріп күнелтеді. Соңғы 50 жылғы ауыл адамы бас­қаша тұрмыс кешеді. Көбісі – жұмы­сы­ның бар-жоғын елей бермейді, еті мен сүті үйінен шығып тұрса, нан-суға қажет қаржысы болса, тәубешіл келеді. Қалталарында айлап ақша жүрмейді. Осы қалыппен қоңырқай тірлік кешіп келе жатқан ауыл адамының еңсесін бір кездері жеңіл түрде беріліп жатқандай көрінген несиелер басып тастады, бүгін­де елімізде 5,5 миллион адамның банк­тер алдында қарызы бар, оның 1,5 мил­лионы екі және одан да көп несие алғандар. Бүгінгі күнгі ауылдар мен қалалар­дағы проблемалар рейтингіне талдау жасаушы сарапшылардың айтуынша, ауылдардағы проблемалар рейтингі былайша: жұмыссыздық, алкоголизм, істейтін іс жоқ деп саналуы, кредит алу қиындығы, медициналық көмектің нашар­лығы, халыққа қызметтің нашар­лығы (жол, тазалық, пошта, т.с.с). Ал қалаларда: бағаның өсуі, медицина қызметінің сапасының нашарлығы, жұмыссыздық, коррупция, білім сапасы, алкоголизм, тұрғын үй, жалпы мәдениет деңгейі. Елдегі аграрлық университеттерді бітіру­шілердің 10 пайызы ғана маман­дығы бойынша қызметке орналасады, олардың басым бөлігі – мал дәрігерлері. Ауылдағы кәсіп пен жоғары оқу орындары арасында байланыс үзілген. Осы себепті сала білікті мамандарға зәру бола тұра, білікті мамандар дайындау ісі мақтарлық емес. Ауыл шаруа­шылы­ғы саласына жоғары оқу орындары қажет­тегіден 20 пайыз артық «дайындайды». Көп мамандықтар ауылдың бүгінгі кәсі­біне сәйкес емес. Төңкерілген пирамида. Ауыл адамы негізінен «сақтау» үдерісімен өмір сүреді: өндірген өнімін қыста жеуге, айырбастауға сақтай­ды. Малының төлін де солай, бағып-қаға­ды, қалпына келтіріп барып сатады, жейді, айырбас жасайды. Ондағы өмір бірқалыпты ағыста, оларда өзгеріс көп болмайды. Сондықтан да олар даму мен жетілу туралы аз ойлайды. Ойла­са да берік шешімге келе алмайды, қиял­дайды да қояды. Ілуде біреуі болмаса, көбі жетілуге ұмтылмайды. «Қалаға зорлап көшіру керек» немесе «Жұрттың бәрі Алматы мен Астанада тұрсын» демейміз, бірақ біздер қала санын, оның тұрғындарының санын басқа жолдармен арттыруымыз, ауылды кентке, кентті шағын қалаға, оларды үлкен қалаға айналдыра беруіміз керек. Қайта өңдеу кәсіпорындары мен шағын кәсіпорындардың аудандарда көптеп ашылғаны жөн. Бүгінде қала деп атауға ұялатындай күйде тұрған аудан орталықтарындағы 30-50 мың тұрғыны бар қалалардың жағдайын жақсарта түсуге, жолы, тротуары, суы мен канализациясы, жылуы, бағдаршамы бар таза қалаларға айналдырып, оларға халықты көбірек қоныстандыруымызға болады ғой. Өркениетті елдерде тұрғындарының 20 пайызы нақты өндіріспен, 70 пайызы сол еңбекшілерге қызмет етумен – мұғалім, дәрігер, даяшы, жүргізуші, швейцар, т.б. қызметтермен айналысады. Бізде 10-15 пайыз нақты өндірісте, 45-50 пайыз соларға қызмет ете­тін инфра­құрылымда десек, қалған 40 па­йы­­зы өз бетінше күнелтіп жүр. Біздің қоғамда мемлекет бәрін тауып беруге міндетті, бірақ жеке басының ісіне араласпауы керек деп ойлайтындар басым. Халық масылдық психологиядан толықтай арылғанда ғана либералды қоғамға жақындаймыз. Қазіргідей мемлекетті «мәдениетті түрде тонау» бізді өсірмейді. Мысалы, ауылдық жерде «жұмыс жоқ» деп сылтауратып жатқан тепсе темір үзетін жігіттер қаншама?! Бұрын мемлекет жұмыс беруші болса, қазір ауыл шаруашылығы толықтай жекенің қолына берілді. Жұмыстың мән-мағынасы біреу-ақ, ауылдық жерде мал бағу, егін егу, шөп шабу, жеміс-жидек өсіру, т.б. Соны қолдау, қорғау, тиісетіндерге тосқауыл қою, ұрлық-қарлыққа тыйым салу керек. Бұрын мемлекетке істесең, енді өзіңе, не жеке кәсіпкерге жұмыс істейсің. Бірақ, бала-шағасына мемлекет тарапынан берілетін аздаған әлеуметтік жәрдемақыға тоқмейілсіп, нағыз еңбекті біреуге жалшы, байдың құлы болу деп түсінетіндер қатары аз емес. Бұл – түбегейлі қате түсінік. Экономика нарықтық жүйеге өткенімен, халықта прагматикалық түсінік қалыптаспай келеді. Адам санасы нарыққа өткенде ғана осы түсінбестік жойылады деп есептеймін.

Мырзагелді КЕМЕЛ,

экономика ғылымдарының докторы