06 Ақпан, 2017

Кебенек ішіндегі кісілік

1142 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баяғыда Қожанасыр бір жиынға үстіне көнетоздау шапанын киіп келсе ешкім назар аудармапты. Үйіне барып қымбат шапанын иығына іліп, әлгі жерге қайта барса, манағы көзге ілмегендер қоғадай жапырылып, төрге шығарып, бар дәмдіні алдына тосыпты. Сонда Қожекең: «Же, шапаным же», – деп қымбат шапанның жеңін табаққа салыпты. «Қожеке, мұныңыз қалай?» дегенге, «Сәл бұрын ескі шапанмен кіргенімде адам екен деген жан болмап еді, енді қым­бат шапанымды киіп келсем жік-жапар болып жатырсыздар. Соған қарағанда, құрмет маған емес, шапаныма жасалып жатқан болуы керек», – деген екен. Қазіргі қоғамда әлеуметтік жіктелу күн өткен сайын бел алуда. Бай мен кедей, әлді мен әлсіз, малды мен мал­сыз болып жалғаса береді. Біреу дүниеге, біреу өнерге, біреу ақшаға бай... Байдың да түрі көбейді. Және айырмашылығы айтарлықтай дәрежеге жетті. Осындайда бабаларымыздың «Ерді кебенек ішінде таны» деген сөзіне басымды иемін. Ұлтымыз шоқпыт кисе де өңі жүдеу, жоқ-жұқаналығы білінсе де, арғы рухани әлемінің байлығын, кісілігін, адамдық бейнесін көріп, кебенек ішінен танып, адамдықты, ар-ождан биіктігін артық көріп, соған орай баға берген. Қожекеңнің шенеуіне ілінген жайт – адамды емес, астындағы тағын, жиған байлығын, мансабын сыйлаудың бүгінгі қалыбы сорақылыққа айнала түсуде. Тіпті сіз мені сыйламасаңыз да қызметімді сыйлаңыз, деп астындағы орынтағын алдына келгеннің мысын басуға жұмсайтындар да табылып қалады. «Бірде, – дейді танысым, – жұмыс бабымен мемлекеттік қызметтегі басшының алдына кірдім. Шаруамды айтып, оның ел келешегі үшін қаншалықты маңызы барлығын көрсетіп, қағаздарымды алдына жайып, түсіндіріп жатырмын. Және көп уақытын алмайын деп мейлінше мәселенің мәнісін ғана айтайын, ал қалғанын қарамағындағы қызметкеріне-ақ бажайлап түсіндірермін, деп жүзіне қарасам, тыңдап отырған ол жоқ. Қабағын қарс түйіп, маңғазданған түрі тезірек шығып кетуім керектігін көрсеткендей. – «Сіз мені тыңдап отырсыз ба, сонау жерден алдыңызға арнайы келгенде қара басымның қамын ғана ойлап отырған жоқпын, көп уақытыңызды алмайын деп, неғұрлым қысқаша айтуға тырысудамын»,– деп едім. – «Сіз мені үйретуге келдіңіз бе, әлде мәселе шешсін деп келіп отырсыз ба? Мені сыйламасаңыз да, отырған орындығымды сыйлаңыз, маған жөн үйретпеңіз», – десін. Жоқ, қарағым, адам жаны жоқ орындықты емес, адамды сыйлайды. Орындық сөз болып па! Бұл – кеше біреу, бүгін сіз, ертең басқа біреу отыратын орындық емес пе. Жаңа келген басшыға мына орындық ұнамаса, ертең дәлізге сүйретіп, орнына басқасын әкеліп қояды. Сонда ондай орындықтың не қасиеті бар? Алдыңызға келгенде бір саланың тізгінін ұстаған басшыға, маманға, бас­тысы адамға келдім деп келдім. Жаны жоқ ағаш пен былғары көпке қажет істі не қылсын? Өздеріңіздей жастар билікке келгенде орындық үшін қызмет етпей, қайта орындық өзіңізге, еліңізге қызмет етсе керек-ті, дедім», деген аға сөзін әрі қарай жалғай түскен. Адамдар да, уақыт та бәрін екшейді. Електің көзінен өткенде ұсақ-түйек, тозаңдар бірінің үстіне бірі түсіп, жұтылып кеткенде ірілі-ұсақты тастардың торкөзден өтпей қалғанындай елге сіңірген еңбегімен, маңайына жасаған кісілікті қалыбымен, адамдық бейнесімен, ұлтына деген жанашырлығымен санаға сіңген, сайдың тасындай ірі тұлғалар халық жадына ұялайды. Сонау Кеңес кезеңінде еңбек еткен Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды азаматтардың есімдері бүгінге жетіп, тіптен олардың көзін көрмеген жас буынның құрметіне бөленуде. Неге? Себебі, олар орынтаққа қызмет еткен жоқ, қайта олардың отырған орындығы, атқарған мансабы халқы үшін еңбек етті. Сонысымен де ел жүрегіне жол тапты емес пе?! Өткенде атағы дардай азаматтар бір жігітті сыртынан әңгіме етіп отыр. Жазған жазуларына қарап сүйсініп жүр едім, өзін көрген соң ойым өзгеріп қалды. Үсті-басы тым жүдеу, өмірден соққы алған адам екені көрініп тұр, деп менсінбей әңгіме айтып отыр. Ал ол азаматты мен жақсы білемін. Рас, қазір өңі жүдеу. Бірақ оның жан сарайы жоғарыда әңгіме етіп отырған адамнан бай болмаса, жүдеу емес. Қалтасының қамын ғана ойлап, қайтсем ақша табамын деп жүгірсе, сол адамның қолынан көп нәрсе келетінін де білемін. Бірақ ол рухани әлемі бөлек жан еді. Міне, біздің көзі ашық «зиялы» дейтін адамдардың өзі көбіне осындай пайымға ойысып барады, дейді ойымен бөліскен азамат. Ендеше, «Ерді кебенек ішінде танитын» адамдық асыл қасиетімізді жоғалтпағанымыз жөн сияқты...

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, 

«Егемен Қазақстан»