Олжас Жанайдаров – жас болса да, Ресей драматургиясындағы белгілі есім. Қазақстанның тумасы болғанымен, жеті жасынан Ресейде оқып, білім алған Олжас алғаш қазақстандықтарды «Жұтымен» жалт қаратса, күні кеше Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында «Жастық туралы...» пьесасы қойылды. Ресейдің бірқатар эксперименталды театрларында «Душа подушки» атауымен ұсынылған пьеса жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың аудармасымен «Құс жастықтың құпиясы» атты жаңа жұмыс атауымен сахнаға дайындалған болатын. Бірақ көрерменге «Жастық туралы...» деген атаумен жол тартқанда, спектакль үшін сәтті таңдалмаған, ешқандай мақсат белгілемеген, «Жастық туралы...» деген жауапкершілігі жоқ, тартымсыз атау үшін кімді кінәларымызды білмедік.
Азулылардан азап шегетін қоғамдағы әлсіз топтың шындығын көкөністер мен жемістерді кейіпкер ете отырып көрсететін Джанни Родаридің «Чипполиносы» сияқты О.Жанайдаров та айтпақ болған үлкен ойын кәдімгі жұмсақ жастықтардың «аузына» салыпты. Иә, иә, пьесада Жанайдаров жастықтарды жап-жақсы сөйлетеді. Тек бақша ішінде өтетін әлеуметтік антогонизм жас драматургтің пьесасында қыс мезгіліндегі балабақшада өтетін қарапайым оқиғамен алмасқан.
Сонымен, бақшадағы балалардың басына жастанып жүрген жастықтары: Гречик – Қарақұмық (бидай жастық), Пуш – доп-домалақ (құс жастық), Роза (жай құс жастық), Знайка – Білгіш (жай құс жастық), Эмма (жай құс жастық), Валик (орташа құс жастық), Апатай (жай құс жастық) бәрі де мамық пен қауырсыннан жасалған. Тек бақшаға жаңадан келген бала Кемелдің жастығы Гречиктің ғана тысының ішіне қарақұмық толтырылған.
Спектакльде екі жалғыз жолығысып тұр: бірі өзге жастықтар секілді іші мамықпен толтырылмағанына өкініп, аһ ұратын Гречик, ал, екіншісі – мамық пен қауырсыннан жасалған жастыққа жатса, танауы мен тамағы жыбырлап, аллергиясы атойлап шыға келетін кішкентай Кемел. Осы ерекшелігі-ақ бұл екеуін өзгелерден оқшауландырып тастаған. Қарақұмық жастығының түбінен титтей тесік пайда болып, ары-бері жүргенде, сол жыртылған жерінен қарақұмық дәні саулап түсіп жатыр. Жастықты қампайтып тұрған қарақұмық түгел төгілетін болса, гречик жан тапсырмақ. Гречикті бір-ақ сұрақ толғандырады: қарақұмық толтырылған күйімде қалам ба, әлде қауырсын мен мамыққа айырбасталып, басқа өмір кешсем бе? Айтпақшы, мұндағы жастықтардың бәрі бір-ақ нәрседен қорқады: ескіріп, жыртылып, тоза бастаса, ол жастық дереу тышқан мен тарақандар жортқан төменжерге (подвалға) жіберіледі. Төменжерге кету – ешкімге керексіз болу деген сөз. Тышқандарға жем болу деген сөз. Ол – тіршілікті тоқтатуға берілген үкім.
Пьесаны аударған С.Балғабаев көрерменге түсініктірек болуы үшін «сабан жастық пен құс жастық» дегенді көбірек қолданып, ұлттық танымға мүмкіндігінше жақындатып әкелген. Шынында да, адамға ең жақыны – жастық. Шаршап келіп басын қояды, құшақтап жатып көзі ілінеді, кірпігі айқасқанша қалың ойдың құрсауында жатады, пенде баласына тіс жарып айтпайтын жан сырын көзінің жасын көл қылып үстіне төгеді, тәтті түс көріп қуанып оянады, қорқынышты түстен шошынып тұрады. Адам мен жастықтың арасындағы осынша жақындықты сезбегенімізбен, Олжас жансыз жастықтың өзегіне дем салып, тірі кейіпкерге айналдырған. Жас драматургтің бұл әдеби-көркем тәсілі режиссер Сұлтан Сраиловтың интерпретациясында тіпті иі қанып, «адамиланған» жастықтар арасындағы диалогтан қоғамның бүгінгі сұлбасы анық көрінеді. Жіңішке жіппен біріне-бірі байланып-маталған жастықтардың біреуі Төменжерге кетер болса, қауіп бәріне төнгендей, сол тамұққа мәңгі қамалатынын біліп, үрейі ұша бастайды. Қол-аяқты мықтап матап тастаған мына жіпті бырт-бырт үзіп, еркіндікке шыққысы келетін жалғыз Эмма ғана емес. Кейіпкерлердің бәрі де қозғалыссыз, қимылсыз, бір орында отыр. Еркіндік жоқ.
«Байланған» актерлер қозғалыс-әрекетті емес, ішкі психологизм тартысын көрсетуді көбірек мақсат еткен. Үрей-қорқынышын кейіпкер жастықтар үнемі терең толғанып, қамығып, жылап жеткізеді. Мысалы, Апатайдың монологы. Жастықтардың ішіндегі кәртемісі, жас күнінде әйнегі сынған терезені бітеймін деп жараланып, сырқатқа шалдыққан Апатай образы Гүлжамал Қазақбаеваның амплуасымен толық сәйкестік тапқан: актрисаның құлаққа жағымды қоңыр дауысы «асарын асап, жасарын жасаған» көнетоз жастықтың қуаныштан қажып, күрестен шаршап, ақыры жалғыздығынан рахаттанатын «сен тимесең – мен тимен» күйін дөп басады.
Төрт бұрышы қауырсынмен қапталған Роза да – жалғыз. Жас жаны махаббат аңсаса да, сүйіктісін таба алмаған мұңды сұлу екі адамдық төсегі бар, жұбымен бірге тұратын жастықтысы бірдей құсжастығы бар, тіпті бірдей түс көретін отбасылы үйде тұруды армандайды. Жанар Мақашева сүйікті болу үшін жаралған, үлбіреген жаны нәзік жас сұлуды «адамнан айнытпай» ойнаған шеберлігі көп көрерменнің көңілінде қалды деп ойлаймыз. Спектакльде әр жастықтың образы – өзінше бір әлем. Әр кейіпкердің айтатын монологы – қасіретке толы өз тағдыры. Бұл монологтарды драматургтің қағаз қолжазбасынан оқысаң, дәл осындай қызықты болмауы мүмкін, өйткені адамдардың батылы жетіп айта алмайтын шындықты режиссер қуыршақтар тәсілімен жеткізген соң ғана бояу тапқан.
Монолог түрінде көрініс тапса да, жастықтардың тағдырындағы қатыгездік пен мейірімділік көрерменге ақыл айту түрінде емес, жеңіл пішінмен жеткізгені үлкен шеберлік нәтижесі.
Пьеса діңгегі, оқиғаны өрістетуші Гречик – Ербол Садырбаев рөлге сәтті таңдалған, қуыршақ бейнесіндегі актер өмірде өзінің кім екенін тап басып тани алмаған, болмысын біле алмай қиналатын адамдардың қасіретін сенімді суреттей алды. Әрине, пьесадағы жетекші рөлді Эмма алады. Басқалары зәре-құты қалмай, тозақ секілді көріп қорқатын төменжерді Эмма жұмақ мекеніндей жан-тәнімен жақсы көреді. Өзге жастықтарға ұнамайтын осы кереғарлықты Толқын Нұрбекова суық та қатал болмыспен көрсете алды. Эмманың ақылымен гречик ұжымды емес, жаңа қожайынды таңдап, сонымен қол ұстасып, жаңа өмірін бастауға бет алды.
Спектакльдің жетістігі сол – режиссер әр жастықтың жеке-жеке тағдыры арқылы адам болмысына үңіледі. Ал режиссер мақсатын қызықты құрылған актерлік ансамбль үйлесімді жүзеге асырған. Сұрақ-жауап түріндегі қойылым қуыршақтар әлемі арқылы көрерменді ойға ғана емес, қиялын самғата отырып, адам үшін өзімен өзі оңаша күй кешіп, өмірден мән тауып, жер бетіне адам болып келудегі мақсатын түсінудің қаншалықты маңызды екеніне бойлатады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ