Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауы мен билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін талқылау һәм түсіндіру мақсатында жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келіп, Өскемендегі «Восток Молоко» корпорациясы мен Арматура зауытының тыныс-тіршілігімен танысты және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде профессорлық-оқытушылар құрамымен, сондай-ақ, студенттермен кездесті.
«Восток Молоко» корпорациясы» ЖШС Шығыс Қазақстандағы ең ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірінен саналады. 2011 жылы мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы 940 миллион теңге қаражатқа қол жеткізген кәсіпорын жылына 36 мың тоннаға жуық өнім шығарады. Өңірдің қалалары мен аудандарында 8 зауыт жұмыс істейді. Барлығы да заманауи технологиялармен жарақтандырылған. Басқарудың ортақ жүйесі жолға қойылған. Корпорация жетекшісі Сейілжан Сайлаубаев мемлекеттің қамқорлығының арқасында өндіріс аясын кеңейтіп, алдағы уақытта кәсіпорында өндірілетін табиғи өнімдерді Қытайға экспортқа шығаруды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары мұндағы шығарылатын өнім түрлерімен танысып, ұжыммен кездесіп, биылғы Жолдаудағы басымдықтарға, бүгінде мемлекет тарапынан агроөндірістік кешенді қолдау бағытында қолға алынып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып отырған кәсіпорындардың бірі – Өскемендегі Арматура зауыты. Бұл зауыттың өнімдері бүгінде мұнай-газ саласында үлкен сұранысқа ие. Кәсіпорын ҮИИД бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден жеңілдетілген пайызбен несие алыпты. Зауыт директоры Ержан Әшімов мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек кәсіпорын жұмысына тың серпін бергенін айтып өтті.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес жылдығында еліміз бойынша 700-ден астам осындай кәсіпорын ашылды, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед осы зауытты аралау барысында сөйлеген сөзінде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылы – 740, 2016 жылы 750 миллиард теңге қаржы бөлінді. Тек соңғы екі жыл көлемінде осы бағдарлама бойынша 1 триллион 500 миллион теңге қаржы игерілді. Салыстырып көріңіз, 2001 жылы еліміздің бюджеті бар болғаны 700 миллиард теңге болатын. Қазір жыл сайын бір ғана бағдарлама аясында 750 миллиард теңге бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін жаһандық деңгейдегі стратегиялық құжат – Үшінші жаңғыруды ұсынды.
– Шығыс Қазақстан – өндірісті өңір ғана емес, ауыл шаруашылығы қанат жайған аймақ. Екі кәсіпорынды аралау барысында агроөндірістік кешен мен өнеркәсіпті өркендетуге мемлекет тарапынан зор қамқорлық көрсетіліп отырғанын аңғардым. Елбасы Жолдауы өңірдің өндірістік кәсіпорындарына, олардың өз өнімдерін заманауи, жоғары технологиялар негізінде жаңғыртуға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Аймақтағы кәсіпорындар бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланады деп ойлаймын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде партия Төрағасының бірінші орынбасарымен өткен кездесуде оқытушылар мен студенттер қауымы Президенттің халыққа арнаған алғашқы Жолдауынан биылғы Үшінші жаңғыруға дейінгі маңызды стратегиялық құжаттардың қалай қабылданғаны, олардың әрқайсысының ерекшеліктері турасындағы құнды деректерге қанықты.
– 2004 жылы Мемлекет басшысы «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты Жолдауын жариялаған еді. Бәсекеге қабілеттілік. Міне, нағыз ұлттық идея. Ол кезде Елбасы жаңғыру жөнінде айтқан жоқ. Бүгін, міне, бәсекеге қабілеттіліктің кілтін түсіндіріп, бағыт-бағдарын көрсетіп отыр. Егер біздің мектептеріміз бәсекеге қабілетті болса, университеттеріміз бәсекеге қабілетті болса, ұлтымыз бәсекеге қабілетті болады. Президент айтқан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енудің түп мақсаты осы болса керек, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН