Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы елімізді үлкен өзгерістерге, түбегейлі жаңғыртуға бастайтын, тілімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы етуге жол ашатын ерекше Жолдау болып табылады.
Бүгінгі өзгерістерден аға буын өкілдері де сырт қалып отырған жоқ. Осы орайда, тоқсанның төріндегі ел абыздары – академик ұстаздар Әбдуәлі ҚАЙДАР, Рәбиға СЫЗДЫҚ, Шора САРЫБАЙ және Серік ҚИРАБАЕВТЫҢ Жолдауға қатысты пікірлері жарияланып отыр.
Әбдуәлі ҚАЙДАР, ҚР ҰҒА академигі:
Біз – сонау ашаршылықты, қуғын-сүргінді бастан өткерген, соғыс көрген ұрпақпыз. Бертін келе қоғамның бір формациядан екінші формацияға ауысқанының, бір ғасырдан атомдық жаңа ғасырға көшкенінің де куәгері болдық. Дүние адам танымастай өзгеріп, ұрпақ жаңаруда. Ширек ғасыр бұрын ежелден бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігімізге де қол жеткіздік. Азияда түркілердің қара шаңырағы – мемлекетіміздің іргесі қаланып, Көк туымыз желбіреді. Тыныштығымыз сақталып, еңсеміз көтеріліп келеді. Бұған, міне, тәубе дейміз! Бірақ, дүние дүрбелеңге толы. Әр жердегі мемлекеттік дүмпулермен қатар, бір елдің екінші мемлекетке озбырлықтарын да естіп, біліп жатырмыз.
Бүгінгі таңда мемлекетіміздің айрандай ұйып, тілін, мәдениетін сақтау арқылы бір адамның маңына топтасу, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ұлттығымызды сақтап қалу ең басты да мәнді мәселе екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан да, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы осы бірқалыпты дамып келе жатқан Қазақстан мемлекетінің одан әрі де өркендеп, көркейе түсуі үшін жасалып жатқан бағыт-бағдар – негізгі жоспардың бірі.
Бұл Жолдаудың үлкен мәні де бар. Өйткені, Елбасы Н.Ә.Назарбаев президенттік биліктің біраз бөлігін Парламентке беру туралы өзінің ұсынысынан кейін өз Жолдауын жариялады. Еліміздің өркениетті елдермен тең дәрежеде болуы үшін демократиялық принциптерге бірден көшпей, бірте-бірте уақыт өте келе жалпы халықтық сипатқа ауысуы, халық арқылы елді басқару мүддесін көздеу, әрине, өте құптарлық іс.
Міне, осы пікірлерді дәйектеп, оны баянды қылуда соңғы Жолдаудың маңызы зор. Елбасының қазақ тіліне үстемдік беру туралы ой-пікірі де осы ойды нақтылай түскендей. Тіліміз аман болып, мәдениетіміз сақталса, біздің әлі талай белестерді бағындырарымыз сөзсіз.
Рәбиға Сыздық, ҚР ҰҒА академигі:
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында сөз болғандай, қазақ тілін сақтап, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлу туралы ойын толық құптаймыз. Президентіміз бұған дейін де «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деп айтқандай, қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. Тіл – алты-жеті қамалдың ішіндегі ең соңғы құлайтын қамал. Тіл құласа, ол тіл қызмет еткен, сол тілмен бірге аталып келген халық та құриды. А.Байтұрсынұлы айтқандай, сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады. Сол халықтың аты жойылады.
Осы тұрғыдан келгенде, Н.Ә.Назарбаевтың «үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу, бұл мәселені тиянақты ойлап, ақылмен шешу керек» деген салиқалы тұжырымдары өте орынды деп білемін. Үш тілді меңгеру идеясы өте дұрыс. Бірақ үш тілдің біреуі ана тіл болуы керек. Ана тілі дүниені, әлемді тану үшін қызмет етуі керек. Алдымен ана тілін меңгеріп алған соң ғана кезең-кезеңмен басқа тілдерді үйрету керек. Бала бастауыш мектепте ана тілін меңгеріп, айналасын ана тілінде таныған соң, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай болады. Сондықтан, Елбасымыздың қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу керектігі туралы ойын елдің тағдыры, елдің ертеңі үшін алаңдаған, халқының қамын жеген Мемлекет басшысының көрегендігі деп білемін.
Шора Сарыбай, ҚР ҰҒА академигі:
Ел тұтқасын ұстаған Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын, оның алдында Қазақ хандығының 550 жылдығын, Алматы қаласының 1000 жылдығын бүкіл халық болып тойладық. Үстіміздегі жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығын да атап өтпекпіз. Қазақ үшін тер төгіп, еңбек еткен Алаш арыстарының аты-жөнінің алғашқы әріптерін көрсеткенім үшін кезінде библиографиялық көрсеткішімнің алғашқы томы «туралып» кеткенін қалың көпшілік біледі. Бүгінде тәуелсіздігіміздің арқасында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Е.Омаров, М.Жолдыбаев, Б.Құлманов, Н.Құлжанова, Қ.Басымұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, М.Мырзаұлы, Б.Байтоғаев, т.б. көптеген Алаш зиялыларының еңбектерін кеңінен насихаттап, ғылыми айналымға енгізуге толық мүмкіндік алдық.
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оқыту бағдарламаларын балалардың сыни ойлау қабілетін, өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігін ескерте келіп, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігін атап өтуі Президентіміздің елінің қамын жеп, халқын өрге сүйреуге ұмтылған сарабдал саясат иесі екенін тағы бір танытты. Президентіміздің білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру қажеттігі туралы ойы Ахмет Байтұрсынұлының «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек! Бай болуға кәсіп керек! Күшті болуға бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген сөздерімен сабақтасып, орайласып жатқанын байқаймыз.
Елбасының «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзі бүгінде әр қазақтың жүрегіне ұялап, ұлттың ұранына айналды. Тәуелсіздігімізге тірек болар басты тұғырларды айқындаудағы Елбасы ұстанымдарын әр кез назарда ұстайық!