Соңғы кездері жарияланған Президенттің елдегі саяси билікті бөлісу жөніндегі Үндеуі мен кезекті жылдық Жолдауы бүгінгі қазақ қоғамын дүр сілкіндірген оқиғалар болғаны даусыз. Тәуелсіз мемлекет болғанымыздың ширек ғасырлық өмірінде нарықтық жүйеге көшіп, оны орнықтырып, Астана сияқты үлкен елдің бас қаласын салып әлемге танылдық. Алдыңғы қатардағы 50 елдің қатарына қосылдық. Осы табыстардың негізінде елімізде демократиялық құрылымдарды тереңдете дамытып, Президент қолындағы саяси билікті Парламент және Үкіметпен бөлісу туралы ойлар кім-кімді болса да қозғайтын, ойландыратын нәрсе. Президент оның ішкі және сыртқы жағдайларын, барды қанағат тұтып үйреніп қалған жүйемізге өзгерістер жасау қиындықтарын өз сөздерінде де, баспасөз бетіндегі жазғандарында да әбден түсіндіріп жатыр. Биліктің бір қолда, күшті Президент қолында ұсталуы заманның қажет етуінен, ішкі тәртіпті берік ұстап, өтпелі кезеңде қоғамның дамуын жинақы жүргізудің амалы болғанын білдік. Ендігі кезеңде елдегі саяси билікті Парламент және Үкіметпен бөлісіп, олардың өз мойнындағы істің атқарылуына жауапкершілікті арттыру қажеттігін айтты. Бұл – шын демократияға, биліктің әлем мойындаған жолына біртіндеп көшудің жолы.
Әрине, оңай жол емес. Оны сырт көз, біраз өмір көрген біздердің көздеріміз анық көреді. Қазақ психологиясында көнбістік басым. Ол неге де болса тез үйренеді, көндігеді. Содан оны қозғау оңайға түспейді. Бұрын мәселе шешпей, бәрін жоғарыға сілтеп үйренген министрлердің, жаңа заң қабылдауға жеңілдеу қараймын депутаттардың психологиясы да тез көндіге қоймайды. Оның кейбір көріністері Президент қатысқан соңғы Үкімет отырысында анық байқалды. Осы қиындықтарды аттап өтпей, зерттеп, шын мағынасындағы заң мәселелерін терең игеруге ынта керектігі, министрлердің өз жұмысын өзі батыр шешімділікпен атқарып, оның нәтижесіне өзі жауап беруі қазіргі заманның талабы екені түсінікті. Президент Жолдауынан кейін сөйлеген сөзінде Үкімет басшысы Б.Сағынтаев мәселенің осы жағын баса және орынды айтты. Жақсы лебіз.
Билікті бөлісу, қолыңдағы ісіңді лайықты дәрежеде атқару, жауапкершілікті сезіну кадрды өсіреді. Бірде тыңдап, бірде тыңдамай, талқыланып жатқан мәселеге қол көтере салатын депутаттардың заманы өтті. Мемлекеттік қызметкерлердің адамды қабылдамай, онымен сөйлеспей, оңашалануы да келмеске кетуі керек. Кеңес өкіметі кезінде республика басшыларымен тілдесу (кейде қабылдауға сұранып, кейде телефонмен) онша қиын болмайтын. Біздің заманымызда уақытына қарай Елбасымыз ғана жүйелі қабылдап жатады. Ал министрлеріміз телефон көтеруден, кездесуден қашады. Оның себебі мәселе шешпейді, шеше алмайды, сондықтан ешкімді көруге құлықсыз. Менің өзім сақалды басыммен, 90-ға келген жасыммен таяуда өзім танитын бір министрге кіре алмай кеттім. Мен кеңсе жағалап, бірдеңе сұрап жүретін адам емеспін. Ешкімге бармайтыным да, телефонды сирек соғатыным да содан. Осындай жағдайлардың бәрі өзгеруі керек. Президент осыны айтып, өз бетіңше жұмыс істеп, жауапкершіліктен қашпай, елмен қарым-қатынасқа ұқыпты қарауға үйретіп отыр.
Шын демократияға осылай жетеміз.
Осымен қабат жарияланған Президент Жолдауы – Қазақстанда технологиялық революция жасауға үндейтін батыл идеяға толы, аса қажет құжат. Оның проблемасын Жолдаудың аты-ақ айқындап тұр. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік». Капиталистік қоғамда даму деген бәсекеге құрылады. Бәсекеге де қабілет керек. Біз сол бәсекеге кезінде дайын бола алмадық. Тек соңғы кезде Елбасының үйретуімен қозғалыс басталды. Соның арқасында алдыңғы қатарлы елу елдің бірі болдық.
Өмір өзгеріп келеді. Біз де бұрынғы қалыпта қалуға тиіс емеспіз. Ендігі жаңару осыны көздейді. Ол технологияны меңгерудегі халықтың, жұмыс адамының міндетін айқындайды. Әр адам өзі жұмыс істейтін, айналасындағы техникалық құралдың, машинаның тетігін білуі керек. Біздің кәрі тартқан өмірімізге де ұялы телефон, компьютер, телевизор сияқтылар кірді. Ұялы телефонды жақсы меңгерген адамның өзі оның көмегімен көп жұмыс (телефон соғу, сөйлесу, тіпті алыстағы сөйлесушінің суретін көріп тұру, фото, уақыт белгілері, т.б.) атқара алатынын көрдік. Бұрын жұмысты қолмен істейтіндердің бәрі компьютерге көшті. Бұл бүкіл халықтың технологиялық сауатын ашуды керек етеді.
Осыны ғылым мен техниканың әр саласында дамытып, өнімнің жаңа моделін жасау, әлемдегі технологиялық бәсекеге түсу біздің ендігі іс-қимылымыздың негізіне айналуға тиіс. Өндіріске цифрлық технология кіргізу, соның негізінде жаңа салалар құру, бизнес ортаны кеңейту, жаппай кәсіпкерлікке көшу біздің экономиканы жедел жаңғыртудың жолы болып табылады. Ол Президент көрсеткен бес институттық реформаны іске асыратын Ұлт жоспарының аясына кіреді.
Біз – қаражатты осы күнге дейін мемлекеттен сұрап үйренгенбіз. Президент мемлекеттің экономикаға тәуелділігін азайту, жеке меншіктік серіктестік құрып, жаппай кәсіпкерлікті кеңейту идеясын ұсынып отыр. Бұл да заман талабы.
Президент Жолдауындағы біз үшін маңызды идея – адами капитал мәселесі. Ол студенттердің білімді өз бетімен технологиялық ізденіс негізінде алуын, ғылыми-инновациялық әлеуетті дамыту мәселелерін қозғады. «Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу», «қазақ тілінің басымдығы сақталады» деген сөздер бар Жолдауда. «Ұлтжандылық» деген бұрын айтыла бермейтін талап бар. Осылардың бәрі – ұлттық дамудың, ұлттық тіл мен ғылымның мәселелері. Президенттің бұлай айтуы біздің ұлт тілімен ғылымда күткен сөздеріміз.
Бұл айтқандарым Президент Жолдауының Қазақстанның жедел дамуына үлес қосуға үндейтін маңызды құжат екенін танытады. Ол біздің елімізде бүкілхалықтық қозғалыс тудыруы керек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алла тағаланың қазаққа: «Қиыншылықты көп көрген халық едің, енді бір сілкінші!» – деп бере салған Пайғамбары ғой. Тынымсыз, ізденімпаз, бірінен соң бірі туындап жататын жаңа идеялар оны Қазақстанды осы дәрежеге көтеруге жеткізді. Алла оған өмір берсін! Тоқсанға толуына бір ай ғана қалған қарттың ағалық батасы болсын бұл тілек!
Менің дауысым осы!
Серік ҚИРАБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі