07 Ақпан, 2017

Аудан саяхат орталығына айналады

364 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Алтынсарин ауданы Қостанай қаласынан алыс емес, 40 шақырымдай ғана болады. Бұл төңіректің барлығы қарағайы мен қайыңы сыңсыған, сұлу өңір. Арақарағай орманының арасында атақты «Сосновый бор» шипажайы тұр. Осы арада емдік қасиеті өте мол жерасты минералдық суының үлкен қоры бар екенін ғалымдар өткен ғасырдың 60-70-жылдары арасында анықтады. «Сосновый бор» санаторийі пайдаланатын сол су мың да бір ауруға ем. Шипажайға тек басы ауырып, балтыры сыздағандар ғана келмейді, ол ірі демалыс орны. Айналадағы мыңжылдық қарағайлы орманның арасын «табиғи барокамера» десе болады. Жыл сайын онда еліміздің түкпір-түкпірінен, өзге де алыс-жақын шетелдерден 12 мың адам келіп денсаулығын түзейді, демалады. – «Сосновый бор» сана­то­рийі – біздің ауданның мақ­та­нышы, ішкі туризмнің бас­талуына мұрындық бол­ған еді. Сонымен қатар, біз­­дің ау­данның бюджет қор­жыны да осы санаторий са­лы­ғымен то­лығады. Міне, ішкі туризмнің па­й­дасы. Сондықтан Көк­шетауға қа­рай кететін рес­пуб­ликалық ма­ңызы бар тас жолдың «Сосновый бор» санаторийі тұс­ынан өтетін тұсы тарлық етеді. Сол жол жөн­деліп, төрт жолақты болып кеңей­тіл­се, нұр үстіне нұр бо­лар еді. Елбасы туризмді да­мы­ту үшін алдымен оның ин­фра­құрылымын дұрыстау керектігін тапсырды емес пе? Үл­кен жолдан бұрылғаннан кейін көлік «Сосновый бор» санаторийіне Щербаков ауы­лы­ның ортасымен барады. Осы жолды жөндеп, екі жа­ғына жаяу жүргінші жүретін жол жасап, тақта тастар төсеп, көр­кейтіп қою­ды жоспарлап отыр­мыз. Оның құжаттары дайын­да­лып жатыр, – дейді аудан әкі­мі Батырбек Ахметов. Мұның сыртында соңғы жыл­дары «Сосновый бор» санаторийі тұрған таби­ғат аясында «Жайлау» сауық­ты­ру-көңіл көтеру кешені жұ­мысын бастаған болатын. Оған да демалушылар қызы­ғушылықпен келеді. Жаз маусымында осы төңіректе бірнеше балалар демалыс лагерьлері жұмыс істейді. Адамдар орманға, көлге барып, табиғат аясында өз беттерінше қыдырады, демалады. Батырбек Мықансалық­ұлы ішкі туризмді дамыту үшін тек табиғатқа ғана иек арту аздық ете­­тінін айтады. Алтын­сарин ауда­ны орналасқан қа­сиетті өңірде хал­қ­ы­мыздың атақты ұл­дары мен қыз­да­ры туып-өскен. Олар­­­дың өзі, тағ­ды­ры, халқына сі­ңір­ген еңбегі тура­лы ұзақ әңгіме шертуге болады. Ол туристерді магнит­тей тартпайды деп кім айтар және жас ұрпақ үшін та­ғы­лымдық, танымдық жағы бір бөлек. Щербаков ауылынан 11 шақырым жерде Ыбырай Алтынсариннің кіндік қаны тамған Омар құдығы деген жер бар. Онда Балқожа бидің ауылы тұрған. Осыдан екі жыл бұрын аудан басшылығы тұщы құдықтың орнын тауып, оның макетін жасады. Құдықтың басына мәрмәр плитаға қазір егістікке айналып кеткен сол аумақтың халқымызға Ыбырайдай перзент берген әулетке құтты қоныс бол­ғанын жазып қойды. Ау­дандағы, облыстағы мек­теп оқушылары оқу бас­тал­ған­да сол құдықтың басына баруды әдетке айналдырып келеді. Халқымыздың үш рухани бәйтерегінің бірі, ке­меңгер ағартушы Ыбырай Алтынсаринге байланыст­ы жасалған жұмыстар оның есімін алған ауданда бір бұл емес. Өткен жылы Ы.Алтынсариннің туғанына 175 жыл толуына орай аудан орталығында бар қазақ­тың ұстазына тұлғалы ескерткіш орнатылды. Он­да қазақ даласына білім нә­рін сепкен Ыбырайдың ал­ғаш­қы шәкірттерінің ортасын­да оларға сабақ үйретіп тұр­ған бейнесін көреміз. Ескерткіш тұрған жерде «Ыбырай саябағы» салтанатты түрде ашылған болатын. Аудан орталығындағы орта мектепте Ыбырай мен Мәриям Хакімжановаға арнап музей бөлмесі де аудан басшылығының бастамасымен ашылды. Айт­пақ­шы, Ыбырайдың атасы Бал­қожаның бірге туған бауыры Қанқожадан тарайтын, қазақ ақын қыздарының көшін бастайтын Мәриям апаның туған жері Мезгіл де Омар құдығынан алыс емес. Аудан әкімі Батырбек Ахметов ауданда Щербаков ауылын Мәриям Хакімжанова атына өзгерту туралы жұ­мыс­тар­дың жүргізіліп, оны она­мастикалық комиссияға тап­сырғанын айтты. Алтынсарин ауданын­дағы Маяковский селолық округіне қарасты Темірқазық ауыл­ында халық ақыны Омар Шипин тұрған еді. Оның көзін көргендер Темір­қазықта бүгінге дейін тұрады. Ау­данда Маяковский село­лық округінің атын Омар Шипин атына өзгерту үшін жер­гілікті тұр­ғын­дар­мен жұ­­мыстар жүр­гі­зіл­ген. Ал­да­­ғы уақытта она­мас­ти­ка­лық комиссияда оның да қа­ралатынына, оң шешім шы­ғарылатынына әкімнің сенімі бар. – Ыбырай Алтынсарин ба­ба­­мыздың атына байланыс­ты жер­­лер, жасалған жұмыс­тар ау­дандағы ішкі ту­ризм ба­ғыттарының біріне ай­налатын болады. Өзі­міз­дің табиғат және руха­ни бай­ла­ғымызды өзі­міз ба­ға­ла­ма­сақ кім баға­лай­­ды? – дейді Батырбек Мықансалы­қ­ұлы. Тәуелсіздікке 25 жыл толған мереке күндері облыс әкімі Архимед Мұхамбетов А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік уни­вер­с­итетінде студент жастармен кездесу өткізген болатын. Сонда студенттер қойған сұраққа орай облыс әкімі кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсариннің Қостанай қаласынан 7 ша­қы­рым жерде орналасқан кесенесі қай­та­дан салынатынын айтты. Кесене Қостанай ауданының же­рінде жатқандықтан, аудан бас­­шылығы республикадағы бел­­гілі сәулетшілермен осы жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр. Кесене басына келген адамдар отырып демалатын, аруақтарға құран бағыштайтын орындар бар тұтас кешен болады. Өңір басшысы жаңа кесене құ­жат­тар дайындауға байланысты биыл кешігетіндей болса, 2018 жылы дайын болатынын да жеткізген еді. Алтынсарин және Қостанай аудандары іргелес орналасқан. Сон­дықтан болашақта іш­кі туризмнің бір бағыты Ыбы­рай­дың кіндік қаны там­­ған Арақарағай орманы жа­нын­­дағы Омар құдығынан бас­талып, ағартушы есімін алған аудан­дағы мектеп музейін, оған ар­налған саябақты, Қостанай қа­ласындағы ме­мо­риалдық музейін ара­ла­п, тау тұлғаның кесене-кешенімен аяқталатын болады. Жалпы, жұртшылық өкілдері, өлкетанушылар да осылай болуын қалаған еді. – Омар құдығының ба­сында әлі де туристер тартатын­дай етіп жасайтын жұ­мыстар бар. Оны алдағы уақытта де­меу­шілік қаржы тауып, жүзеге асы­рамыз, – дейді Алтынсарин ау­данының әкімі Батырбек Ахметов. Ұлылардың ізі де туризмге сұранып тұр. Өйткені, кейінгі ұрпақ рухани тамырын, азығын іздейді. Туризм сол үшін де керек. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ