2016 жылы төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығы 8,2 млрд. АҚШ долларын құрады, ал оң сауда балансы 9,4 млрд. долл. болды. 2015 жылы ағымдағы шот тапшылығы 5,5 млрд. долл. болды, сауда балансының профициті 12,7 млрд. долларды құрады, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Ағымдағы шоттың теріс сальдосының ұлғаюы экспорттық кірістерді қысқартқан кезде шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын мұнайгаз жобаларына инвестициялар көлемін өсіру салдарынан болды.
Тауарлар экспорты 37,2 млрд. долларды құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 19,9%-ға төмен. Өткен жылдың екінші жартысындағы әлемдік бағалардың оң серпініне қарамастан, 2016 жылы мұнайдың орташа құны (Brent сұрыпты мұнайдың бір баррелі үшін 42,8 долл.) 2015 жылғы көрсеткіштен төмен (Brent сұрыпты мұнайдың бір баррелі үшін 50,8 долл.) болып қалды. Мұнайдың және газ конденсаты экспортының құны 2015 жылмен салыстырғанда 27,6%-ға төмендеді, бұл ретте жылдың екінші жартысында мұнай және газ конденсатының экспорты өсе бастады және төртінші тоқсанда 2015 жылғы төртінші тоқсанға қатысты 7,0%-ға өсуді көрсетті.
Тауарлар импорты 27,8 млрд. долл. (2015 жылы 33,8 млрд. долл.) болды. Бұл көрсеткіштің 2015 жылмен салыстырғанда 17,8%-ға төмендеуі негізінен азық-түлікке жатпайтын тұтынушылық тауарлардың және инвестициялық тауарлардың әкелінуінің қысқаруымен қамтамасыз етілді.
Инвестициялық кірістердің теріс сальдосы негізінен тікелей шетелдік инвесторлардың кірістерінің өсуі есебінен 14,2%-ға ұлғая отырып, 11,3 млрд. долларды құрады. Сонымен бірге, шетелдік инвесторларға төленуге тиіс кірістердің 60%-дан астамы елде қалды және Қазақстандағы өз кәсіпорындарын, бірінші кезекте мұнайгаз саласындағы кәсіпорындарды қаржыландыруға бағытталды.
Тікелей шетелдік инвестициялар, ең бастысы мұнайгаз саласының бірескен кәсіпорындарына инвестициялар елге капиталдың әкелінуінің негізгі көзі болды. 2016 жылғы 3-тоқсанда тікелей шетелдік инвестициялардың 6,3 млрд. долл. мөлшерінде әкелінуінің рекордтық көрсеткіші тіркелді, ал тұтастай алғанда 2016 жылы ол 2015 жылғы көрсеткіштен 4 есе асып түсіп, 14,3 млрд. долларды құрады.
2016 жылы капиталдың әкелінуі сондай-ақ Үкіметтің халықаралық ұйымдардан қарыздарды тарту және Ұлттық қорды пайдалану есебінен қамтамасыз етілді. Тұтастай алғанда 2016 жылы қаржы шоты бойынша капиталдың таза әкелінуі (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) 9,3 млрд. доллар (2015 жылы – 10 млрд. доллар) болып бағаланды.
2016 жыл үшін төлем балансының баптарында жіктелмеген операциялар бойынша капиталдың әкетілу көлемдерінің айтарлықтай қысқаруы тән. 2016 жылы төлем балансының таза қателері мен қалып қоюлары 1,7 млрд. доллар болатын теріс мәнмен қалыптасты (2015 жылы минус 5,4 млрд. долл.).
Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есептемегенде) 2016 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 29,5 млрд. долл. (2015 жылдың соңында 27,9 млрд. долл.) болды, ол Қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 9 айға жуығын қаржыландыруды қамтамасыз етті.