07 Ақпан, 2017

Абай мен Әлихан кездесті ме?

844 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Былтыр Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның жүз елу жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойладық. Кір жуып, кіндік қаны тамған Ақтоғай топырағында дүркіреп той өтті. Сол тойда өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан атты ағамыз тамаша дерек келтірді: «Мың сегіз жүз отыз сегізінші жылы Меркі мен Шудың арасындағы Қоскөл деген жерде Алаш арысы Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туған. Қорғаштың Қоскөлі деп аталатын бұл жер – Керей мен Жәнібектің алғаш Қазақ хандығын құрып, тарих таңбасына айналдырған әйгілі Қозыбасымен жапсарлас орналасқан. Сөйтіп, хандар әулетінің тағы бір ұрпағының кіндік қаны қазақ хандығының туын тіккен киелі топыраққа тамған деуге негіз бар», дейді. Сол Нұрмұхамедтен туған атаулы хан нәсілі Әлихан осыдан тура жүз жыл бұрын, 1917 жылы Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланады. Яғни, биыл Алашорда үкіметі құрылып, Алаш автономиясы жарияланғанына 100 жыл! Ал Алаш атын атаған тұста елдік ұғымымен ежеттес Абай есімі қатар айтылатыны шындық. Алаш идеясының қайнар бұлағы Абайдан бастау алады десек мәнді тұжырым шығатын сияқты. Нық айтуымызға бірнеше себеп те жетерлік. Алдымен, бұрнағы уақытта да айтылудай-ақ айтылып, жазылып келген, Абай мен Әлиханның шын мәнінде кездескендігін нақты айғақтайтын бұлтартпас бірнеше мысал. Бірінші, Әлихан мен Абайдың біз көп айта бермейтін туыстық қатынасы. Білетініміз, Әлихан Бөкейханның сүйегі – Төренікі, сүті – Тобықтынікі екені. Нағашысы Көкше Тобықты – Жуантаяқ. Я, болмаса, Әлихан мен Шәкерімнің туыстығы да Абай ауылынан алыс емес мағлұмат. Екеуі – бөле. Шәкерімнің шешесі мен Әлиханның шешесі – апалы-сіңілі. Әйгілі Мамай батырдың ұрпақтары болған. Шәкерімнің шешесі – Бошантай, Әлекеңнің шешесі – Бегім ханым. Енді, осы жерден өзімізге логикалық сұрақ қойып көреміз. Қазақы таныммен пайымдағанның өзінде Шәкерімнің бөлесі, аса зиялы ұлт көсемі – Әлиханды Абайдың бірде-бір рет кездестірмеуі мүмкін бе? Немесе профессор, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов айтқандай, Әлихан мен Абайды кездестірген екі адам бар. Бірі – Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» роман-эпопеясында Әзімхан деген кейіпкер арқылы Әлиханның бейнесін сомдайды. Екінші адам – Рамазан Тоқтаров. «Абайдың жұмбағы» романында жолықтырады. Туыстығы демей-ақ, Қарқаралы жағын былай қойғанда, біздің пайымымызша, Әлихан орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің статистика бөлімшесінде жұмысқа орналасқан тұста, атақты Михаэлиспен, Тянь-Шаньскиймен, Абаймен қызмет атқарған. Одан беріде Щербинаның экспедициясына қатысқан кезеңде, Шыңғыстаудың болыстарын аралаған уақытта жер, су, орманды хатқа, картаға түсірген шақта Әлекеңнің Абай ауылына бармауы ешқандай ақылға сыймайды. 1903 жылы «Ресей. Біздің Отанымыздың тарихы» атты көптомдық еңбекте: «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі – Құнанбайұлы» деп көрсетеді. Бұл кезеңде Абайдың көзі тірі. Неге, ашық айтқан жоқ. Себеп – біреу. Өзі саяси қуғында жүрген Әлихан Абайға «бәлесін» жұқтырғысы келмеген. Абаймен кездескендігін мақсатты түрде жасырған болып отыр. Тағы бір дәлел, 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетіне Абай туралы некролог-мақала жарияланады. Әлихан жариялап отыр. Екі жылдан кейін толықтырып, қайта басқа баспа бетіне басады. Тұңғыш рет Абайдың өмірбаяны, ата-тегі, шығармашылығы, Абай жырлаған тақырыптар ғылыми түрде бағаланады. Алғашқы абайтанушы – Әлихан. Бұл тұрғыдан Абай мұрасын жинақтаушы Кәкітайдың да, Тұрағұлдың да беделі төмендемейтіні анық. Қайта Алаш арысы Әлиханмен мұраттас, иықтас тұлға ретінде қатар аталатын есімдердің тарих тамыры тереңдей түсетіні ақиқат. 1914 жылы «Қазақ» газетінің бетіне Әлекең «Офат» деген мақала жариялайды. Михаэлис жайлы. Мақалада Абай: «Менің көзімді ашқан Михаэлис» деп айтып отырушы еді» деп жазады. «Айтып отырыпты» демейді. Тіпті, одан әріде 1904-1910 жылдары Семейде «Семипалатинские областные ведомости» деген газет шыққан. Осы газетте Семейдiң статистикалық комитетiнiң 1904 жылғы iс-әрекетiнiң есебi шығады. Осы есеп комиссиясында мүше болған азаматтардың аты-жөндерi келтiрiледi. Тiзiмге қарасаңыз, «Ибраһим Құнанбаев», «А.Букейханов» деп жазылған. Яғни, Әлекең мен Абай бiр комиссияның құрамында болған. Сондықтан олардың өзара жүздеспеуi мүмкiн бе? Әлихан мен Абай хақындағы ашылып айтылар шындықтың бір парасы – осы. Енді Алашорда тақырыбына қайта оралсақ. Абай қайтыс болғаннан кейін, шындығында, мұрасына дер кезінде ие болатын ешкім бола қоймаған сыңайлы. Жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай, Абайдың шығыс үлгісімен жасаған диуаны болған. Яғни, жинағы. Оны 1903 жылы үйін тінткен уақытта алып кеткен. Нақты алып кетті деген де дерек жоқ, бірақ тінту болып, көп қағазды алып кеткені – шындық. Мақсаттары белгілі. Түгел аудартып, ішінде бөтен пікірдің бар-жоғын анықтау. Бұл оқиға жайлы «Ана тілі» газетінде профессор Көшім Есмағамбетовтің Мұстафа Шоқай туралы жазған мақаласында: «Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналына (1935, №63) «Шайыр Абайдың өмірден озғанына 30 жыл толуына орай» деген мақала жазып, онда «Абай – ұлтшыл», «Абай – феодалшыл», «Абай – алашордашыл» деп, Абай шығармаларын мектеп кітапханаларына да жіберткізбей өрекпіп жүрген большевиктер саясатын сынға алады» деген жолдардан-ақ, сол шақтардың өзінде Абай басындағы ауыр халды, Алашорданың басында тұрған алып тұлға екені анық сезіледі. Айтпағымыз, Алаш мұратын, яғни Алаш идеясын сөз еткенде – Абай мұрасын айналып өтпейтініміз белгілі. Көркем шығармасына көп астар салып, Лермонтовтан: «Жалғыз жалау жалтылдап, Тұманды теңіз өрінде. Жат жерде жүр не тыңдап? Несі бар туған жерінде? ...Қарашы, ол бүлік құдайдан Сұрайды дауыл күні-түн!» деген «Жалауды» аударып, Алашқа Абай бірінші ат қосады. Жалау да, алау да – Абай һәм Әлихан. Көзқарастар толық ұштасып барып дүниеге Алаш идеясы келді!.. Біз Абайды ақын деп оқысақ, олқы ойлаймыз. Ойшыл десеңіз, оған қосыламыз. Алашшыл десеңіз, сізбен пікірлеспіз. Абайдай темірқазықты бағдар тұтқан Әлиханның «Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деуі заңдылық. Қайткен күнде де, Әлекеңнің тұңғыш абайтанушы екендігіне, Абайдың Алашшыл, азатшыл ғақыл иесі екендігіне, екі тұлғаның кездескеніне тұспалды тарихи құжаттар әлі де жетерлік деп сенеміз. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»