08 Ақпан, 2017

Бауырлас елді биікке бастайтын қадамдарға куә болып отырмыз

195 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстандағы ахуалды БАҚ арқылы бақылап отырамын. Жұмыс барысымен келіп, қазақ бауырларыммен жүздесіп, сұхбат құрып тұрамыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі туралы бастамасынан хабардармын. Өз басым оны жоғары бағалаймын. Біріншіден, қазіргі әлемнің даму қарқыны бұрынғыдан мүлде басқаша. Қырғыздың атақты ақыны Арыстанбек айтқан: – Ұстараның жүзіндей, Аударылған дүние-ай, – деген сөз бар. Қазіргі әлемдегі ахуал да өте тез өзгереді. Бірнеше жылдың ішінде талай дүние құбылып, ұстараның жүзіндей аударылып-төңкеріліп жататын болды. Осындай тез өзгеретін кезеңнің талаптарына лайық болу үшін батыл бастамалар керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақтың Ата Заңына өзгеріс енгізу туралы бастамасы осы ертеңгі заманға лайық ел болсақ, мемлекетіміз болашаққа дәулетті, дамыған ел болып барса деген мақсаттан туған. Бұл үшін ең алдымен не қажет? Әрине, заңдық негіз бен мызғымас тұрақтылық керек. Конституция – елдің, мемлекеттің даму бағдарын, бағытын айқындайтын, тұрақтылығын қамтамасыз ететін ең басты құжаты. Ал ұсынылып отырған өзгерістер сол алдағы дамудың негізгі қозғаушы күші болатын билік тармақтарының қызметін замана ыңғайына қарай жетілдіре түспек. Өкілеттіктерді жүзеге асыру барысындағы ықтимал кедергілерді еңсеріп, өзара теңгерімділікті, үйлесімділікті қамтамасыз етпек. Бұл өз кезегінде мемлекеттік жүйенің орнықты, барынша тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп пайымдаймын. Сондықтан Қазақ елінің даму тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басқан тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай конституциялық реформаларды ұсынуы және оны жалпыхалықтық талқылауға шығаруы ерекше құптарлық қадам. Бұл өзгерістер бауырлас Қазақ елін жаңа биіктерге бастайтынына сенімдімін. Әлбетте, қазақ халқының қазіргі саяси жүйеде болып жатқан өзгерістерге қатысты ұстанымын құрметтеймін. Мен сырттан қарап тұрып, қазақ халқының ынтымағы мықты екенін көремін. Президент Назарбаевтың саяси көшбасшыға тән шоң қасиеттерін байқаймын. Ол – заманның талабын алдын ала сезетін көреген басшы. Тағы бір шоң қасиеті – бастамашыл тұлға. Өкінішке қарай, біздің елде жаңа идеялар, бастамалар аз. Назарбаев өзінің білімін, көрегендігін, ақылын пайдаланып, мықты кадрларды тәрбиелеп шығарды. Қазақ халқының ақылы асқан, білімі кемел, патриот азаматтарын жанына шоғырландырды. «Коллективный разум» деген ұғым бар. Қазақстандағы «ұжымдық ақыл-ой» әлеуетін мемлекетті дамытуға шебер жұмсаған Назарбаевтың басшылық қасиетін жоғары бағалаймын. Бұл – сіздің елдің және Елбасының мықтылығы, оған мақтану керек. Президент Назарбаевтың жақында жариялаған Жолдауында көрсетілген экономикалық тұжырымдарын да жоғары бағалаймын. Дүниені алға жылжытатын – идеялар мен батыл бастамалар. Идея болғаннан кейін ғана жаңаша тұжырымдар жасалады. Жаңа экономикалық идеология өте маңызды, оған көзқарасым өте жақсы. Қазір ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қарыштап дамып, сәт сайын жаңғырып жатқан заман. Баяғыдай баяу жүріс, бейқам тірліктің уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Жаңаның жалына жармасып, озық технологияның игілігін көруге ұмтылмасақ, асықпасақ, талпынбасақ, көштен қала бермекпіз. Сондықтан Қазақстан Президентінің Жолдауында елді жаңғырту үшін, экономиканы ілгері оздыру үшін ақпараттық технологияларды енгізуге басымдық беруі өте дұрыс қадам. Заманның өзі осыны талап етіп отыр. Келешегін ойлаған ел алдына осындай міндет-мақсаттар қоюға және соны орындауға ұмтылуы тиіс. Оны жүзеге асыру үшін қазақ халқы мен Н.Назарбаевқа үлкен ерік-жігер, күш-қуат тілеймін. Қазақ пен қырғыздың ғасырлар бұрын туған аңыздары, жыр-дастандары – екі халыққа да ортақ мұра. Оны екі елдің де ғалымдары мақұлдайды. Тіліміз де жақын, бір-бірінен ерекшелейтін санаулы ғана дыбыс бар. Тарихымыз да сабақтас, тағдырымыз да ұқсас. Болашағымыз да қатар өрбиді деп үміттенемін. Кеңес Одағы тұсында қыр­ғыз киногерлері Қазақ­станда көптеген фильмдер түсірді. Қазақтың классик жазушы­лары­ның шығармалары бойынша Төлеміш Өкеев, Болотбек Шәм­шиев классикалық фильм­дерді жарыққа шығарды. Қазақ­тың актерлері қырғыз фильм­деріне, қырғыз актерлері қазақ фильмдеріне түсті. Жазушы­лары­мыз дос болды, бауыр болды. Қазір дәл сондай бай­ланыс жоқ. Бұрындары екі елді Шың­ғыс Айтматов, Мұхтар Әуезов сынды тұлғалар байланыстыратын. Ал қазір екі ел жазушыларын біріктіретін тұлға болмай тұрған сияқты. Дегенмен, байланыс үзіліп қалды деуге болмас. Қалам­гер­лер, ғалымдар әлі де хабарла­сып, кездесіп, сұхбат құрып тұрады. Шығармалары екі тілге аударылып жатқан қаламгерлер аз емес. Әсіресе, соңғы жылдары қазақтың жас ақын-жазу­шы­ларының шығармалары қырғыз тіліне жиі аударылып жүр. Мен қазақ поэзиясын өте мықты деп санаймын. Әсіресе, жас ақындарды жоғары бағалаймын. Менің ойымша, екі елдің арасында экомикалық байланыстар жолға қойылса, рухани байланыс та нығая берер еді. Себебі, мәдениетті, әдебиетті тарататын адамдар ғой. Ашығын айтқанда, халықтарды жақындастыратын да, тарихтан келе жатқан байланысын үзетін де – экономика. Егер шекарада қазақ пен қырғыздың тауарларына кедергі болмаса, алыс-беріс көбейсе, барыс-келіс көбейсе, бауырлас халықтар бір-бірімен жақын араласа түсер еді. Ең бастысы сол деп ойлаймын. Мен ұзақ уақыт көркем тәр­жімамен айналыстым. Орыс классиктерінің біраз шығар­маларын ана тілімізге аудардым. Өкінішке қарай, қазір Қыр­ғызстанда аударма жағы аса жақ­сы емес. Оның басты себебі – экономикалық дағдарыс. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда кітап жазу, шығару, тәр­жіма деген нәрселердің бәрі далада қалып еді. Дегенмен, құдайға шүкір, қазір қайта көте­ріліп келе жатқаны байқалады. Бұл жағынан жақсы істер аз да болса бар. Өткен ғасырда Мұх­тар Әуезов, Сәбит Мұқанов­пен үзеңгілес болған классик жазушыларымыздың шығар­ма­ларын қайта басып шығара бастадық. Менің ойымша, бұл – жақсы бастама. Бұрынғы тәржі­маланған дүниелер де кәдеге жарап жатыр. Қазақстанда қазір әдебиет саласына көңіл бөлініп жатқанын көріп отырмыз. Бұл жағынан сіздер алдасыздар. Қазіргі таңда, қырғыз халқының басты қалауы – тұрақтылық. Екі төңкерістен біз еш пайда тапқан жоқпыз. Адамдар жапа шекті, эконо­микаға миллиардтаған дол­лар зиян келді. Зияннан басқа түк көрмедік. Қазір елдің төңке­ріс­тен көңілі қайтты, одан ештеңе шықпайтынын білді. Төңке­ріс романтизмі, үміттер, ешқай­сысы іске асқан жоқ. Ел­дің ты­ныш отырғанына қазір алты жыл болды. Болашақта тұ­рақ­­­тылықты сақтап, барлығын үн­қа­­тысу арқылы іске асырмақ керек. Еліміз қазір Президенттік сайлауға дайындалып жатыр. Басты үміткерлердің кім екені белгілі болды. Ен­дігі мақсатымыз – жаңа прези­ден­тімізді аман-есен, конститу­ция­лық жолмен сайлап алу. Жалпы, қырғыздар ешқашан өздерін басқа халықтардан төмен санаған емес. Біздің жазбаша тарихымыз екі мың жылдан әріге кетеді. Қазақтардың да тарихы тереңде. Кеңестер Одағынан тәуелсіздік алу үшін күрес Алматыдан басталған. Олжас Сүлейменовтің «Тау­лар­ды аласартпай, даланы асқақ­татайық» деген қанатты сөзі бар. Менің ойымша, екі ел бір-бірін төмендетпей, қайта асқақтатып жүрулері керек. Осмонакун ИБРАИМОВ, Қырғыз Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ Редакциядан Осмонакун Ибраимов – Қырғызстан Жазушылар одағының басқарма хатшысы болған, Үндістан, Бангладеш, Непал елдеріндегі елшісі, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы сынды лауазымдарды атқарған қырғыздың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. Орыс әдебиетінің классиктерін қырғыз тілінде сөйлеткен тәржімашылық еңбегі өз алдына бір төбе. Филология ғылымдарының докторы, «Манас» орденінің иегері бүгінде халықаралық Манас қырғыз-түрік университетінің профессоры.