08 Ақпан, 2017

Еңбек өнімділігін арттыру үшін не істеу керек?

1237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстанның Үшінші жаң­ғы­­руы: жаһандық бәсекеге қа­­бі­лет­тілік» атты Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілгендей, инновацияны қолдау және оның үлгілерін дереу жүзеге асыру – өте-мөте қажетті іс-шара. Инновация дегеніміз – бұрын-соңды болмаған жаңа өнім түрін ойлап табу. Мысалы, кезінде ешкімнің ойына кіріп те шықпаған радио, теледидар, ұялы телефон сияқты жаңа өнімдерді тауып, оны өндіруді жолға қою. Инновация – сонымен бірге дәстүрлі өнімді басқа әдіспен, мүлдем бөлек технология­мен өндіру т.б. жаңашылдықтар. Озық елдердің ішкі жалпы өнімі өсімінің 90 пайызына дейінгі үлесін инновациялар толықтырады. Бізде бұл көрсеткіш 5 пайыз төңірегінде ғана. Ендеше, экономикамыздың дамуы инновациялық сипат алмаса, дамыған 30 елдің қатарынан көрінуіміз неғайбыл. Ғылыми зерттеу­лер нәтижелерін коммерцияландыру арқылы инновацияны жүзеге асыру қажет екендігі сөзсіз. Жолдауда жаңашыл индустрияға көшумен қатар, дәстүрлі өндіріс салаларының даму жолы да атап өтілген. Біздегі дәстүрлі өндіріс салалары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік пен қойма, құрылыс, т.б. Бұл жердегі негізгі мәселе – еңбек өнімділігін арттыру. Еңбек өнімділігі белгілі бір уақыт ішінде өндірілетін өнім көлемімен немесе жан басына шаққанда өндірілетін өнім мөлшерімен өлшенетінін еске салып өтейік. Дамыған елдермен салыстырғанда, елімізде өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 2,4 есе кем болса, ауыл шаруашылығында 12 есеге төмен. Еңбек өнімділігі ең әуелі қолданылатын құрал-жабдықтар сапасына, технологияға, жұмыс күшінің мамандық дәрежесіне тәуелді екенін ескерсек, онда өндірісте озық құралдар, автоматтар, роботтар, жасанды интеллект қолданыста болса ғана, қыруар уақыт үнемделіп, үстемелеп үйіп-төгілген өнім алуға болар еді. Алайда, шынайы өмірде автоматтар мен роботтарды былай қойып, қолданыстағы техникалық құралдардың өзі 75 пайызға ескірген. Мұндай құрал-саймандар қолданыста жиі істен шығып, қол байлайды, жөндеу жұмыстарына қосымша шығындарды талап етеді. Бұл жерде қосарымыз, озық елдерде техникалық парк 3-5 жыл сайын толық жаңарып отырады. Ескі техникалық құралдар мен машиналарды қолданыстан шығару үшін мемлекет техникалық саясатты жүзеге асырады. Оның әдістері мен құралдары тікелей ты­йым салудан бастап салық, айыппұл арқылы және ескі машиналарды жеңілдіктер арқылы жаңа түріне алмастыру түрінде жүргізіледі. Кез келген техникалық құрал-сайман, машиналар тозады, тозу барысында өз құнын өндірілген өнімге, көрсетілген қызметке мысқалдап аударады. Осы тозудың қайтарымын амортизация деп атайды. Әр кәсіпорын қарамағындағы ғимарат, техникалық құралдар, машиналардың алғашқы сатып алғандағы құнына сай және қолдану мерзіміне сай жылдық амортизация нормасын тағайындап, жалпы түсімнен банктегі есепшотқа амортизациялық аударым жасауға тиісті. Мысалы, 2000 доллар тұратын 10 жылға жарамды машина үшін жылына 2000 доллар есепшотқа салса, 10 жылда 20 000 доллар жиналып, ол қаржыны жаңа машина алуға жұмсар еді. Ал, жаңарған, қолданыстағы техникаға ұқсас машина 10 000 доллар тұратын болса, онда 5 жылда-ақ жаңа машина алуға әбден болады. Өкінішке қарай, кәсіпорындар бүгіндері негізгі капиталын жаңғыртуға бағыттайтын амортизациялық аударымдар жасамайды, өйткені амортизацияны жалпы табыстан бөлмей тұтынуға жұмсап жібереді. Бұрын арнайы амортизациялық қор жасау үшін банк жұмыс атқарған болатын. Мемлекет кәсіпорындарды иелігіндегі негізгі капитал болып табылатын құрал-жабдықтарды жаңалау үшін амортизациялық қорға аударым жасауға, техникалық жаңғырту саясаты аясында міндеттеп, мәжбүрлейтін еді. Осы іс-шараны қалпына келтіріп, барша техникалық паркті тіркеп, тексеріп, жаңғыртуды қолға алатын кез келген сияқты. Инвестиция, инвестиция деп жар салғанда, тек қана жаңа күрделі капитал салымын қарастырады, ал амортизациялық аударымдардың инвестициялық маңызына мән берілмей келе жатқанын қынжылыспен айтуға мәжбүрміз. Сайып келгенде, әр кәсіпорындағы техника амортизация есебінен дер кезінде жаңарып отырса, ол да еңбек өнімділігін арттыруға өзінің тиесілі үлесін қосатынына күмәніміз жоқ.

Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономика ғылымдарының кандидаты