08 Ақпан, 2017

Қазақ әні: қытай қорғаны қажет емес

493 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп тамсанып таңдай қағыпты Шоқанның досы, орыс зерттеушісі Григорий Потанин. Дәл бай­қаған, әдемі айтқан. Шын мәнін­де де солай еді. Арғы Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серінің, бергі Мәди, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Естай, Иманжүсіптің кең далада шырқап салған әндері алты қырдың астынан естіледі екен. Қазақтың әні қазақтың кең даласында емін-еркін өмір сүрді. Сахнасы – кең дала, Қоянды жәрмеңкесі. Тыңдарманы бүкіл халық. Осынау ән сүлейлерінің әрқайсысы бір-бір театр болатын. Сол заманның өзінде қазақ әнінің өз тыңдарманына мереке сыйлап, ұлан-ғайыр эстрада кеңістігіне ұмтылғаны байқалады. Біздің айтпағымыз: қазақ әні әрқашан заманауи, мәңгі жас. Әміре шырқаған «Ағаш аяқ» пен «Балқадиша» Парижді тербеді. «Гәкку» бастаған дәстүрлі әндеріміз ұлттық операмыздың негізіне алынды. Сырнайын құлаштап созған Нартайлар, ат үстінде шырқаған Шашубайлар ше?! Тоғыз октавалы «Толқынды» Қайрат Байбосыновтың орындауында тыңдаған италиялықтар ән құдіретіне бас иіп, қатты таңырқаған деседі. Ал енді «Бурылтайдың», басқа да халық әндерінің, айталық, Ғарифолла Құрманғалиевтің «Он алты қызының» «Досмұқасан» репертуарында ажарлануы да қазақ әнінің мейлінше көпшілдігін, эстрадаға бейімділігін айғақтайды. Халыққа кең танылған, жұрт сүйіп тыңдайтын хиттерге айналған «Елім менің», «Алаш ұраны», «Ақтамбердінің толғауы», «Сарыарқа» мен «Дәурен-айлар» қазақ әнінің киесімен тебірентеді. Енді бір мезеттерінде оркестрмен де, хормен де қосыла шырқап кететін Бекболат Тілеухан әншілігінің бір ғажабы сол, онда қазақтың дәстүрлі әні мен заманау­и эстрадасының озық үлгі-тәжірибелері кіріктіріліп, сұрыпталған синтездік өнер деңгейіне жеткізілген. Осы жағдай бірнеше ойларға жетелейді. Айтылып та, жазылып та жүргеніндей, дәстүрлі әніміздің шет­қақпай көріп, домбыралы өнердің көштен қалыңқырап тұрғаны рас. Бірді-екілі нөмір болмаса, концерттік бағдарламаларға енгізілмейді. Үкілі домбыраны бұлғап ән айтып жатқан әншілерімізді нешеме арнадағы теледидар төрінен де мүлдем сирек көреміз. Жеке немесе ұжымдық концерттерді беріп жатқан болмаса гастрольдік сапарларда жүрген дәстүрлі әншілеріміз жайлы да еш хабардар емеспіз. Әрине, жеке концерт берудің де әуселесі аз емес сияқты. Мықты де­меуші, қамқоршы болмаса, оған қара­жаяу жүрген әркімнің шамасы келе бермейді. Қазақ халқының дәстүрлі ән өнеріне қамқорлық, жанашырлық керек дейміз. Ол қамқорлық аясында кешенді шаралар іске асырылуы керек. Ал енді, екінші жағынан келгенде, қазақта «Жыламаған балаға ем­шек бермейді» деген бір нақыл сөз бар. Көңі­ліміз айтады: Қайрат Бай­босынов ағамыздан бастап Еркін Шү­кіман, Жоламан Құжи­манов, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Төлеутай, Елмұра Жаңабергенова, Ерлан Рысқали сынды дәстүрлі әншілеріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып біріксе үлкен күш емес пе? Біздің айтпағымыз: дәстүрлі әншілер өкпешілдің күнін кешпей, өмірлі өнер кеңістігі үшін өздері де өркениетті түрде күрес жүргізуі керек. Осыдан үш-төрт жыл ғана бұрын Алматыда «Адырна» атты ұлттық этнографиялық бірлестік құрылып, Ақан серінің, Біржан салдың, Балуан Шолақтың, Жаяу Мұсаның, Естайдың, Кененнің көп халықты жинаған керемет ән кештері өткізіліп еді. Сонда бай­қағанымыз, дәстүрлі әнге деген ел ықыласы ерекше. Тек тиісті орындардан түсіністік таппай әрі әркімге бір алақан жаюдан шаршады ма, Арман Әубәкір бастаған жақсы жігіттердің белсенділігі кейінгі кезде төмендеп, кеуделерінде халық әнінің алауы бәсеңдеп қалғаны өкінішті. Осы істі жандандырып әкететін, арналы жолға салатын, мүмкіндігі мол азамат болса, қане! Дәстүрлі әнімізді қорғаймыз деп жүріп қызылшеке болып қыза-қыза қазақ эстрадасына тіл тигізетін келеңсіздіктер де орын алып отырғанын несін жасырамыз. Құдды бір дәстүрлі әннің әсерлемей тұрғанына эстрадалық әншілеріміз кінәлі сияқты. Арзан әндер, нашар әншілер жоқ емес, әрине. Десек те, Роза Бағланова, Роза Рымбаевадай күміс көмейлерді берген қазақтың эстрадалық ән өнері туған халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқаны сөзсіз. Қазақ эстрадасының көш басында Иса Байзақов, оның атақты «Желдірмесі» тұрғанын ұмытпайық. Өзінің ән кешінде Бекболат келістіре шырқаған Манарбек Ержановтың «Паро­возы» да қазақ эстрадасының алғаш­­қы қарлығаштарының бірі еді ғой. Әлі жасап келеді. Дәстүрлі ән де, эстрада да бәрі бір қазақ әні. Бәрі бір ұлттық тамыр­дан нәрленген. Олай болса, дәстүр мен эстраданың арасында қытай қорғанын орнатудың да, бірін-біріне қарсы қоюдың да қажеті жоқ деп білеміз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ

«Егемен Қазақстан»