Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдар ұсынған кезекті Жолдауын республикалық басылымдар арқылы жария
етті. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауда мемлекетіміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндеттері баяндалған.
Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы, қаржы-инвестициялық саясат, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін қамтыған биылғы Жолдауда цифрлық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға және экономиканың аграрлық саласына айрықша мән берілген.
Бүгінде заман өзгерді, қоғам жаңарды. Дүние жүзі жаһандану үрдісін бастан өткеруде. Әлемде орын алып жатқан алуан оқиғалардан Қазақстан да шет қалмақ емес. Сондықтан, саяси, экономикалық реформаларға жаңа қадам жасау – мемлекет болашағын қамтамасыз ету екенін түсінуіміз керек. Бұл ретте, Елбасы Жолдауы демократиялық даму жолындағы тарихи шешім болғанын ерекше атап өтуіміз керек.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Елбасы Жолдауын қолдап-қуаттай отырып, мақсаты айқын маңызды құжатта көрсетілген талап-міндеттер бойынша жаңа бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндіктер алуда. Елбасының көрсетіп отырған нұсқаулары мен нақты тапсырмалары еліміздің құрылымдық реформаларын одан әрі жүзеге асыру арқылы Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналғанын айқын бағамдай аламыз. Осыған дейін де дағдарыстан шығудың кілтін тапқан Елбасының арқасында халқымыз кездескен қиындықтарды еңсере білді.
Тың идеялар мен ұтқыр ұсыныстарды ортаға салатын әрбір жаңа Жолдау, ең алдымен, егемен еліміздің ертеңгі жарқын болашағына бастар басты бағыт. Биылғы Жолдаудың өзегі Қазақстанның Үшінші жаңғыруына негізделгендіктен, қоғамдағы әр салаға аса жауапты тапсырмалар жүктелді. «Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік» екенін басты назарға алған Мемлекет басшысы бұл жолы да халықты толғандырып жүрген түйткілді проблемаларға басымдық беріп, келелі мәселелерге ерекше тоқталды.
Болашақты бағамдаған Жолдаудың төртінші бөлімінде Елбасы «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» дей келе, Үкіметке ауыл шаруашылығын мейлінше жандандыруға байланысты нақты 6 тапсырма берді. Бірінші – субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу; екінші – бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау; үшінші – өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру; төртінші – еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету; бесінші – жерді пайдалану тиімділігін арттырып, суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу; алтыншы – өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми-зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін ұлғайту.
Бұл ретте, Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырды. Аталған күрделі мәселелердің барлығы инновациялық технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын өркендететін жаңа аграрлық саясатты дамытудың тетіктері болып табылады.
Бұл міндеттер «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында іске асырылмақ. Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасында ғылым, білім және өндірістің өзара байланысын арттырып, отандық өндірістің қарқынды дамуына барынша жағдай жасалмақ.
Жолдауда айтылғандай, отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге нақты қолдау көрсету үшін жаңа қабылданған «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» Заңға сүйене отырып ұсақ шаруашылықтарды iрiлендiріп, кооперацияға біріктіру көзделуде. Бұл ретте ғылым, бiлiм, өндiрiс интеграциясын күшейту арқылы ел экономикасын инновациялық бағытта өркендету қадамын жетiлдiру басты қағидаға айналуда. Қазақстан халқының 46 пайыздай бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, Елбасы Жолдауында айтылған аграрлық саланы барынша бүгінгі заманға бейімдеу барысы, негізінен, қарапайым шаруа адамына айтарлықтай қолдау болатыны белгілі.
Аграрлық ғылым мен білім бүгінде ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімді дамуының негізгі шарттары екендігін Президенттің Жолдауы тағы да дәлелдеп отыр. Жаңаша сипаттағы биылғы Жолдау мазмұнын терең сезіне отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еліміздің кемел келешегін қамтамасыз ету Елбасы саясатының басты бағыты екендігіне тағы да көз жеткіздік.
Жаңа Жолдауда ел экономикасының аграрлық секторына қатысты мәселелер кеңінен баяндалғандықтан, университет ұжымы өзіне жүктеліп отырған міндеттерді жақсы түсініп отыр. Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдында экспортқа бағдарланған, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы азық-түлік өнімдері өндірісін ұлғайту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы орайда, отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы саналатын оқу орнымыз ұлттық аграрлық зерттеу университетінде трансформациялану үрдісін жандандыруда. Университет ұжымы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы үшін заман талабына сай білікті мамандарды даярлай отырып, агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізуді, оларды өндірісте кеңінен пайдалануға жәрдем беруді өзінің басты мақсаты деп санайды.
Жолдау жүктеген міндеттер оқу орнымыздың ғылыми әлеуетін бір орталыққа шоғырландырған, ТМД мен Орталық Азияда теңдесі жоқ Агротехнологиялық хаб жұмысы мен университетіміздің ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану үрдісіне тың серпін беретіні сөзсіз. Халықаралық талаптарға сай құрылған Агрохаб жұмысы экономиканың аграрлық секторындағы әлемдік үрдістер мен аграрлық бизнестегі стартап жобаларын іске асыруға, ауыл шаруашылығына арналған маркетингті тиімді үйлестіруге барынша жағдай туғызбақ.
Жолдауда айқындалған басты бағыттар мен қойылған міндеттер Қазақстан халқын белсенді әрекеттерге жұмылдырып, еліміздің бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарынан көрінуіне жаңа мүмкіндіктер ұсынатынын айрықша атап өткеніміз жөн.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик