08 Ақпан, 2017

Жалпыұлттық жоспар жасалды

228 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында Президенттің биылғы Жолдауында белгіленген даму басымдықтарын орындау бойынша жалпыұлттық жоспар және Үкіметтің 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында атқаратын жұмыс жоспары қаралды. Сондай-ақ, жер қатынастары мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізу мәселесі талқыланды.

Бағытымыз – бес басымдық

Жалпыұлттық жоспарда қамтылған іс-шаралар жайын Ұлт­тық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, онда Жолдаудағы бірінші басымдық – жеделдетілген технологиялық жаңғырту аясында цифрлы индустрияны, экономиканың негізгі салаларының технологиялық қайта жарақталуын дамытуға бағытталған 19 шара қарас­тырылған. Оның ішінде төртін­ші өнеркәсіптік революция, ин­вестициялар тарту, көлік инфрақұрылымын дамыту, сонымен қатар, ғылыми әлеует­ті дамыту жұмыстары қамтыл­ған. Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақ­стан» мемлекеттік бағдар­ла­масы, елдің экспорттық-инвес­­тиц­иялық стра­тегиясы, АӨК мемлекеттік бағ­дарлама­сының қа­был­дануы тәрізді жаңа бағ­дарламалық құжаттардың әзір­ленуі, сонымен қатар «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдарла­масына өзгерістер енгізу және өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту қарастырылған. Ал, екінші басымдық бойынша 18 шара қарастырылған, олар ең жақсы бизнес ортаны қалыптастыруға және мемлекеттің экономикаға қатысуын төмендетуге бағыт­тал­ған. Аймақтық деңгейде жап­пай кәсіпкерлікті дамыту, бизнестің барлық түрлері үшін шығындарды азайту бойынша шаралар кешені қабыл­данатын болады. Үшінші басым­дық аясында 11 бағыт қарас­тырылған, олар инфляция­ны кезең-кезеңімен 3-4 пайызға дейін төмендетуге, банк секторын сауықтыруға, отандық қор нарығын жандандыруға, бюд­жеттік рәсімдерді жеңілдетуге бағыт­талған. Төртінші ба­сым­дық бойынша 10 шара қамтыл­ған. Білім саласында оқу бағдар­­ламалары жаңартылып, үш тіл­де білім беруге кезең-кезеңі­мен көшу қамтамасыз етіледі, ең­бек нарығының талап­тарына сәйкес кәсіптік стан­дарттар жаңартылады. Денсау­лық сақтау саласында мін­детті әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру жүйесін ақпарат­тан­дыру және бұл жүйені халық арасында түсіндіру бойынша жұмыстар атқарылады. Зейнет­ақы төлемдерін және баланың тууы­на берілетін бір реттік жәрдем­ақы мөлшерін арттыру мақ­сатында әлеуметтік қам­сыз­дан­дыру мәселелері бойын­ша заңнамалық актілер қа­был­данады. Сонымен қатар, күн­кө­ріс­тің ең төменгі деңгейі көле­­мінің құрылымы қайта қарала­ды. Бесінші басымдық – инс­ти­туттық өзгерістер, қауіп­­сіздік және сыбайлас жем­­­қорлықпен күрес аясында 9 ша­ра қарастырылған. Меншік құ­қық­тарын қорғауды күшейту бойын­ша барлық заңнамаға ревизия жүргізіледі, ЭЫДҰ ұсы­ныстарын енгізу бойынша жол картасы әзірленеді. Ұлттық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету мақсатында 2017-2020 жылдарға арналған діни экстре­мизммен және терроризм­мен күрес бойынша мемле­кеттік бағдарламалар мен ки­бер­­қау­іпсіздік тұжырымдамасы әзірле­неді. Сонымен қатар, мемле­кеттік сатып алулар са­ла­сын­да заңнаманы жетіл­діру мақ­сатында орталық­тан­дырыл­ған қызмет қағидаты бойын­ша мемлекеттік сатып алу­лардың бірыңғай жүйесін енгі­зуді қарастыратын заң жоба­сы әзірленеді. Алдағы онжыл­дық­та жаңа индустрия­лар мен жаңа өсім моделін құру үшін Қазақ­станда Елдің жаңа техно­логиялық құрылымға көшуінің бірыңғай стратегиясы дайындалады. Осы мақсатта «Қазақстан 2025 – Ұлттық технологиялық бастама» стратегиялық жоспары әзірленеді.

Жарты жылда 148-ден астам шара атқарылмақ

Жиында қаралған келесі мәселе – Үкіметтің 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында атқа­ратын жұмыс жоспары. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі 9 маңызды бағыт бойынша 148-ден астам шара жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде ІЖӨ-нің жоспарланған өсу қарқынына қол жеткізу, жеке секторды дамытуға қолайлы жағдайлар жасау, жеке инвестицияларды тарту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және халық кірісін арттыру, адами капиталдың сапасын арт­тырудағы реформаларды ны­ғай­ту мәселелері қамтылған. Министрдің айтуынша, бюд­жетті теңгерімділікпен қам­­тамасыз етуді арттыру мақ­сатын­да ақпан айында әлеумет­тік-эко­номикалық даму болжамы мен 2017 жылдың рес­публи­калық бюджет пара­метр­лері қайта қара­латын болады. Жалпы, жиын барысында осы жылдың бірінші жар­ты­жыл­дығында атқарылуы тиіс жұ­мыс жоспарлары туралы барлық министрлік қысқаша баяндап, Үкімет басшысына есеп берді. Сонымен, жоспар бар, ат­қа­рылуы тиіс шаралар реті жақсы­лап тізбектелген. Ал оның негізгі нәтижелері, әрине, уақыттың еншісінде. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өз кезегінде әкімдер мен министрлерге алдағы халық алдындағы есептерге мұқият дайындалуды тапсырды. Бұл ретте Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 15 ақпаннан бастап өңір әкімдерінің халық алдында есеп берулері басталатынын еске салды. Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен сыни ескертпелерінің басым бөлігі әкімдердің жұмыс­тарына да қатысты екенін айтып, сондықтан есеп берулер кезінде осы мәселелерді көте­ріп, түсіндіріп, олардың шеші­лу жолдары туралы халыққа ақпарат беру керектігін жеткізді. Соны­мен қатар, Премьер-Министр әкімдердің алдағы есеп беруіне министрлердің де қатысатынын айтып өтті. Ал министрлер қа­тысу қорытындылары бойынша Үкімет басшысына есеп береді.

Жерді жалға беру институты сақталды

Отырыста қаралған үшін­ші мәселе – Қазақстан Респуб­ли­касының заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Ауыл шаруашылығы вице-мин­ис­трі Е.Нысанбаев баяндады. Вице-министр 2015 жылғы қарашада қабылданған Жер кодексінің нормалары бойын­ша туындаған қоғамдық резонансқа байланысты Жер реформасы жөніндегі комиссияның құ­рылғанын еске салды. Ба­рынша ашықтықпен кеңінен тал­қылауды қамтамасыз ету үшін заң жобасы мен оның тұжырымдамасы ашық норма­тив­тік құқықтық актілер порталында, АШМ ресми сайтында, 12 бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған. Бұдан өзге, министрлік жанын­дағы Қоғамдық кеңес отырыс­тарында талқылаулар және қо­ғамның қатысуымен көпшілік тал­қылаулар өткізілді, деді вице-министр. Осылайша, заңна­мада қазақстандықтарға ауыл­ша­руашылық жерлерін жалға беру институтын сақ­тай отырып, заң жобасымен ауыл шаруашылығы жер­лерін конкурстық негізде беру­дің жеке тәртібін енгізу қарас­тырылған. Көрсетілген тәртіпке сәйкес, жерді беру әкімдік­те бекітілген конкурсқа шығары­латын жерлердің тізімі бойынша жүзеге асырылады. Оны өткі­зудің ашықтығы үшін конкурс­тық комиссияның құрамына қоғамдық кеңестер мен ұйым­дардың өкілдері енгізіледі. Бұдан өзге, жариялылықты және оның барлық әлеуетті қатысушыларының конкурсқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп БАҚ-та және әкімдік пен АШМ-ның ресми интернет-ресурстарында конкурс өткізу туралы кеңінен хабарлауды қарастырады. Конкурсқа қатысу үшін оған тілек білдірушінің конкурсқа қатысу ұсынысын беруі мін­детті шарт болып табылатынын айта кеткен жөн. Онда ауыл шаруашылығы өндірісін жүргі­зудің бизнес жоспары, шаруа­шылық ішіндегі жер құрылымы жобасын құру және игеру бойынша, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын құру бо­йынша, индикативті көрсеткіш­терді орындау бойынша мін­дет­темелер қамтылуы тиіс. Аталған талаптар берілетін жерлердің тиімді әрі ұтымды пайдаланылуы мақсатында қойылады. Берілетін ауыл шаруашылы­ғы жерлерінің ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту мақсатында заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылған, ол жалға алған алғашқы 5 жылда жыл сайын, одан кейінгі жылдары суарылатын шабындықтарда әр 3 жыл сайын, қолдан суарылмаған жерлерде – әр 5 жыл сайын. Ауылшаруашылық жер­лері­нің үлкен ауқымының «бір қолға» берілуіне жол бермеу мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің ең үлкен көлемін белгілеу қарас­тырылған. Оларды қазақ­стан­дықтар әр облыстың әкімшілік аудандары аумағында жалға ал­ған болуы мүмкін. Сонымен қатар, шекара сызығы мен шекара маңы аймағында орналасқан жер телімдерін шетелдіктерге, аза­мат­тығы жоқ тұлғаларға т.б. беруге тыйым салу қарастырылған. Жеке қолдардағы малды ба­ғу үшін жайылымдық жерлер­­дің жетіспеушілігіне қатысты мәселені шешу үшін елді ме­кен­дердің маңында тұрғындардың олардың жеке қолындағы малды ұстау бойынша қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жайылымдар аумағы айқындалатын нормалар қарастырылған. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»