Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Парламент Мәжілісінің вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева мен Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан университет қызметкерлерімен және Бостандық ауданының студент жастарымен кездесу өткізді.
Онда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформаларға жасаған Үндеуі талқыланды.
Отырыста сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің вице-спикері Гүлмира Исімбаева Жолдаудың мән-маңызы мен ерекшелігін айта келіп, бұл құжатта оқу үдерістеріне IT-білімді енгізу, жаңа индустрияда цифрлық технологияны қолдану, қаржылық біліктілікті көтеру, үштілділікті дамыту, тұрғындардың сапалы білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылғанын талдап айтып берді. Бүкіләлемдік дағдарыс жағдайында мемлекеттің уақыт талабына сай дамудың 5 бағытын таңдап алғанын жан-жақты түсіндірді.
Депутаттар мен жастар жүздесуіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультетінің деканы Дәулет Байділдинов, осы оқу орнының Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязова қатысты.
* * *
Сонымен қатар, Парламент Мәжілісі Төрағасының орын-
басары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаева Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студент жастарымен де кездесті. Кездесу барысында өзі де ұстаздарға ұстаз болған ұлағатты басшы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауды талдай келе, Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларының маңызына айрықша тоқталды.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ