Астананың азық-түлік белдеуін құру жөніндегі міндеттемеге сәйкес, қазір Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Жазы шуақты болғанымен, қысы қытымыр келетін бұл өңірде жерге дән сеуіп, оны дер кезінде жинап алу да оңайға түспейді. Ауа райының жағдайына қарай өнім беретін егістік алқаптарында еңбек ететін диқандар кейде мол өнімнен қағылып жататын кездер де аз емес. Төккен тер далаға кетпесін деп үсік ұрған астықтарын мал азығына жіберуіне де тура келген. Бірақ соған қарамай, Ақмола облысы Астананы тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз етіп келе жатқан маңызды өңірдің бірі. Мәселен, елордалықтарды ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету үшін азық-түлікпен қамту аймағына облыстың 17 ауданы кіріп отырғандығын ерекше атай кеткен жөн. Тіпті, қытымыр қыс айларында кейбір жолдар жабылып жатса да, аудандардан тасылып жататын азық-түлік өнімдері қала тұрғындарын азықсыз қалдырған емес. Оған нақты дәлелдер келтіре кеткен орынды. Атап көрсеткенде, 2016 жылы өңірде 94 мың тонна сүт өндірілген екен. Бұл арғы жылмен салыстырғанда 7,2 мың тоннаға артық әрі астаналықтардың сүтке сұранысының 48 пайызын қамтиды. Және етпен қамтамасыз етуде де өсім бар. 2015 жылмен салыстырғанда 1,3 мың тонна етті артығымен Астанаға жөнелткен көкшеліктер 22,2 мың тоннамен елордалық тұтынушылар сұранысының 52 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Құнарлы азық-түліктің бірі жұмыртқа десек, оның 222,5 миллион данасы жеткізілген. Яғни, соңғы кезде саны 5 миллион данаға артқан жұмыртқамен мегаполис толық 100 пайыз қамтамасыз етілуде. Картоп та осылай. Сонымен қатар, жемістер де жеткілікті көлемде жеткізілуде.
Әрине, аграрлы өңірдің табысы ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен тікелей байланысты. 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығындағы көрсеткішке көз жүгіртсек, ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы өндірісі 346952,4 млн теңгені құраған. Бұның ішінде өсімдік өнімдері 240662,1 млн теңге болса, мал шаруашылығынан 105120,6 миллион теңге өнім өндіріліпті. Ауыл шаруашылығы басқармасының келтірген мәліметтерін тарқатып айтқанда, бидайдың жалпы көлемі 5 млн 723,2 мың тоннаны (орташа өнім 13,2
ц/га) құраған.
Ақмола облысында мал шаруашылығы да жолға қойылған. Статистикалық деректерге қарағанда, ірі қара малдың басы 398,9 мыңға жетсе, соның 205,8 мыңы сиыр. Қазіргі таңда асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатында қолдан ұрықтандыру ерекше мәнге ие. Облыста 38,7 мың бас сиыр мен тананың осындай жолмен ұрықтандырылуы оған мысал бола алады. Сондай-ақ, өңірде 31 бордақылау алаңы болса, соның 7-еуі аса ірілер санатында. Мұндай бордақылау алаңдарының қуаты 27,6 мың басты қамтуға жетеді екен. Сүт өндіру саласын дамытуға қатысты «Ырыс» бағдарламасы көптеген мамандандырылған шаруашылық субъектілерінің жұмысын өрге бастыруға мүмкіндік беріп отыр. Облыста осындай 33 шаруашылық субъектісі бар болса, олар 23 мың бас сиыр сауып, ел ырысын арттырып келе жатыр. Тек 2015 жылдың өзінде 14 тауарлы-сүт фермасы құрылғандығын айта кету керек. Ең бастысы, жалпы сауылған сүттің 80 пайызы үй шаруашылығында өндірілетіндігін ескерсек, бұл бағытта да біраз шаруалар атқарылғаны мәлім. Сүт өңдеу қуатын арттыру мақсатында кәсіпорындар шикізатты қарапайым тұрғындардан сатып алуда. Облыс аудандарында сүт сатып алу үшін 145 бөлімше ұйымдастырылса, соның 19-ы тұрақты өнім қабылдап келеді. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша, тұрғындардан 119,4 мың тонна сүт өңдеуге жеткізілген. Ал «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тауарлық мал басын көбейту қолға алынғанын айта кеткен орынды. Аталған бағдарлама басталғаннан бергі уақытта 369 шаруа қожалықтары және фермерлік шаруашылықтар 24,5 мың сиыр мен 790 бас асыл тұқымды өгіз сатып алған. Сонымен қатар, қой шаруашылығы да назардан тыс қалмаған. Өңірде 357 мамандандырылған шаруашылық 136,8 мың бас қой ұстайды екен. «Алтын асық» бағдарламасына сәйкес мал басын сатып алу артып келеді.
Астананың азық-түлік белдеуін ұйымдастырып келе жатқан Ақмола облысында 319 кәсіпорын болса, соның 15-і ет өңдеумен айналысады. Олардың жылдық өңдеу қуаты 19 мың тоннаны құрайтындығын айта кеткен ләзім. Бұдан басқа, өңірде жылына 132,6 мың тонна сүт өңдей алатын 14 кәсіпорын жұмыс істесе, ұн тарту кәсіпорындарының өзі 55-ке жетіп жығылады. Жалпы, статистикаға назар аударсақ, 2016 жылы тамақ өнімдері өндірісі 68,5 млрд теңгеге жетіпті. Әрине, облыс осымен тоқтап қалмақ емес. Астана қаласының азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы құны 7,2 млрд теңгелік 9 жоба жүзеге асырылды. Аталған қаржыға 2 мал бордақылау алаңы, 1 мал өсіру кешені, 2 элеваторлық кешен, 4 бидай сақтау қоймасы салыныпты.
Қорыта айтқанда, ендігі міндет ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұранысты айқындай отырып, қажетті дақылдар егістігін ұлғайту болып тұр. Ал мал шаруашылығында ірі қара малдың саны мен салмағын арттыруды асыл тұқымды малдар есебінен жүзеге асыру көзделген. Демек, мал бордақылау алаңдарының саны да арта түспек. Бұл өз кезегінде саланың инвестициялық тартымдылығына да серпін беруі тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы