Галинаның екінші алтыны, Аннаның бесінші медалі...
Алматының күллі спорт аумағын думанды дүбірге толтырған универсиадашылардың қарқыны жарыстың оныншы күнінде де еш бәсеңдемеді. Олай дейтініміз, күн аралатып сайысқа шыққан биатлоншылар жанкүйерлерін қызық ойындарымен тамсандыруын қоймады. Қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская 12,5 шақырым қашықтықтағы масс-стартта өзін тағы да жақсы қырынан көрсетті. Нысана көздеп мылтық атудың төрт шебінде бір-ақ рет қателескен Галина Вишневская бұл қашықтықты 36:15.4 минутта жүгіріп өтті. Күміс – украин қызы Ян Бондарьға, қола ресейлік Лариса Куклинге бұйырды. Тағы бір биатлоншы қызымыз Елизавета Бельченко жақсы жүгіргеніне қарамастан, нысана көздеуде үш рет сүрініп, төртінші орында қалып қойды. Құраманың өзге биатлоншылары Александра Сасина масс-стартты 13-ші, Анастасия Кондратьева 15-ші орынмен аяқтады. Қазақстанға зарыға күткен ең бірінші алтынды алып берген Алина Райкова, тіпті... жарыстан шығып қалды. Ондай қызық та болады екен! Қазақстан құрамасының оныншы күнгі қоржынға салған 11-ші алтын медалінің бар сыры мен жыры осылай болып түйінделді! Өткенде жазғанымыздай, Анна Шевченко туралы жақсы мағынада айтсақ, шынында да бұл сары қыз «шаршамайды» екен! ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадада бір өзі мойнына бес медаль тақты. Бір алтын, бір күміс, 3 қола! Шаңғымен жүгіруден өткен 15 шақырымдық масс-стартта ең алғашқы күнгі бәсекедегі сияқты Аннаның жолын әдеттегідей ресейлік бәсекелестері Лилия Васильева (алтын) мен Анна Нечаевская (күміс) кесті. Ерлер арасында бұл қашықтықта бірінші орынды француз спортшысы Жоути Баптистеге берген Роман Еремин күміс, Антон Пантов қола медаль алды.Корея шорт-трекшілері шаңға көміп кетті
Қазақ жанкүйерлерінің жарыс басталған алғашқы күннен күткені шорт-трекші жігіттердің жарысы мен алтыны еді! Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының мұз айдынында 1500 метрлік жарыста барлық медальды кореялық спортшыларға беріп қойған қазақстандық спортшылар келесі күнгі 500 және 1000 метрлік айналымдарда жүлде салады деген үміт болған. Спортшылармыздың уәделері жанкүйерлердің бұл ойымен үйлесетіндей жөні бар. Жастар арасындағы чемпионаттар мен Әлем кубогы кезеңінің жүлдегерлері Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишаның, Нұрберген Жұмағазиев пен Айдар Бекжановтың шеберлігіне сенгендейміз. Алайда, кореялық шорт-трекшілер қандай қашықтыққа болса да жол талғамайтындықтарын бірден көрсетті. Өткен жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) қаласында Әлем кубогының кезеңдік жарысында 500 метрлік жарыста алтыннан алқа таққан Абзал Әжіғалиев Алматыдағы 500 метрлік жарыста күміс медальды қанағат тұтты. Шүкір! ...Сағатына 50 шақырымдық жылдамдықпен құстай ұшқан Нұрберген Жұмағазиев мәре сызығын бірінші болып қиып өткенімен, дисплейге бас алмай үңілген төрешілер қазақ шорт-трекшісін ойын тәртібін бұзғаны үшін жарыстан шығарып тастады. Бұл Нұрбергенге екі күнде жасалынған екінші өте қатаң ескерту. Нұрбергеннің айдындағы жолы осылай кесілді. Финалдық жарыста 1000 метрге жүгірген Айдар Бекжанов пен Денис Никиша үмітімізді ақтай алмады деуге келмес... Жарысты тәп-тәуір бастаған жітіттеріміз соңғы айналымдарда кореялық екі спортшыдан қалып қойды. Денис қолаға қол жеткізді, Айдар 4-ші орында қалды. Алдымызда – 5000 метрлік жарыс.Қолдағы алтын қолаға қалай айналды?!
Шорт-трекші қыздарымыз 500 және 1000 метрлік қашықтықта жүгіруден жүлдесіз қалды. Алайда, 3 мың метрлік командалық эстафетада төрт елден қатысқан әрбір 4 спортшы сайысында біздің Мәдина Жанбосынова, Ким Лонг А (Әлия), Анита Нагай, Анастасия Крестова абырой болғанда, қола жүлдеге қол жеткізді! Міне, қазір ерлер арасындағы 5000 метрлік жарыс басталып кетті. Жасырмаймыз, үмітіміз – алтын! ...Алдымызда 39 айналым бар. Қазақстан шорт-трекшісі Абзал Әжіғалиев әдеттегідей 4-ші орында сынаптай сырғып келеді. Орта шеңберде дайын жүрген эстафета қолдаушылары да жан-жағын жіті қадағалап, жүгіріп дем беруде. Өте мұқият болмаса, эстафеталық бұл ерекше жарыста қолдағы бардан қас-қағым сәтте айырылып қалуымыз мүмкін. Жігіттеріміз әзірге өте жинақы. Міне, басталды... Соңғы айналымдар. Жанкүйерлерге де жел бітті! Зал ішіндегі айқайдан құлақ тұнады. Біздің жігіттер үшінші позицияға шықты! Жарыс шиеленісе түсті. Алдымызда 10 айналым... Жігіттер құстай ұшты! Эстафетаны қабылдаған бойда соңғы айналымға шыққан Нұрбергенді қытай спортшысы иықтан қақты. Нұрбергеннің тағы да жолы болмағаны ма?! Қап! Төрешілер ұзақ кеңесті! ...Көш бастап келіп ақтық сәтте Қазақстан шорт-трекшілері үшінші орында қалды. Төрешілер шешімі осындай. Дайын мәзірге әзір бола қалған Қытай шорт-трекшілері ойламаған жерден бірінші орынға шықты. Екінші орын – Ресейде. Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Денис Никиша, Нұртілек Қажғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев тобы Қазақстанды үшінші орынға көтерді. Корея спортшылары тәртіп бұзғаны үшін жарыстан шығарылды. Қолда тұрған алтын қарап тұрып қолаға айналды да кетті... Әттең, әттең! Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ