«Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 19 қаңтардағы №12 санында Ауыл мұғалімінің ахуалы» атты мақаланы көзіміз шалды (авторы – Темір Құсайын). Бұл мақала ұстаздар қауымына үлкен ой салды.
Шындығында, әлеуметтік мәселесі шешілмеген мұғалім қалай алаңсыз еңбек етеді? Еңбекақы көлемін арттыру мемлекет қазынасына қиынға түссе де, әлеуметтік жағдайына қарайласуға болар еді. Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы кезінде ұстаздар қауымының мәртебесі де, тұрмыс-тіршілігі де жоғары болды.
Мәселен, мұғалімдерге ай сайын 44 квт/сағ. электр энергиясы, сондай-ақ, жылына 5 тонна көмір берілетіні есімізде. Осы ретте еліміздің отын мен энергетика орталығы саналатын Павлодар облысы аумағында жергілікті білім саласының қызметкерлеріне жоғарыдағы әлеуметтік жеңілдіктер мен көмектерді ұсынса әжептәуір серпіліс туғызар еді.
Тағы бір өзекті мәселе, кезінде Павлодар облысының мұғалімдер білімін жетілдіру институты жанынан педагог мамандардың денсаулығын түзеуге бағытталған «Ағарту» атты профилакторий болып еді. Аталған орталықта мұғалімдер кәсіподақ арқылы тегін ем-дом алатын. Яғни, білімін жетілдіру курсына барған мұғалімдер қауымы денсаулықтарын да түзеп қайтатын. Қазір бұл мекеме жекенің қолына өтіп басқа салада қызмет көрсетеді. Ал бүгінде орталыққа білімін жетілдіруге барған мұғалім екі апта, кейде бір ай уақыт бойы пәтер жалдап, жатын орын іздеп жүруге мәжбүр болып отыр.
Жуырда Білім және ғылым министрлігі жаңа форматта оқыту бағдарламасын қабылдап, мұғалімдерді түрлі курстарда оқытуға Үкіметтен қыруар қаражат бөлініп жатқанын жариялады. Осы арада әлгі қиындықтарды есепке алып, тиімді шешудің жолдарын қарастыру керек деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, ұстаздардың зейнеткерлік жасы да қайта қарауды қажет етеді. Мысалы, жұмысы қауіпті әскерилер мен ішкі істер органдары қызметкерлерін 45 жасында зейнетке шығаратыны белгілі. Сол сияқты мұғалімдер қауымының да жұмысы жеңіл емес. Олар күнделікті физикалық және психологиялық тұрғыдан ерте қажитын мамандық иелері. Яғни, мұғалім қызметін саралап, арнайы зерттеулер жүргізіп, қорытынды жасайтын уақыттың келгені анық.
Абай ИКЕШОВ,
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев атындағы орта мектептің
биология және химия пәндерінің мұғалімі
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Жаңажол ауылы