08 Ақпан, 2017

«Ашық әкімдік» облыста алғаш рет өткізілді

113 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ғимаратында 300-ден астам тұрғын «Ашық әкімдік» қабылдауында болды. – Облыс әкімі Алтай Көл­гіновтің тапсырмасы бойынша мұндай шара бізде алғаш рет өткізіліп отыр. Бүгінгі жүздесудің тәжірибесін ескеріп, алда да мұндай ашық қабылдау күндерін ұйымдастырамыз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов. Үш сағатқа созылған қабыл­дау бүгінгі қоғамның ең бас­ты сұранысын да анық көр­сетті: облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен облыстық жер қатынастары басқармасына жолығу үшін келушілер ұзын-сонар кезекке тұрды. Кейін мәлім болғандай, кеңес алуға келген 311 адам­ның 58-і облыстық жер қаты­настары басқармасына, 43-і облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасына, 20-сы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қармасына, 16-сы денсаулық сақтау басқармасына, 13-і құры­лыс пен жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бас­қар­масына жолыққан екен. Бұл шараға барлығы 34 мекеме-ұйым бас­шылары мен мамандары қаты­сып, халықпен тікелей жүз­десті. Орал қаласының әкі­мі Нариман Төреғалиевтің өзі түрлі мұң-мұқтажы, арыз-ша­ғымы бар қала­лықтармен бет­пе-бет кездесіп, олардың көп­­теген сұрағына жауап бер­ді. – Менің ұлым он жылдан бері пәтер кезегінде тұр, өзімнің жер кезегіне тіркелгеніме 13 жылға аяқ басты. Балам денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Міне, жеті жылдан бері отбасымен, екі баласымен пәтер жалдап тұрады. Бүгінгі кездесуден үй кезегі жеткенін естіп, қуанып тұрмын. Қала әкімі биыл көп қабатты 7 үй құрылысы басталғанын айтып отыр. Жал­пы, мұндай ашық есік, тіке қабылдау ұйымдастырылғаны өте дұрыс болды, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Гүлжан Меңдіғалиева. Мемлекеттік органдардың тұрғындарға көрсететін 172 қызмет түрі болса, 2016 жылы Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдар 2,2 млн мемлекеттік қызмет көрсеткен екен. Оның 281 мыңы электронды түрде, 58 мыңы ХҚО арқылы атқарылған. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ