09 Ақпан, 2017

Қала сәулетіне селқос қарамау керек

214 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
  Бүгінгі күні Ақтөбе аймағында құрылыс-монтаж жұмыстары кеңінен қанат жайып келеді. Биыл бұл салаға қосымша қарқын қосу белгіленген. Соның ішінде жыл аяғына дейін барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы көлемі 650 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның бірінші кезегін Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі салымшылары қаражаттары есебінен бой көтеретін несиелік тұрғын үйлер кешені құрайды. Сондай-ақ, биыл өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жалдамалы тұрғын үйлер салу ісіне де баса көңіл бөлінген. Ал коммерциялық мақсаттағы тұрғын үй құрылыстары бұл бағыттағы үшінші кезекті құрайды. Оның денін биылғы жылдың тамыз айы­на дейін аяқтау ұйғарылған. Бұдан өзге білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет пен спорт салалары бойынша атқарылатын құрылыс жұмыстары да ауқымды. Мұның бәрі ең алдымен сәулет үлгілеріне және алдын ала жа­сал­ған құрылыс жобаларына сәйкес келу керек­тігі талас туғызбайды. Жоғарыда аталған құрылыс жұмыстарының басым бөлігі облыс орталығының үлесіне тиеді. Ақтөбе жыл сайын өсіп-өркендеп, ажары атқан таңдай ашылып келе жатқан шырайлы шаһар. Бүгінгі мақсат оның тұрғындарының санын табиғи және ішкі көші-қон есебінен өсіру болып отыр. Бұл әлеуметтік-демографиялық міндеттің іске асуына құрылыс жұмыстарының да тигізетін оң әсері бар. Биылғы жылдың басы Ақтөбе қаласына өзінің тағы бір жақсылығын ала келді. Ақтөбе қаласының бас жоспары қайтадан жаңғыртылып, Үкімет қаулысымен бекітілуі алдыңғы пікірі­міздің айғағы. Ендеше, республиканың батыс өңіріндегі ірі де іргелі қалада тұрғызылатын сан алуан нысандар бас жоспар бастауынан тамыр тартып жатса игі. Бұл ретте республикамыздағы қала әкімдерінің қаулысымен құрылатын сәулет, қала құрылысы кеңестерінің тигізетін септігі мен көмегі де көп болмақ. Рас, «Сәулет, құрылыс және қала құрылысы туралы» заңда мұндай сипаттағы кеңестер құру қарастырылмаған. Әйтсе де, қала құрылысына қатысы бар түйінді мәселелерді өзара кеңесіп әрі ақылдаса отырып, тиісті органдарға ұсыныс әзірлеу аталған кеңес қызметінің басты парызы болып табылады. Әлбетте, кеңесіп пішкен тон келте болмайды емес пе?! Әйтсе де, Ақтөбе қаласында қала құрылысы кеңесінің қызметі ешқандай сын көтермейді десек, шындықтан алшақ кете қоймаспыз. Соңғы уақытта оның жұмысына сылбырлық пен селқостық, енжарлық және бірсарындылық пен жаттандылық тән болып жүргені де ешкімге құпия емес. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қала құрылысы кеңесінің құрамына бірінші кезекте кәнігі әрі кәсіби мамандарды, сәулетшілер мен жобалаушыларды тартуға көңіл бөлгенде сөз жоқ, мұндай құрамдағы кеңес мүшелері құрылыстың басты әрі негізгі тараптары бойынша тұрғызылуына оң ықпалын тигізе алатынына ешқандай күмән да болмас еді. Бүгінде не көп, әртүрлі бағыттағы құрылыс нысандарына тапсырыс берушілер көп. Біз мұны айтқанда оларды көпсініп отырғанымыз жоқ. Бұл әрине, игі нышан. Бұған қуануымыз және қолдауымыз керек. Әйтсе де, олардың жасаған жобалау-сметалық құжаттары мен сараптамаларының бәрі бірдей мінсіз болып келе бермейтіні өкінішті. Егер мұнда негізгі нысан мен қосалқы құрылыстарға қойылатын талаптар ескерілмесе, сөйтіп оған салғырт қараудың салдарынан бұл құжаттар бекітіліп кете берсе ертең оның соңы үлкен өкінішке ұрындырмасына кім кепіл? Қала құрылысы кеңесі мүшелері ұсыныс-пікірлерінің қажеттілігі мен өзектілігі де осында. Ақтөбе қаласында осындай сындарлы сәтте кеңес қызметінің қожырап, іс-қимылдың нашарлап кетуін немен түсіндіруге болады? Жауапсыздық па, салғырттық па? Әйтсе де, көңілге бір медеу тұтарлық жайт, мұны Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың өзі де мойын­дап отыр. Ендеше, ол алдағы уақытта кеңес қызметіне жаңа серпін беруге ықпал жасайтынына сенгіміз келеді. Қала құрылысы кеңесі өз атауынан көрініп тұрғанындай, кеңесші орган. Сондықтан да біреулерге нұсқау беру, қисық кеткендерді тәртіпке шақыру құзырына кірмейді. Дегенмен, ортақ іс орайында олардан ойлы ұсыныс-пікірлер түсіп жатса, оны олжа емес деп айта алар ма екенбіз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше