Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжан Жамалов пен Сапархан Омаров Ақтөбе облысындағы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесіп, Президент Үндеуі мен Жолдауында қойылған міндеттерге байланысты әңгімелер қозғады.
Бірінен соң бірі іле-шала Қазақстан халқына арналған биылғы жылдың бұл екі қабырғалы құжаты бірін-бірі толықтыра түсуімен құнды. Оның біріншісі Қазақстан қоғамын саяси тұрғыдан жаңғырту және демократияландыруды одан әрі тереңдетуге арналса, Жолдауда негізінен елімізді экономикалық тұрғыдан жаңғырту ісіне баса көңіл бөлінген.
Оның басты жолы жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету болып табылады. Бұл қалпақпен ұрып ала қоятын оп-оңай іс емес. Сондықтан да Мемлекет басшысы оны экономикалық өсімнің жаңа моделін құру арқылы іске асыру міндетін қойды. Мұның өзі республика өңірлеріне де тың әрі соны серпін беруге тиісті деп тұжырымдады өз ойларын Парламент депутаттары. Осылайша Үндеу мен Жолдаудың маңызы мен атқаратын рөліне терең талдау жасаған биліктің заң шығарушы тармағының өкілдері бұдан кейін кездесуге қатысушылардың сан алуан сұрақтарына жауаптар қайтарды.
Айталық, дүниеге жаңа келген сәбиге екпе жасаудан бас тартқан ата-ананы заң жүзінде жауапқа тартуға бола ма деген сауалға Аманжан Мәкәрімұлы: «Бұл мәселе халықаралық конвенция нормаларынан қашық кетпеуі керек. Ал мұндай жағдайда заңға сәйкес шаралар қолдану қажеттігі қарастырылмаған. Сондықтан бұл арада ата-аналармен жүргізілетін түсінік жұмыстарына басымдық берілуі керек», – деп жауап қайтарды.
Сондай-ақ, елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамуы неге кенже қалып отыр деген мәселеге Сапархан Кесікбайұлы тарапынан: «Елімізде мұндай кідіріс бар екені рас. Дегенмен, республика Үкіметінде белгіленіп отырған кейінгі шаралар оны біршама реттеуді көздейді. Бұл бағытта шағын және орта бизнес өкілдері үшін біршама жеңілдіктер қарастырылған. Ең бастысы, қазіргі күні жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша шығарылатын тауарларды қайткенде бәсекеге қабілетті етуге болады деген мәселелер ойластырылуда», – деген түйін жасады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ