10 Ақпан, 2017

Қазақ киносын қалай насихаттап жүрміз?

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шынында, біз қазақ киносын қа­лай насихаттап жүрміз? Оның кө­рі­нісін, нәтижесін қалай білу­ге бола­ды? Соның бір айнасы – өңір­лер­ден жазда оқуға түсуге келетін жас­тар­­­дың білім-білігі деп ойлаймын. Олар­­­дың жауаптарынан қазақ ки­но­­сының жер-жердегі насихатта­лу деңг­ейін бажайлау қиын емес. Әрине, ең алдымен, үміткерлердің қазақ ұлттық кино өнерімен, әде­биет­пен, жалпы өнер мен мәдениетпен қан­шалықты таныстығы сарапқа са­лы­­нады. Сондағы бір байқағанымыз – жас­тардың дені дәл сол жылы неме­се үш-төрт жыл бұрын жан-жақты жар­на­ма­ланған заманауи фильмдер мен әр­тістерді телесериалдардағы рөлі, сұхбаттары, болмаса бағдарламаларға жиі шақырылуы арқылы ғана бі­ле­тін­дігі. Бірақ, қазақ киносы тек осы фи­льмдермен және актерлермен ғана шек­т­елмесі белгілі ғой. Бұл – жыл сайын қайталанатын көрініс. Сол сияқты биыл да үміткерлердің қандай фильм­дер мен әртістер жайында көсіле ша­ба­ры бесенеден белгілі. Соңғы екі-үш жылда отандық ки­­но дегенде, жастар тарапынан «Абай­лаңыз, сиыр», «Сәбина келін», «Ауыл­дан қашу. Махаббат операция­сы» сияқты тағы да басқа бірқатар ком­мерциялық фильмдер туралы өте көп естиміз. Әрине, олардың дені дер­лік «Рэкетир», «Жаужүрек мың ба­ла» мен «Шал» фильмдерін атайды. Мұндайда көрерменнің заманауи қазақ фильмдері жайындағы (онда да барлығымен емес) ой-пікірлері, отандық өнердің көпшілік назарынан тыс қалмауы қуантады. Бірақ, алаңдататын жайттар да аз емес. Мысалы, жастарымыз тек осы аталған бес-алты фильм мен сондағы таны­мал актерлерді, режиссерлерді бі­лу­­мен ға­на шектеліп қалмаса екен дейсің. Тіп­ті кей жағдайда фи­льм­дегі ак­терлерді та­ны­ғанмен, ре­жис­сер­ле­рінің атын атап, тү­сін түстеп бере алмай жататыны – қа­лыпты жағдай. Бұл да – ойланарлық мә­селе. Кейінгі өскелең ұрпақ Фарида Шә­ріпова, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Әмина Өмірзақова тәрізді майталман шеберлерді көп біле бермеуі мүмкін. Бір жағы оларға бұл үшін кінә тағу да қиын. Тоқсаныншы жыл­ғы ұрпақ олардан гөрі Баян Есентаева, Әсел Сағатованы жақ­сы таниды. Елубай Өмірзақов, Кенен­бай Қожабеков, Кәукен Кенжетаев, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Жамбыл Құдайбергенов, Әнуар Боранбаев, Нұрмұхан Жантөрин есімдерімен ете­не таныс болмағанмен (кейде тіпті естімеген де болып шығады), есе­сіне Нұртас Адамбай, Нұрлан Қоянбаев, Әнуар Нұрпейісов, Фархат Әбді­рай­ымовтың кейіпкерлерімен же­те таныс десек, артық айтпаймыз. Жастардың кумирлері жас өнер иеле­рі­нің арасынан ғана табылады. Осыған қуану керек пе, әлде алаңдау қажет пе? Классиктерден әрине, Шәкен Аймановтың есімін (кейде Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықовтың есімі аталып қалуы мүм­кін. Бірақ, мұндай жағдай өте сирек кездеседі), фильмдерден – «Қыз Жібекті», «Менің атым Қожаны», «Алдар көсені», «Тақиялы періштені», «Ата­ман­ның ақырын» атайды. Бірақ, «Қыз Жібекті» Шәкен Айманов түсірді», «Амангелді» фильмінің сце­на­рийін Бердібек Соқпақбаев жазды, ал басты кейіпкердің рөлін Амангелді Имановтың өзі сомдады» деген жауап­тар­ға жаныңыз жабырқамай тағы тұра ал­май­тыныңыз анық. Рас, мұндай таяз­дыққа сәл кешіріммен қарай салу біз үшін түк емес, бірақ өзінің ұлттық өнерінен бейхабар жан кейін маман болып жарыта ма? Қысқасы, бүгінгі жастарға қазақ ұлттық кино өнерінің айнасы іспетті қарауға тура келеді. Сондықтан не істемек керек? Басылымдарда, сондай-ақ, «Қазақстан», «Хабар» сияқты мем­ле­кет­тік телеарналар мен радиодан қазақ ки­но­сының өткені мен бүгіні туралы то­лығырақ мағлұматтар беріліп отыруы қажет. Мемлекеттік деуіміздің себебі, бұлар еліміздің көптеген өңірлері мен алыс ауылдарға тарайтын бірден-бір ақпарат айдынының көз­дері емес пе? Сол алыс ауылдар­да ертең қазақ киносына келетін бо­ла­шақ талантты кинематографистер өсіп келе жатуы әбден мүмкін ғой. Ал, әлгіндей насихат жүргізудің тә­сілдері олардың адасып кетпей, кино­ға деген сүйіспеншілігі мен ын­тасының артуына едәуір ықпал етер еді. Тым құрығанда, ұлттық өнердің өткені мен бүгінін қатар та­нып-білулеріне септігін тигізер де­ген үміт­теміз. Сондықтан қазақ өнері, со­ның ішінде кино туралы жүр­гі­зі­ле­тін жүйелі, салмақты, байып­ты наси­хат – ұлт руханиятының ма­ңызды қа­дамдарының бірі екенін еш­қашан ұмыт­пағанымыз абзал.

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты