Сыртқы істер министрлігінде «Жаңа мүмкіндіктер» бағдарламасы аясында «Қазақстан–Қырғызстан қатынастары: тарихы, қазіргі күйі және даму келешегі» тақырыбында брифинг өтті. Оған Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Айымдос Бозжігітов қатысты.
Тарихи тамыры бір, мәдениеті мен дәстүрі ортақ Қырғызстан Қазақстанның сенімді серіктесі әрі әріптесі. Айырқалпақты ағайын да өз тәуелсіздігін осыдан 25 жыл бұрын алды. Содан бері түбі бір қырғыз жұрты Қазақстанмен қанаттаса жүріп, тығыз байланыс орнатып келеді. Ширек ғасыр бедерінде қос мемлекетте бірлескен кәсіпорындар ашылып, жол салынды. Соның нәтижесінде жақын көршімен алыс-беріс те, барыс-келіс те артты. Әрине, қос тарап арасындағы ынтымақтастықтың дамуына ең алдымен, мемлекет басшылары деңгейіндегі келіссөздердің, екіжақты келісімшарттардың, түрлі деңгейдегі кездесулердің ықпал еткені анық. Мәселен, бүгінгі күнге дейін Қазақстан Президенті қырғыз жұртына 27 мәрте сапарлапты. Мұндай жоғары деңгейдегі келіссөздердің аясында екіжақты әріптестікті одан әрі дамыту және нығайту тетіктеріне ықпал ететін негізгі құжаттар қабылданып, көптеген маңызды келісімдерге қол қойылды.
Егер 2016 жылы Қырғызстан әлемдік сауда қауымдастығының 138 елімен сауда-экономикалық жағынан байланыстар жасаса, олардың ішінде 131 елмен – импорт, 82 елмен экспорт бойынша әріптестікке қол жеткізген екен. Ал бұл мемлекеттердің қатарында Қазақстан да тұр. Бір ғана мысал. Мәселен, Қырғыз Республикасының Ұлттық статистикалық комитетінің мәліметтері бойынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 2015 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артып, 2016 жылы 746,6 млн долларды құраған. Оның ішінде Қазақстаннан шығарылған экспорт мөлшері 563,9 млн доллар болса, қырғыз ағайын жақтан елімізге ағылған импорт көлемі 184,7 млн долларға жеткен.
Брифинг барысында сөз алған Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Айымдос Бозжігітов екіжақты әріптестіктің деңгейін айқындай түсетін мұндай оң көрсеткіштер мемлекеттер арасындағы байланыс беки түсуіне негіз болатынын жеткізді. «Қазақстан және Қырғыз республикаларының ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан шынайы достығы мен тату көршілігі екі елдің жоғары деңгейдегі саяси үнқатысуының негізі болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым еліміздің Қырғызстанның жақын көршісі ғана емес, сенімді серіктестерінің бірі екенін айтып келеді. Демек, біздің елдеріміздің арасында күрмеуі шешілмеген ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Яғни, қазіргі таңда әлемде қалыптасып отырған күрделі саяси-экономикалық жағдайды ескере отырып, екі елдің өзара қарым-қатынасы тек екі жаққа да тиімді болуын мақсат тұтуымыз керек.
Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Президенті қазақ-қырғыз ынтымақтастығына айрықша мән беріп келеді. Бұған 25 жылдың ішіндегі жоғары деңгейдегі сапарлар, келісімшарттар мен келіссөздер дәлел», деді А.Бозжігітов. Сонымен қатар, ол бүгінде халықаралық және өңірлік мәселелерге қатысты саяси үнқатысу бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасында ешқандай да келіспеушілік пен қарама-қайшы көзқарас жоқ екеніне айрықша тоқталып өтті. «Біз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ секілді беделді ұйымдар аясында көпжақты ықпалдастық байланыс орнатып келеміз. Яғни, қос тараптың ұстанымы да, бағыты да ортақ және ұқсас. Мәселен, Қырғызстан 2009 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне, ал былтыр БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына орай қолдау көрсетті», деді Төтенше және өкілетті елші.
Бұдан кейінгі кезекте Айымдос Бозжігітов Қазақстанның Қырғыз Республикасының жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі екеніне тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, тәуелсіздік алған жылдардан бері Қырғызстанның сыртқы тауар айналымында Қазақстан тұрақты түрде үшінші орынды иеленіп қана қоймай, қазіргі таңда қырғыз ағайынның лидерлік позицияда тұрған шетелдік инвесторларының бестігі қатарында да тұр екен. Мәселен, бүгінде қырғыз экономикасына қазақстандық тараптан құйылған инвестицияның жалпы көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларынан асып түсетін көрінеді. Қазақстаннан көрші елге ағылатын инвестиция көлемі түрлі салаларға пайыздық өлшеммен алғанда былайша бөлінеді: инвестицияның 60 пайызы – қаржы секторына, 12 пайызы – ауыл шаруашылығына, 10 пайызы – тау-кен өндірісіне, 8 пайызы – су-энергетикалық секторға, 5 пайызы – туризм саласына, 3 пайызы – құрылысқа, 2 пайызы сауда-саттыққа бағытталған.
Бұған қоса, бүгінде қырғыз жерінде 300-ге тарта бірлескен кәсіпорын жемісті еңбек етіп жатса, олардың арасындағы кейбір компаниялар 100 пайыз қазақстандық капитал есебінен өз қызметтерін жандандырып келеді. «2016 жылы екі ел компаниялары 300 млн теңгені құрайтын келісімшарттарға қол қойды. Өткен жылы сондай-ақ, Қазақстаннан Қырғызстанға негізінен астық және астық өнімдері, локомотивтер мен вагондар, құрылыс материалдары, азық-түлік, тұрмыстық химия, телекоммуникациялық құрылғылар секілді тауарлар экспортқа шығарылса, ал Қырғызстан Қазақстанға сүт өнімдері, көкөніс және жеміс-жидек, сондай-ақ қағаздан және картоннан жасалған бұйымдарды экспорттады», – деді өз сөзінде елші.
Әрине, қазақ-қырғыз арасындағы әріптестік байланыс тек мұнымен түгесілмейді. Қос тарап әріптестігі көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен әдебиет, туризм, су-энергетика салалары бойынша да біте қайнасқан. Мәселен, трансшекаралық өзендер – Шу мен Талас ауыл шаруашылығына қажетті су ресурстарының негізгі қайнар көзі болып тұр. «Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы ең алдымен, су ресурстарына тікелей байланысты екенін білеміз. Шу мен Талас өзендері бассейндерінің маңайында 3 миллионнан астам тұрғын қоныстанған. Сондықтан, су ресурстары бассейнін басқару бойынша екі ел алдына қойылған тиісті талап-міндеттерге сәйкес, трансшекаралық өзендер ресурстарының теңгерімді бөлінуін қамтамасыз ету керек», деді Төтенше және өкілетті елші.
Брифинг соңында Айымдос Бозжігітов мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру үшін мүмкіндіктер жеткілікті екенін айтты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»