13 Ақпан, 2017

«Жерұйықтың» әншілері қайда жүр?

875 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тоқсаныншы жылдардың басында Шолпан жұлдыздай жарқырап шыққан бұл топты бүгінгі жастардың көпшілігі білмеуі де мүмкін. Бірақ сол кездегі аға буын өкілдері олардың әуелете шырқаған әндерін әлі күнге ұмытқан жоқ. Сағынады, іздейді. Бұл «Жерұйық» ансам­блі еді. Кезінде өнерімен Шығыс өңірін ғана емес, күллі Қазақ­станды тәнті еткен ансамбль мүшелері қазір қайда жүр? ...80-жылдардың аяқ кезінде Зайсанда жүрген Марат Қондыбаев, Есбол Кирчибаев, Бауыржан Зейнеш, Қанат Зака­рьянов сынды жүрегі өнер деп соққан жігіттер бір күні Катон­қарағайға тойға барады. Сол сапарда ауданның сол тұстағы басшысы Жанымқан Құндызбаевпен кездесіп, өнерге жанашыр азамат сол жерде өнерпаз жігіттерге «құда» түсіп, сонда қалу­ларын өтініпті. Содан не керек, төртеуі тәуе­­келге бел буып Алтайға келе­­ді, жұмыспен, баспанамен қамтылады. – Катонқарағай жер жәнна­тындай көрінді маған. Сөйтіп, табиғатымен байланыстырып, то­бымызды «Жерұйық» деп атау­ды жөн көрдік, – деп еске алады сол шақтарды сазгер Марат Қондыбаев. Осылайша, 1989 жылы «Жер­ұйық» тобы өнер әлеміне жол тартады. Әуелі Катонқарағайда тұсаукесер концерттерін өткі­зіп, 1990 жылы Өскеменде ұйым­дастырылған «Восток» атты ән байқауына қа­тысады. Сахнаға 15 минуттық «Не­вада-Семей» музыкалық компо­зиция­сын алып шыққан топ мүшелері қазылар алқасын тәнті етіп, 1-орынды иеленеді. Бұдан соң Пав­лодарда өткен республикалық байқауда топ жарады. – Сөйтіп, тобымыз өңірге ғана емес, Қазақстанға таныла бастады. «Қариялар», «Сағыныш», «Алаш», «Құрбым-ай» сынды әндеріміз сол кездің хитіне айналды. 1990 жылы «Азия дауысы» фестиваліне өтініш жібердік. Алғашында музы­калық аспаптарда ойнауымыз түсініксіз деп қабылдай қой­мады. Стиліміз түсініксіз болған к­өрінеді. Өйткені, біздікі этнофольк поп еді, – дейді топтың бұрын­ғы мүшесі Бауыржан Зей­неш. Арада аздаған уақыт өткеннен кейін Алматыдан «Азия дауысына» шақырту келеді. Ән байқауы­на Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Тайланд, Сингапур, Украина мемлекеттерінің өнер­паздарымен қатар, біздің елден «Ассалаумалейкум» атты топ қатысады. Катонқарағайдан келген жігіттер әуелі Есбол Кирчи­баев­тың «Алаш» әнін, одан соң «Қараторғайды» акапелламен орындайды. Төрт жігіттің мерейі бұл байқауда да үстем болып, халықаралық өнер бәсекесінде 3-орынды иеленеді. Шалғайдағы алыс ауданнан келіп, Алатау баурайын дүр сілкіндірген өнерпаз жігіттерді фестивальдан кейін Роза Рымбаева мен Тас­қын Оқапов арнайы келіп құт­тықтап, ізгі тілектерін айтады. Ай­тып қана қоймайды, Алматыда қалу жөнінде ұсыныс білдіреді. «Қазақконцертке» жұмысқа ша­қырады. Алайда, топ мүшелері туған жерлеріне қайтуға асығады. Тоқсаныншы жылдары Шығыс жұртын ғана емес, күл­лі Қазақстанды өнерімен мойын­датқан топ мүiелері бүгінде еліміздің әр аймағында тіршілік кешіп жатыр. «Жерұйық» тобына жетекшілік еткен Марат Қондыбаев Астанада сазгерлікпен айналысып жүрсе, Қанат Зака­рьянов пен Есбол Кирчибаев Алматыда тұрып жатқан көрінеді. Топтың тағы бір мүшесі Бауыржан Зейнеш Өскеменде театрда музыкант болып қызмет атқарады. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН