13 Ақпан, 2017

Рикки Хаттон: Жақиянов – менің мақтанышым

106 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
WBA және IBO нұсқалары бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы Жанат Жақияновтың бапкері Рикки Хаттон бірер күн бұрын өткен жекпе-жек жайлы ой бөлісті. Бұл туралы sports.kz хабарлады. «Жанат – менің мақтанышым! Екеуіміздің жаттығып жүргенімізге бірнеше жылдың жүзі өтті. Оның чемпиондық атаққа қол жеткізетініне сенімім мол болды. Бұл менің Константин Цзюге қарсы айқасым сияқты өрбіді. О бастан-ақ, Уорренді жылдамдығы мен талантының арқасында жеңбейтінін әрі алғашқы раундтарда есе жіберетінін білген едім. Бірақ қарқынынан таймай, осал тұстарын өзіне тиімді пайдаланып, лайықты жеңіске жетті. Бірінші раундта болған жайтқа біз қарсы ешнәрсе істей алмадық, алайда, бұдан кейін қолданған тактикамыз жүзеге асқанына қуаныштымын. Чемпиондарға лайықты жұдырықтасқанының арқасында міне, титулдарына қол жеткізді», – деді Хаттон. «Боксшылық ғұмырымда төрт дүркін чемпион болған едім, міне, енді чемпионның бапкері әрі промоутері болып отырмын. Мұндай дәрежеге жету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Командамызда Майк Джексон және Блэйн Юнис секілді майталмандар бар. Көп ұзамай олар да чемпион атанады деп үміттенемін», – деді Жақияновтың жаттықтырушысы.