Білім және ғылым министрлігіне қарасты Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат оқушыларының күшімен қойылып, тыңдарманды тамсандырған таңғажайып концерттің куәсі болдық. Оқу орнының орналасқан жері де керемет. Асқаралы Алатаудың баурайы, көз тартар Көктөбенің қойнауы. Дінмұхамед Қонаев салдырған, аспанмен астасқан телемұнараға созсаң қолың жеткендей.
Қазақстанның барлық облыстарынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» делінетін дарынды балалар 7-сыныптан кейін іріктеліп, республикалық комиссияның сынынан өткен соң, осы оқу орнына қабылданып, 8-сыныпты жалғастырады. Мынау, басынан аяғына дейін Мұқағали Мақатаев музасына арналған концерт, сол сыннан сүрінбей өткен дүлдүл шәкірттер шаттығына, Алматыда өткен дүниежүзілік Универсиада қуанышы және қосылып, сосын тойға сауын айту деп Сәбит Мұқанов айтқандай, үстіміздегі жылы мектеп-интернатқа 60 жыл, соған да кіріспе тәрізді керемет келісім тапқан көркем көрініс болды. Шартараптан ата-аналар шақырылыпты. Құрметті қонақ ретінде Қазақстан журналистикасының ардақты ақсақалы Мамадияр Жақып бастаған үш қайраткердің біреуі мен болдым.
Сонымен, сахнада көктем гүліндей құлпырған, өңшең өрімдей ұлдар мен қыздар. Төрге Мұқағалидың жарқын бейнесі ілінген. Жыр әнге, ән биге, би күйге ұласқан тамаша көрініс бастау алып, қарқыны үдей түсті. Құрманғазы мен Абайдан соң, Мұқағали бүгінде ұлтымыздың асқақ ар-ожданына, рухани төлқұжатына айналды. Дуалы ауыздарда, күмбірлеген күй көкіректерде, сыршыл сахналарда, теледидар мен радио толқындарында – Мұқағали! Ол, Мұқағали ақынның, Алла тағала берген, былайғылар қол жеткізе алмайтын қайталанбас дарын-құдіреті. Міне, осынау құлашың жетпейтін құдірет қамалына батылдық танытып еркін ене білген жас өркендер талантына мың алғыс! Олар кезек-кезек жыр оқығанда, сызылтып ән салғанда, мың бұралып би билегенде, сахналық қойылымында мінсіз мизансцена, анық дикция, ансамбльдік үйлесімділік айқын аңғарылды. Мұның атын «шеберлік!» дейміз. Ал ол шеберлік қайдан келді?! Әрине, ұлағатты ұстаздарының жүйелі дәрісінен, өнегелі тәлім-тәрбиесінен. Сосын, өздерінің тынбай, жан-жақты ізденгіш қабілеттерінен. Жалпы, бұл мектепте оқу-тәрбие жұмысы өзгелерге үлгі боларлықтай дұрыс жолға қойылған. Педагогикалық дәстүр қалыптасқан. Бір жылдық жоспарды нақтылап бекітіп, сыныптарға жетекшілері арқылы таратып, шығармашылық ойланып-толғануға, еркін самғауға толық мүмкіндік туғызады екен. Нәтижесі айтарлықтай. Жемісі мол, жеңісі зор болатыны сондықтан. Бұл әдістеме семинарға келетін мектеп директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері арқылы республика бо-
йынша таратыла бастапты. Ендеше, дарынды балалар білім алатын Абай атындағы республикалық мектеп-интернат «Мектептердің Меккесі!» деп мақтан тұтуға әбден тұрарлық. атақты композитор Кеңес Дүйсекеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі – осы оқу орнының түлектері. Білім алып шыққан үш генералдың біреуі – ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы Әділ Шаяхметов, өзінің 60 жылдық мерейтойын «Алтын Ұям!» деп, осы мектептен бастап, альбом сыйлапты. Жүзден аса ғылым докторлары өмірге жолдама алған.
Бұл мектептің күй өнеріміздің тағдырына жете мән беріп келе жатқанын естен шығаруға болмайды. Білікті басшы Мұхтар Ботабайұлы министрлікпен келісіп, күйді пән ретінде оқытуда. Жасыратыны жоқ, бірыңғай қуып тарту етек алып кеткендіктен, күйдің халі қазір мүшкіл жағдайда. Алайда, жаңағы концерт, өз шымылдығын мектеп домбыра оркестрінің орындауында Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйімен ашты. Табиғилықты танып «Шүкір!» дестік.
Менің Мұхаңмен дос болуыма себепші болған да оның күйді терең түсінетін қасиеті. Осы концерттен қанаттанғаным соншалық, сөзін белгілі ақын Қорғанбек Аманжол жазған: «Ұлы Дала елі!» деген әнімді Абай мектебіне арнауыма тура келді. Зал тебіреніп кетті.
Он жыл бұрын осы мектептің 50 жылдық торқалы тойының құрметті қонағы болғанмын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен-ді. «Қазақстан-Нұрсұлтан» күйімнің шыққан кезі еді, томағасын сол салтанатта сыпырдым. Сөйтіп, өзімнің де шынайы серпіліп, тыңдарманның да тыңайып сергігенін сезіндім. Сол сәтте сахна төрінен: «Мектеп аты – Абай, директоры – Мұхтар»! дегенім есімде...
Шәміл ӘБІЛТАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор
АЛМАТЫ